ЗАУАЛ ЗАУАЛ

ЗАУАЛ

26.04.2015 0 2 227

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ 1939 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы Аюлы баурайында туған.  Қарағанды педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген. Мектепте, аудандық оқу бөлімінде «Білім» қоғамында, аудандық... ЗАУАЛ


Кәмел ЖҮНІСТЕГІ

1939 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы Аюлы баурайында туған.  Қарағанды педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген. Мектепте, аудандық оқу бөлімінде «Білім» қоғамында, аудандық «Замана» газетінде қызмет еткен. «Дос көңілі», «Көне хикая», «Құба белдері» трилогиясының, «Тар заман» спектаклінің авторы.

Күн желемік. Құйрықтының жотасындағы кісі сүрінер қалың көдені баяу тербеп келіп, аяғыңа оралған баяу жел еркелеген секілді.
Құдды ұясынан алып асыраған күшік тәрізді. Бұл ауылдың аты да Құйрықты. «Құйрықтының құйқасына семірмеген малға май құйсаң да мал болмайды» деп мақтанатын бұрынғылар. «Әй, қайдам» деп аласа орындығын сықырлата қозғалды Сары. Совхоздың заманында егістікке деп тілім-тілімін шығарған жердің құйқасының қызығын жел көріп, ендігі қалған тас пен топырағын ит иіскемейтін арамшөп басқан. «Әй, қайдам…».
Сары туғанына он күннен асқан күшіктің аузына шәй қасықпен сүт тамызды. Көкала күшік керіліп-созылып, анда-санда денесі дір ете қалып, өмір мен өлімнің арасында жатыр. Мана бір-екі рет қыңсылағандай болған. Сары сонысына қуанып, көңіліне медеу тұтқан. Сонан бері жарым сағаттан асты, күшікте үн жоқ.
Сарының көңілі алай-түлей. Осы жұрт қайтеді-ей, а? Күрк-күрк жөтеліп, бүкіл денесі салдырап, зорға жүріп бара жатқан трактір аяқ қолы басқан сайын сықырлап, кеудесін сүйреткен көксау шалды еске түсірді. Осы жұрт үкімет құлап, оншақты үйдің ортасына бір трактір тиіп, «техника» алдық десіп мәз болып, алғашқыда жер жыртқан болды. Онысынан сепкен дәнін алмады. Сонан соң оны да қойды. Енді еркіндікті еріншектікке айырбастап, бір жамбастап жатып өсек айтып, карта ойнап қырылысып мәз.
«Осы жұрт қайтеді-ей» деп басын көтерген Сарының назары сонау өзен жаққа барып қалған малға ауды. Ауылдың қойы бір кезек, сиыры жеке бағылады. Сірә, сиыр… бүгін бағынсыз кеткен-ау. Осы өзеннен Сары ес білгелі ауылдың малы су ішуші еді. Оны енді біреу меншіктеп алыпты. Әлгі аудандағы жер бөлімін басқаратын Қылау дегеннің біреу қалтасын толтырып, өзен бойын пышақпен турағандай кесіп алыпты. Енді оны өзгертетін заң жоқ дейді. Әй, осы заңды қате десе ғой. Әй, шіркін, жекеменшікке кеткен жерді баяғы байдың малын алғандай тәркілесе ғой. Қайда барып күн көреді бұл қазақ.
Осы жұртқа не болған, ә? Сары өлмелі ала күшіктің аузына тағы бір қасық сүт тамызып еді, әлсіреген күшік жұта алмады. Көрші ақысы құдай ақысы деп, көршісін бауырынан артық көретін қазақ енді бірін-бірі көре алмасқа көшіпті, көзін қызғаныштың оты басыпты. Жақсы малы түгілі тәуір итін көре алмау деген не сұмдық.. Мұндай пәлекет қайдан жұқты қазаққа. Анау қанден-панден, орыстың әлде шүршіттің овчаркасы, не ит емес, не мысық емес пәлелерге ешкімнің қастығы жоқ. Өріп жүр, бала-шағаға үріп жүр. Апырым-ай, осындай тексіздікті қалай өрбітіп барады. Кешегі бабалары көрсе бұл пәлекеттерді үйіп-төгіп бір шұңқырға тастатар еді. Ендігісі мынау. Әнебір ауылдасы Майауызға «мынаны қайтесің итті бүлдіріп» десе, ол «үреді ғой, үреді қораға» деп масайрайды. Өзінде жалғыз сиырдан басқа тышқақ лақ жоқ. Е, тәңірі, осы ауылдың иті ме тексізденіп кеткен, әлде адамы ма?
Бар пәле Әділбектен келді. Сонау күні батыстағы Орал қаласынан телефон соққан. «Сәке, мына батыстағы қазақ қазақтың тазы деген иті бар, ол түлкіні де, қасқырды да алады деген сөзіме сенер емес. Тазы бұл жақта құрып кетіпті. Бірер күшік беріңіз маған. Асырайын, бұл жаққа да тұқымын таратайын» деген. Әділбектің қолқа салатын жөні бар. Сонау жылы осы үйге арнайы келіп, Сырттанды көріп кеткен. Қасқыр алатын тазыдан үміті бар талай ел жақсыларының Сарының көкала тазысынан күшікті қалап алып жүргенін де білген. Әділбектің тілеуі ақ. Бірақ…
Елдің өтініші көбейіп кетті-ау деп Сары Тәуіржанның осы маңайда аты шығып жүрген қаншығына Сырттанды ұйытқан. Бес күшік туды. Мұның екеуі Әділбекке, біреуін аудандағы ағасы, қалған екеуін Тәуіржанмен бөліспекке шешкен. «Маған төрт күшік» деп бір ауылдасы шықты, «ол, ынсапсыз екен, маған екеуін берсең жетеді» деп тағы біреуі келді. Сұраушы көбейді, тапқаны бес күшік. Күшіктердің болашақ иелерінің жөнін білгеннен кейін басқалары шырт-шырт түкіріп, томсырайып тарасқан. «Бұларға бермегеніңіз дұрыс болды. Өткен жылы менен екеуі күшік алып сатып жіберген. Құлқынын тескен қу ақша» деп Тәуіржан күлген. Алғашқыда ұясынан шықпаған ақ қаншық апта өткен соң ескі әдетімен ауыл аралап кең жүрді.
– Ақ қаншық өлейін деп жатыр. – Ентігін баса алмаған Тәуіржан таңғы шәйдің үстіне келді. – Қыр-қыр етеді, қиналып.
Тәуіржан маңдайының терін сүртті. Тізе бүгіп, наннан ауыз тиген. Жайсыздау хабарды естіп Сары да қипалақтап қалды да, тезірек кесесін төңкеріп, асығыстау бата қайырып, Тәуіржанның соңына ілескен. Аққаншықтың аузынан ақ көбік ағып, аласұрып жатыр екен. Шарасынан шыққан көзімен алая қарап, керіліп-созыла берді.
– У беріпті ғой, мынаған, – деді Сары.
– Енді не істедік?
– Сүт құйдың ба?
– Жағы қарысып қалыпты, бармады.
Қызғаныштың қызыл итіне мінгендер Аққаншықты мүрдем жіберді. Енесінің сүтінен уланған күшіктер де серейіп қалған еді, солардың ішінде кеудесінде жаны бар көкала күшікті алып келіп Сары бағып отыр. Оның да жағдайы кетіп бара жатқан сияқты.
Осыны айтамын деп кеше ағасынан сөз естіді. Енді қайтесің. Ішіндегі құсасын інісіне төкпесе оны естір құлақ азайған. Осы күнгі жұрттың құлағын қатынының ызыңынан бұрын күндіз-түні шулаған әне-бір дәлдүріш ән бітеп тастап, санасын жеп қойған. Әлгі Гитлер сұм алып Ресейді қалай билейсің дегенде: «Е, ол оңай, санасына ой салмайтын, есесіне есі кете есіріп билейтін музыканы күні-түні азынатып қоямын. Сонда орыс та, басқа да өзінің кім екенін ұмытады» деген екен. О, сұм заман! Осы жұрттікі не, ә?
Жетпістен асса да ит жүгіртуден қалмаған, онысын қазақтың өнерін ұрпаққа үлгі ету деп түсінген ағасына Сарының жаны ашиды.
– Тазы құрып бара жатыр, – деп зар илейді ағасы.
Онысы рас болса керек. Алтай мен Еділдің арасын алып жатқан қазақтың елінде жүз сексен ғана таза тазы қалды деп жазды бір жанашыр. Анау Орал жақтағы Әділбектің тазының бір күшігін сұратып жатқаны да сол құрдымға кеткенді құтқарудың амалы шығар. Өзі былтыр Бұхар жырау мен Қазыбек би аудандарын аралаған. Шіркін ай, аты әлемге кеткен Қазыбек би ауданында тазының тұқымы қалмағаны ішін қан жылатқан. Қазақтың Ұлытауында да тазы жоқ дейді, сонда қалай болғаны бұл, ә?
Желбегей жамылған шапанының етегі санын сабады. Сары енді ғана байқады, таңертеңгі желемік азынаған желге айналған. Күнде осы. Күн көтеріле ертеңгі тыныштық елдің шаңырағы мен шатырын жұлқылаған дауылға ұласады, ышқынып кеп үрлейді. Осылай болғанына соңғы бес-алты жыл. Бұрын да шілдеде еріне билеген аласа жаяу құйын болушы еді, оны қызық көріп бала-шаға тамашалаушы еді. Енді ол да жоқ. Азынаған жел нәрін төккісі келген бұлтты құтырына айдап кетіп жатыр. Жұрттың айтуына қарағанда мұның бәрі әлгі көкті тілгілеп апта сайын ұшырылып жатқан ракетаның салдары. Аспанға тыныштық бермеген соң оның да адамға деген мейірімі сөніп бара жатыр дейді.
Осы ауылдың бөрік кигені азынаған желден құтылудың өзі неше амалын тапқан. Бала-шаға малға ие, қазан қайнататын қатын бар. Бұларға қарап тұрған ештеңе жоқ. Ендеше келін-кепшіктің қабағы қырыстанбаса көрші-қолаңдарының бәріне кіріп, шәй-күйіне ортақтасып қысыр әңгіме сапырғанға не жетсін? Осы жұрт өзіне бақ қонды деп есептейді-ау. Бақыттың қандай екенін бабаларынан естіп қалуға құлағы керең болыпты. Енді өздерінше түсінген «бағы» ана Майауыздың кемпірімен құрдас «тхника» … ентікпеге ұшыраған трактор.
– Уһ, Алла-ай, – деп қалды Сары.
– Е, не болды сонша уҺілеп, – деген Райханның дауысы естілді. Байқамапты, желкесінде тұр екен.
– Мынаны…, – деп денесі діріл қағып жатқан ала күшікті нұсқады.
– Е.., – Райхан «Қайдан білейін?» дегенді иығын қушита көрсетіп, теріс айналып кетті.
Қайран Арқаның тазылары-ай. Шашақты құлан, жүнді балақ, салқы төс жүндестеу Арқа тазысына не жетсін. Түстік жақтың тазысы тыңырлау, бітімі де шағын қоянтүлкілік қана ғой. Сарының көзі етбетінен сүзіп, аяқтарына иек сүйеп, көзін жалқау ашып қарап жатқан Сырттанға түсті. Түбі баланың білегіндей құйрығын созып тастап, Сарының ала күшікке дамыл-дамыл сүт бергенін жіті қадағалап жатыр. Аққаншық өлгеннен бері өзінде маза жоқ. Тәуіржан аққаншық пен күшіктерін ауыл сыртындағы шұңқырға апарып тастаған еді. Сырттан сол жерден табылды. Сол маңға жақындап барған малды түре қуып тастаған. Өлген күшіктерді көруге барған ауыл балаларына да ырылдап айбат шегіп жолатпады.
– Кет! – деп бір бала тас атқан. Сырттан топырақ боратып, ырылдап, тап беретіндей көрінді.
– Ойбай, қапты.
– Қаш! Қаш!
– Көзі қанталаған. Иттен сескенгеннен балалар ауылға қайтты. Сонан Сырттанның үйге бет бұрып, келе жатқаны бүгін. Мұндағы кейпі осы: екі көзі ала күшікте.
– Қадіріңді ендігі жұрт білер ме, – деп қалды Сары итінің басынан сипап. Сонау бір жылдары, райком дегеннің гүрілдеп тұрған кезінде ауданның Қоянбай деген бастығы тұқыртып алу ниетімен Жұмекеңе:
– Итсің, — депті.
– Е, итті көрмей жүр екенсің, көжегім. Арқаның салқы төс, жүнді балақ, тазылары қосылап берсе кіруге кеуек таба алмай қаларсың, көжегім, – деген Жұмаділдің сөзі ел арасына ұмытылмас аңыз болып сіңген. Сондағы Жұмекең мақтан тұтқан тазылар осы емес пе, арқа сүйенгені елінің намысын жоқтар текті азаматтар емес пе еді. Ендігі жұрт не болып барады-ей, осы?
Ана Астана жақтағы біраз білікті жігіттер тазы асырай бастапты. Е, бәрекелді – деп оған Сары іштей қуанды. «Бар екенсің-ау, қазақ». Сонан қаладағы баласы қасқыр алған иттерді көрсеткен дискіні әкелген. Тамашалап отырып тағы қынжылды.
– Мынасы несі-ей? – деп қалды.
– О не? – деді немересі.
– Ей, он иттің бір қасқырға жабылғаны несі?
– Қашқан қасқырды шаңғы-шанамен қайырып беріп жүр ғой, – деп қалды қызы Гүлнұр.
– Өздері де қамап тұр, – деп күлді баласы Нұртай.
–Ауыздандырып жүр ме иттерін. Қайырмаламай не болса да еркіне жібермей ме көкжалды. Тап мынаның ішінде бірме-бір айқасып қасқыр алатын итті көре алмай отырмын. Мүмкін қашқан қасқырды қуып жетіп тартатын ит шығар ішінен. Оның жеке айқасуға әлі жетпесе де тартып тоқтатуға батылы жеткені. Ол да мықты ит, – деп Сары ризалығы мен ренішін бірдей жеткізген.
Дискіні көріп отырып, Сарының іші өксіді. Бұл маңның қасқыр алатын тазыларының бастауы патша заманының болыс-билері Ақжан-жаужан, Қарабектерде болған көкқасқыр еді ғой. Бертінде Сарысудағы туысқандарда болған. Өткеннің 70-80-ші жылдары Қайыржан, Әлімжанда Жаңаарқа, Қарқаралы, Ақтоғай өтіп кетті, сайын далада жекпе-жек көкжалдармен айқасқан Ақазу, тұйғындардың арпалысын кім түсіріпті дискіге. Әттең-ай, әттең! Түйғынның айқасып алған қасқырдың сүйегін күтір-күтір сындыра шайнағанын өз құлағымен естіген еді-ау. Ал, аудандағы ағасының иті Таймас үш қасқырмен жалғыз арпалысқанын мына баласы Нұрбай өз көзімен көрген-тін.
– Осы жұрт қасқырға ұмтылатын иттің өзі екі түрлі болатынын айыра алмай жүр. Біреуі тартып тоқтатады, өте өжет, бірақ жеке айқаса алмайды, енді бір түрі жеке айқасып жеңіп алады, – деп қалды Сары өзіне өзі. Дауысымды біреу естіп қалмады ма, – деп жан-жағына жалтақтаған, ешкім жоқ екен. Райхан даладағы пешіне нан пісіріп әлек боп жұр. Әйтпесе, «Әй, өз-өзіңе сөйлеп не болды, ауып кетесің» деуі мүмкін.
Иә, осы жолы ағасынан қатты сөгіс естіді.
– Ауылда не жаңалық, – деген ағасы.
– Шөп өртеніп…
– Оны естігем – тағы не бар дегендей бетіне үңілді. – Бір түнде он үш үйдің қорасын өртеп те аман жүр осы жұрт. Сөйтіп те елге ақыл айтады.
– Сонан төбелесіп, – деп созды Сары.
– Не? – ағасы түксейді.
– Жиенбек өртеген шөбіне кінәліні Еменбайдың жеті жасар жүгірмегі деп, екеуі жүз шайысып, ақыры Жиенбек пе, әлде басқасы ма, Еменбайды басына темір киген таяқпен салып қапты. Сонан Именбайдың туыс-жақыны «кісіні ұрған былай болады» десіп дүрдиісіп, Жиенбайды бала-шағасымен қыран жапқандай сабап…
– Не сұмдық? – деп қалды ағасы.
– Сонан бір қыздың қолын сындырып…
– А? Не деп отырсың? Қатынды қағып жіберді дегенді естіп едік. Қыз баланы… Әй, естерің дұрыс па – ей, сендердің. А? Қазақ қызды «Қыз» деп атамай, «Балам» дейді ғой. Сойылдасып жатқан екі рулы елдің арасындағы қыз бала жүгіріп шықса сойылдарын тастаған. Әй, кәпір болып бітіпсіңдер ғой, а?
Ағасы сойқанның ар жағындағы жалғасын айттырмады. Көсіле сілтіп, қазақы әдет-ғұрыптан да, діннен де елдің айырылғанын айтып, көкірегі қарс айырылды.
– Әй, Құйрықты, бұзылып біттіңдер-ау. Арыз сендерде, төбелестен көз ашпайсыңдар, қыз баланың қолын сындарған ел естімеген сұмдық сендерді, иттің сүтін ағызып қойып «У» беріп ұясымен қырып тастадыңдар. Құйрықты бұзылып кетіпсіңдер-ау. Енді не қалды сендерде?
– Сары ағасының түксиген бетіне жапақтап қарап алды. Көңілге кірбің түскен отырысты әзілге жеңдіріп жібермек болған еді. Жеңгесіне күлімдеп қарап алды да – Құйрық дегеннің өзі тепкі тиюге ыңғайлы жер ғой, – деп сол қолымен жамбасын сипаған. Сол ғой бұзылып…
– Әй, қазақтың тепкі жегені аз ба еді. Кәпірдің тепкісінен көзің енді ашыла бастаған еді, бір-біріңмен сиыспай жасап жатқаның мынау.
Сары ағасының үйінен қашып шыққандай болды. Ауылдағы уақиғаның бүгі-шігесін тегіс айтпағанына қуанды. Әлгі жұмысқа жаңа тұрған милиса баланың төбелесте таяқ жеп қала жаздап өзі жасырынғанын, ауданнан қосымша күш келіп төбелесті басқаны тіліне оралмағанына шүкіршілік етті. Оны естісе ағасы қақ бастан таяқпен салып жіберетініне күмәні жоқ-тын.
Азынаған жел өңменінен өтіп барады, қымданғансыды. Ышқынған жел жазғытұрымнан қалған дымды да онан кейінгі бірер жаңбырдың суын да біржола кептіріп бітті. Өткен жылы шабылған шабындық қу тақыр десе болады. Бірер қарасына сүйеніп отырған мынау ел енді қайтеді. Көрші ауыл тасаттық берген екен.
– Оу, не істеп отырсың. – Көршісінін тап жанына келгенін бірақ білді.
– Отырмын.
– Ім. Тағы біраз министірді ауыстырыпты, – деп көршісі білгішсінді.
– Е, мейлі. Ол түгілі премъері де кетті ғой.
Ала күшіктің денесі діріл қағып барып тоқтады да, езуінен кіп-кішкентай тілі сыртқа шықты. Бір тіршілік иесі дүниеге келмей жатып адамның кесапатына ілігіп, жарықпен қоштасты. Сары қолындағы таяқтың ұшымен күшікті әрірек сырғытып тастаған. Сырттан да тұрып әрірек кетіп, көкке мойнын созып ұлыды. Даусы қарлығыңқырап барып, қайта созды.
– Мұндайы жоқ еді, мұнысы несі, – деді денесі тітіркенген Сары.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *