Байрағым желбіреп, үзілмес асқақ ән Байрағым желбіреп, үзілмес асқақ ән
Көгедай ШӘМЕРХАНҰЛЫ 1985 жылы Шығыс Түркістанның Алтай елдімекенінде туған. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. Қазір Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Жамбыл... Байрағым желбіреп, үзілмес асқақ ән

Көгедай ШӘМЕРХАНҰЛЫ

1985 жылы Шығыс Түркістанның Алтай елдімекенінде туған. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. Қазір Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің баспасөз хатшысы болып қызмет етуде.

Туған жер

Жапырақтай ұшып жетем мен саған,
желден де ауыр үмітпен,
Қорқамын дағы жолымнан қалам,
өзіңде туған күдіктен.
Бал-бала дәурен қырқада қалған шыбықты
ат қып мініп кел,
Сағыныш бүгін санамды алды-ау бақыттан
бұрын іліккен.

Ақ қайың мүсін сұлу керімдер қалжыңға
басып қоятын,
Қырандар аулап шүйіліп көктен
ақ қояндарға тоятын.
Шақшасын қағып жирен мұрт атам күреңді
байлап қоятын,
Қонағы келсе алыстан іздеп бір қойын арнап соятын.

Айранын алып апам келетін қорғасындай
қою ұйыған,
Кеңде емес өлке, пейілде кеңдік Алланың
берген сыйынан.
Аядай ғана адал ауылдың жарасқан көркем келбеті,
Жауқазындармен жайнап тұратын,
баратын бастап жол шеті.

Аспанға шөккен бура бұлттардың көз жасы
тамбай өтпейтін,
Найзағай жігіт қамшымен осып жайлауға
қарай беттейтін.
Аспандағы ай да ғашық болатын Алтайға
қала жетпейтін,
Үліңгір мен Ертіс қос бұрым еді көрген жан
қиып кетпейтін.

Әппақ қысыңды сағындым дала екі көздің
жасы моншақтап,
Армандар билеп кеттім алысқа бұрылмас
болды жол соқпақ.
Туған жер сенде жүруші едік қамсыз
«Кенежирендей алшаңдап»,
Ата жұртқа ат басын бұрдым қалуым үшін
ар сақтап…

Қазақ қалай орыстандырылды
(Мекмемтас Мырзахметовке)

Дала байтақ, пейілі сондай кең еді,
Төңірегі төрт құбыла тең еді.
Алты қанат ақ боз үйі барында
Қайран қазақ қайсы ханнан кем еді.
Күші емес, бір Алла еді сенері,
Ырыс қонған содан болар себебі.

Салқын самал қоңыр дөңнен есетін,
Өмір жолын кеңесумен шешетін.
Қара атанға жүгін артып малшылар,
Қара қоспен көктемеде көшетін.
Жазығында мал мыңғырып даланың,
Жыныс орман, жасыл шөптер өсетін.

Түйе боздап, қойы қоздап қорада,
Оғылан елдің өмірі құт болатын.
Қара қазан, сар баланың тілеуі,
Түс мезгілде апам етін салатын.
Ит басына май төгілер заман ед,
Саумал қымыз сары сабадан ағатын.

Төрімде кең ата-ана жайдары,
Қызықты еді сәбилердің ойнауы.
Баяшат ел табиғатын айтқызбай,
Жеткізетін самаурынның қайнауы.
Ат ағашта сүлік мүсін сәйгүлік,
Ағытылған қозылардың байлауы.

Кешкі мезгіл, шұбат, қымыз буыңды ап,
Атам шерткен домбыра үні қоңырлап.
Іргедегі айна-көлге ол кезде,
Аққу-қаздар қонатын-ды мамырлап.
Түрлі құстар жататын-ды шуылдап,
Көл толқыса қайта ұшатын пырылдап…

Тентек, толық ағалар да етжеңді,
Шам түбінде кеңесетін өткенді.
Отқа жаққан қидың иісі жұпарлап,
Иісіне мас қылатын бөктерді.
Өтірік, ұрлық, араздасу болмайтын,
Рухсыздық жеңе алмайтын текті елді.

Міне, осындай думан болып жататын,
Күн де қимай ұясына бататын.
(Аттың басқан батпақтағы ізіне,
Сары шымшықтар жұмыртқалап жататын).
Түнде айдың сорғалап сүт сәулесі,
Жаздың таңы ал ертерек ататын…

ІІ

Мамырстан бұл заманға қызығып,
Жауыздардың ниеттері бұзылып.
Түлен түртіп соқыр дауыл құтырды,
Сырттан кірді аспан көзді құбыжық.
Қаймана ел есі кетіп егілді,
Омырауы көз жасына жуылып.

Келе сала кең далаға сұқтанды,
Артық көрді ақ орданы жыққанды.
Бауырына басты олар бұққанды…
Аластады зұлымдығын ұққанды.
Ана тілді жоғалтпақ боп алдымен,
Оққа тықты ел серкесін ұлтжанды.

Тілді қорлау, ділді қорлау дегендік,
Жерді жаулау намысыңды төмен қып.
Реңіңді айналдырып өзіне,
Мәңгүрт қылып тастамақшы керең қып.
Тарихтан зорлықпенен өшіріп,
Жерді алып құртпақ болды көшіріп.

Кең далаға алдыменен қол салды,
Қол салса да аямастан мол салды.
Ақ боз үйдің жылан ойнап төріне,
Жез бұйдалы көш керуенін қаңтарды.
Екі досты бір-біріне қайрап сап,
Туғызды олар нелер сұмдық дау-шарды.

Билеп-төстеп тілді жоймақ болды олар,
Мәдениет жазуды алды бұрмалап.
Қара түнек аспанды бұлт торлады,
Көзден жасы аналардың сорғалап.
Мал сойғаннан оңай болды оларға,
Егер кенет бас көтерсе бір қазақ.
Заманының тақиясы тар болды,
Ішер суға, жейтін асқа зар болды.
Отаршылар ойранының сыйы осы,
Тау шағылып, байрақ құлап қор болды.
Сыртқа ауып қоңыр аңдар ағылып.
Жерде қақпан, ал аспанда тор болды.

Сұрау-жылау болды адамдар ермегі,
Сетінеді кіл намыстың өрнегі.
Азғындардың бағасы артып асылдан,
Сойылдарын оңға-солға сермеді.
Ұлтым деген жанды өзекке тепкілеп,
Тірі апарып қара жерге жерледі.

Енді тыңда жетер болса дәрменің,
Сарғайтты олар есілдерін зәуренін.
Тарихтың қайнаған бұл қазаны,
Шақырғам жоқ жағасына әуренің.
Мекем ағай жазған кітап ой салды,
Сұм заманның елестетіп аз-кемін.

Жалқы күшік, жетім бала қу тегеш,
Терезеден бір үзім нан сұрап тұр.
Ақыл айтар ағалар да жоғалған,
Шойын қолдың салмағына құлапты ұл.
Тыржалаңаш күпісінен тоналған,
Сәби-қазақ қайыр тілеп жылап тұр.

ІІІ

Жо…жо…жоқ!
Ол сәбидің көз жасына гүл өнер,
Қара таулар, қалғымаңдар, түрегел.
Күннен туған екендігі шын болса,
Басын иіп қаншалықты жүреді ел,
Атқа қонса намысына от беріп,
Айтпасам да арғы жағын біле бер.

Кер заманның жарып шығып құрсағын,
Күліп туды шығысынан күн сағым.
Жетім күшік арлан болды ер жетіп,
Бастырмайды жат табанға жусанын.
Елді өзіне қарататын кез келді,
Мешеулікті көрге жерлеп бір сарын.
Күннен туған аспан түсті байрағы,
Әр қазақтың намысының айғағы…

Эпилог

Киесі нұрдан, Алла сақтаған,
Қасиетті еді менің сақ бабам.
Тектілігі дүр намысы асқақ,
Жетімді жылатып, жерін сатпаған.
Көгімде қыран еркін қалықтап,
Байрағым желбіреп, үзілмес асқақ ән.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *