БУДДАНЫҢ ҚАЙТЫП ОРАЛУЫ БУДДАНЫҢ ҚАЙТЫП ОРАЛУЫ
Всеволод ИВАНОВ 1895 жылы туған. Ұлты орыс. Өздігінен білім алып, мұғалім болды. «Қасиетті түнде» атты тұңғыш әңгімесі 1915 жылы жарияланды. Ол 1916 жылы М.Горькийге... БУДДАНЫҢ ҚАЙТЫП ОРАЛУЫ

Всеволод ИВАНОВ

1895 жылы туған. Ұлты орыс. Өздігінен білім алып, мұғалім болды. «Қасиетті түнде» атты тұңғыш әңгімесі 1915 жылы жарияланды. Ол 1916 жылы М.Горькийге хат жазып, оған бірнеше әңгімесін жібереді. «Антон ата», «Ертіс бойымен» шығармаларына жазушы жоғары баға береді.
Жиырма алты жасында көркем сөздің таңдаулы шебері аталған Всеволод Иванов «Көгілдір құмдар», «Будданың қайтып оралуы», «Тігінші Фокиннің басынан кешірген кереметтері», «Өзім туралы әңгімелер», «Экзотикалық әңгімелер», «Иприт» романы (В.Шкловскиймен бірлесіп жазған), «Ерекше құпиясы», «Оқшау үй» және т.б. әнгімелер жинағы. Кейінгі кезеңдерде бейбітшілік, соғыс, тарихи тақырыптарға арналған көптеген әңгімелер, публицистикалық мақалалар жазған. «Бородино даласында», «Максим Горькиймен кездесулер», «Берлинді аларда». «Ломоносов» пъесасын, «Біз Үндістанға барамыз» романын жазған. Шығармалары бірқатар елдердің тілдеріне аударылған.

Бірінші тарау

Пештің үстіндегі бақырашты шеткерірек қойып, ағашты пештің ортасынан асыра көмейлете тастау керек, сонда от жалыны пештің бетін аса қатты қыздырмайды да, картоп дәл он алты жарым минутта балқып піседі. Картоптың қабығын аршымай бірден жеп қойып, қалған ыстық сумен беті-қолды, сосын ыдысты жуып алу керек.
Профессор қолын енді ғана суға салып, жанға жайлы жылылықты сезінгені сол еді – біреу есік қақты.
– Он минут тоса тұрыңыз, – деп айғайлады профессор Сафонов. – Бізде ыстық су тәулігіне жиырма минут қана болады. Мен тезірек ыдыс жуып алайын деп едім.
Ол бір шымшым күлді тәрелкеге жағып, қатты ысқылап жуды. Тездету керек. Есікті тағы қақты.
– Мен дәрігер емеспін, ол жоғарыда тұрады, – деді профессор селдір қасын көңілсіз жоғары серпіп, даусын қаттырақ шығарып. – Мұнда медицинадан түк түсінбейтін аш-арық профессор Сафонов тұрады. Ары қарай өтіп кетіңіз, немесе күтіңіз, егер сізді Шығыс тарихының мәселелері қызықтырса, мен бұл саладан бірдеңелерді білемін, хе, хе!
Ыстық дәмді картоптан кейін аш қарынға ел қонғандай болған профессордың қолы жылы суда. Ол алаңдаулы. Есіктің тарсылы тоқ адамның қаққанындай қатты шығады. Профессор тері тымағы мен тонын киіп, есікке беттеді.
Есік ілгегінің алдына келген ол шынжырды сылдыратып:
– Мархабатты тақсыр, үш-ақ күн болды, ой, кешір, кеше екен ғой, есте тұрмайды өзі, – деді ол ашулана айғайлап. – Сіздердің кісілеріңіз тінтуге келді. Күнде тінтуге жол беретіндей менің пәтерімде жылылық жоқ. Шайтан алғыр-ау, сіздердің қолдарыңызда өкілетті ордер бар ма?
Есіктің арғы жағынан:
– Профессор Виталий Витальевич Сафоновта жеке жұмысым бар еді, – деген баяу, бірақ қатқыл дауыс естілді.
– Менің жеке істерім жоқ, мен ашпын және жалғызбын.
Сөйтсе де, профессор жағасымен мойнын қымтай түсіп, ілгекті ашты.
– Дәрігер келесі қабатта, мархабатты тақсыр, «күте тұр» дедім ғой, неге сонша тоқтамай қағасыз.
– Профессор мырза, менің сізге жолығуым керек.
Үстінде солдат шинелі, басында фуражкасы бар адам профессорға назар аудармастан кабинетке өтті. Шинельдің жеңдері әдеттен тыс ұзын екен, белінде жіңішке жылтыр белдігі бар. Профессор солдатпен қатарласа беріп:
– Адамзат өмірді әлі де ұзартуға тырысады, – деді ашулы. – Күніне бірнеше рет, басқа профессор, дәрігер, бір қабат жоғарыда екенін біле тұра, есік қағады. Олардың тағы емделгісі келеді…
– Үміт қаламұштай қысқа болғанмен, тамаша жол көрсетеді, – деді солдат бетін бұрмаған қалпы.
– Дұрыс айтасыз, үміттеніңіз, ал мен үміттенбеймін және дәрігерге баратын жолды көрсетейін деп тұрған жоқпын. – Профессор кабинеттің есігін тығыз жапты. – Мархабатты тақсыр, мен нені болсын бірден түсінуге дағдыланғанмын. Егер сізді маған картоп пен ұн ұсыну үшін жіберсе – айтыңыз. Бірақ ескертемін: менде тек кітап қана бар. Басқа ештеңе жоқ! Кеше мына мен – академик әрі аса құнды еңбектердің авторы – түнде баркастан (баркас – үлкен қайық. ауд.) тақтай ұрлау үшін Нева бойында жасырынып жүрдім. Мен – теңіз қарақшысымын, мархабатты тақсыр… Барлық қолайлы жағдайда мен ешкіммен сөйлеспей, пальто мен тымағымды шешіп, оқимын және жазамын. Пальтоңыз бен шинеліңізді шешуіңізге болады…
Солдат профессор ұсынған ыдысты еппен қолына алды.
– Кешіріңіз, азамат, мында картоп жоқ, мен оны жеп қойып едім. Қазір ыдыстар жуылуда.
– Ыдыс жуудан менің тәжірибем көптеу, бұл, біріншіден, ал, екіншіден, сіз менен үлкенсіз әрі ақылыңыз көп…
– Сіз маған барлық ақылым үшін бір қап картоп бермес пе екенсіз?
Шинельді адам жылтыр белдігін шешті. Оның ызғарлы бетінде ешқандай өзгеріс болмады. Май басқан көзі тұңғиық.
– Профессор мырза, мен шинелімді шешейін, екі апта шешпеп едім. Менің атым – Дауа-Доржы, мен Тушуту хан аймағынанмын…
– Қысқаша айтыңыз, ал, егер жылынғыңыз келсе, үнсіз отырғанда тез жылынасыз. Тәжірибеме сүйеніп, көйлегіңізді қырық минут шешіп қойыңыз дер едім. Көрдіңіз бе, мен шешіп тастадым…
Профессор, неге екені белгісіз, қатты абыржып, пештің жаппасын мұқият жапты. Профессорды солдаттың шаң басқан әрі ештеңеден тайсалмайтын маңғаз кейпі абыржытып, жидігендей әрі селдір сақалы, жіңішке әрі шиқылдақ даусы күйкі күйге түсірді.
– Ақыл-өнегелік әңгімелерді соғып отыратын уақыт емес қазір, осында келуіңіздің себебін тезірек айтыңыз. Маған керегі – үйдің жылуын ұзақ сақтау, жауынгер азамат.
– Менің осында келгенімдей, қайдан келгені белгісіз, Ху-ху-хотоға, иә, қайдан келгені белгісіз, дәруіш Цаган-лама Рачи-жамго келді, – деді солдат біртүрлі ыңғайсыз жымиып. – Күз болатын. Дәруіш қалада біраз кереметтер жасап, тауға кетіп қалды. Тауда ол, профессор мырза, жайсыз ауа райына тап болды.
– Нағыз ақымақтық! Қайдағы бір дәруіштің тауда жайсыз ауа райына тап болғанын менің неге білуім керек? Дәруішіңе де, ауа райына да түкірдім… Қысқартып айтыңызшы!
– Тауда, құрметті Виталий Витальевич, дәруіш Дангу-ход құздарының жанында сопылық жолмен өмір сүру үшін орналасты және осында заңдарды оқып, адамдарға буддизм қағидаларын оқып-үйренуге көмектесіп және өз рухын жетілдіре отырып, бар уақытын өткізді. Ұрыс-соғыстар оған соқпай өтті… Кешікпей иман шарттарын мұқият орындап жүрген оның қолы әрекетсіз қалды да, қоян жылы…
– Дангу-ход құзының жанындағы шайқас?.. Қоян жылы? Шамамен бір мың алты жүз жиырмасыншы жылы?
– Бір мың алты жүз жиырма жетінші жылы, қымбатты Виталий Витальевич. Мен кіммен сөйлесіп отырғанымды білемін. Мені бастан-аяқ тыңдауыңызды өтініп сұраймын. Ол биыл Тушуту хан аймағының даласында, Баубай-бада-раху тауының етегінде, Усуту-гол өзенінің бастауында биіктігі бес цзянь ғибадатхана салды. Мен Тушуту хан аймағынан болғандықтан, ол – менің отаным.
– Мұны маған білудің мүлде керегі жоқ. Сіз мені жалықтырып жібердіңіз.
– Сопы ламаларға, жауынгерлерге, бақташылар мен барлық жан иелеріне игілік пен жақсылықты сұрау ниетімен Дангу құзында өзін жасырын ұстады және де адамдарға заң мен Будда ілімін игеруге көмектесе жүріп, өзінің қияметті ерлігіне шыдап беріп, осындай ауыр жағдайда жеті жыл өмір сүрді. Ол отыз жылға таяу сырттай қараумен жүріп, Шуно-чжи басшылығының жиырмасыншы жылында қайтыс болды. Оның ең басты шәкірттері Цагай-дайчи, Чакар-дайчи және Эрдени-дайчи оның кельясын (келья – монах тұратын жеке бөлме. ауд.) лайықты құрмет көрсетумен ашып, Цаган-лама Рачи-жамчоның сүйектерін емес, олар онда алтын жалатқан қола мүсін – Будда аталып кеткен бурхан (бурхан – пұт. Ауд.) Сиддарта Гаутаманы іздеп тапқан… Дүниенің мәңгілік қорғаны әрі күллі рақымшылықты жасаушы аса мәртебелі лама Сакьяның жерде үш жүзінші рет оянуы осылай жүзеге асқан…
Профессор ыдысты орнына қойды. Солдат қимылсыз отыр. Жылу кетіп барады, сәлден соң тонды алу керек. Жылы бір күн осылай өтті. Профессор қолын сүртіп тұрып:
– Өте тамаша! Осындай қызықты әңгімеңіз үшін рахмет… – деді абыржи айғайлап.
– Иә, қызықты, – деп шиқылдады солдат.
– Қалай да, егер жақсы кітаптарды ақтарса – бұл аңызды тауып алуға болады. Менің тіпті есіме түсетін сияқты, оны бір жерде оқыдым! Кітаптар менің ойыма азық болып еді, ал енді менің денеме нәр беруде. Мысалы, «Лависс пен Рамбо. Он тоғызыншы ғасыр тарихы», сегіз том! Алтындатқан жазуы бар тамаша қоңыр мұқаба – тиімді сатуға болады. Онда тамаша портреттер мен түкке тұрғысыз мазмұн бар… Немесе мынау көбірек ұнайтын шығар: «Екінші Екатеринаның сарайы». Мен бұл кітаптарды неге сатып алды дейсіз ғой. Менің әйелім болған, ол алтындатқан жазуы бар кітаптарды ұнататын, ол аштық болатынын және революция кезінде тарихқа деген қызығушылық артатынын көріп білді. Міне, енді сіз…
– Тушуту хан аймағының қожайындары, – деді солдат сөзді бөліп, профессордың жүзінен көзін алмай, – Будда мүсінін әуелден тиісті құрметпен сақтады. Оның киімінің жиектері алтын сыммен көмкерілген, тырнақтары да солай безендірілген.
– Өте жақсы, өте жақсы! Бірақ, байқаймын, кітаптар сізге қажет емес. Менде басқадай ештеңе жоқ. Өзіңіз біліңіз. Ал, егер ақшаға десеңіз, картоптың бағасы қанша болады?
Солдатта, шамасы, картоп жоқ болса керек – басын шайқады. Профессор бұл бас шайқаудан басқадай бір зымияндықты байқағандай болды. Профессордың солдатты қуып жіберуі керек шығар, бірақ ол мүмкін ұн бар шығар деп сұрады. Ұн да, нан да жоқ екен. Профессордың жағы дірілдеп, киімін киюге ишара білдірді. Өйткені қырық минуттық жылу аяқталуға жақын еді. Қырық минуттың әлі бола қоймағанын және оған киіміңді ки деумен профессор қуайын деді ме деп түсінген солдат:
– Құрметті Виталий Витальевич, Тушуту хан аймағында менің үш мың бас малым бар, яғни революцияға дейін болған… – деді даусын созып әрі мақтанышпен.
– Ал, қазір тартып алды ғой. Дұрыс істеген! Әділдігіне келсек, бір адам ол қандай төзімді болса да және ойында қандай үлкен жоспарлар болса да, үш мың бас мал ұстайтындай құқығы жоқ. Бұл сонда неше пұт ет болады?..
– Революция от сияқты: бәрін жалмайды, бірақ бітіре алмайды. Алайда, менің малым революция кезінде екі есе көбейді. Оны мен анық білемін.
Профессор есіктің ілгегін асығыс ашты. Сатының төменгі жағынан біреулердің алқына дем алғаны, қақырынғаны, тынымсыз аяқ дыбысы естілді: біреулер жоғары қабатқа бөрене көтеріп келе жатыр екен. Ауа ылғалданды. Лифт қырауланып, ұзын мұз сүңгілер пайда болыпты. Әдейі келіп, қайдағы бір мағынасыз аңызды және Петроградтан он мың шақырым жердегі Моңғолияда үш мың бас малы бар екенін айту үшін де зымияндық керек-ау. Бейшара да жабырқау адамдар!.. Профессор ақымақ моңғолды жұбатқысы келіп:
– Аңызды әсерлі жеткізгеніңіз үшін зор алғыс білдіремін; аштыққа, суыққа және түсініспеушілікке қарамастан, бірден жазып қоямын. Бұл аңыз, әсіресе осы уақытта, ерекше бағалы, солай емес пе? – деді.
Моңғолдың қолы шымыр. Беті қуаныштан алаулап, тез-тез сөйлеп кетті:
– Сіздің келіскеніңізге өте қуаныштымын. Өзім де осылай ойлап едім. Сол тұста, Будда бурханы пайда болған жылы, құмды аймақта нақты күдік туды, бірақ оны біз бірден жойып жібердік. Мені түсінгеніңізге разымын және сізге уәде еткен табынды одан әрі көбейтемін… Жүз басқа және үш әйел, иә, көбейтемін.
– Қай уәде еткен табын?
Қуаныштан жүзі нұрланған моңғол қыраулы сатымен кетіп барады. Оның аяқ дыбысы саңғырлап, ызғарлы естіледі. Иә, кіреберіс сұп-суық! Профессор ой үстінде кабинетіне оралды. Мұнда ол аяғын пальтоның сыртынан көрпемен орап, картоп, ұн және ақша туралы ойлауға тырысты. Алайда, оның ойынан бүгін таңертең ұйқыдан оянғанда елес берген сезім кетпей қойды. Ол өзін жалғыз, дәрменсіз қалғандай сезінді. Рас, бұл сезім қас қағым сәтте өте шыққанмен, өте ауыр тиді.
Үш мың бас мал… бақташы, сірә, өзін жалғыз қалғандай сезінбейтін шығар. Алайда, революция кезінде өзін аман сақтау мақсатында үйде отыру және оңаша болу қажет екендігі анық қой. Егер оңаша болсаң, бар ойың өзіңе ауып, тек өзіңе ғана қам жасайтын боласың. Бұрын қабырға бойы ойын-сауық, филармонияның премьерасы немесе концерттері туралы жарнамаға толып тұратын жерлерде енді халық комиссарлары мен советтердің жәрдем сұрап шақыруларына орын берілген. Ал, іргедегі күртік қар биіктеген үстіне биіктеп, үндеу-шақыруларды жауып қалады. Енді міне қар астында көміліп қалып, оқуға келмейтін үндеулердің деңгейінде омбы қарды кешіп Тушуту хан аймағынан келген моңғол кетіп барады… Ақымақ моңғол! Егер сенің үш мың бас малың болса, онда неге жыртық шинель киіп жүрсің, неге бейтаныс пәтердің есігін қағып, Будданың мүсіні туралы аңызды ойдан шығарып айтасың? Темір пеш жанында жылыну үшін ғана өтірік айтқаның ба? Тіпті көзден ғайып боларыңның алдында: «Ал, мен сізге өтірік айттым, менің отаным Тушуту хан аймағында ешқандай Будда болған емес. Мен ашпын, оның үстіне тоңып қалдым, мен сіздің ыдысыңызда картоп немесе тіпті оның қабығы қалған шығар деп ойладым, өйткені сіздің картопты қабығымен жейтіңізді білмеймін ғой» деуге де батылым жетпегені ме?
Профессор қолда бар картоптың үш күнге жететінін ойлап, көңілінде қанағаттанғандық сезім ұялады. Ал, егер жарты порциядан жегенде бір аптаға да жетіп қалады. Мұның үстіне, аулаға көрші үйден – азық-түлік комиссары тұратын пәтерден бір ит жүгіріп келді… Құрметті азық-түлік комиссары итке тамақ беріп жүр… Жоқ, алаңдамаңыз, азық-түлік комиссарында ешқандай ит жоқ. Ол өзі де аштықтың азабын тартуда, киімі де тозып кеткен …
Профессор моңғолдың өзінің Тушуту хан аймағындағы Будда мүсінін ойдан шығарғанындай жалғыздық туралы ойдан арылу үшін жүгіріп келген итті ойдан шығарды. Буддаға былығып-бықсыған ауыл – Тушуту хан аймағына келуі өте керек еді. Ол жердің суы өлексе сасиды, түйелерін қандала басып кеткен, бақташыларының биті торғайдай, ал Будданың «тырнақтары алтынмен әрленген…» Профессор өзіне-өзі, аңқау да мұңды моңғол Дауа-Доржыға, суып қалған пешке, Петербург көшесіндегі сықырлаған аязға «сені ме» деп баяу сес көрсетті…
Осы кезде тағы біреу есік қақты. Профессор тонын да, тымағын да киместен, қолын ербеңдетіп, есікке тақау келді де, ілгекті ашып:
– Сіздің барып тұрған мылжың ертегіңізді жазатын менің уақытым жоқ! – деді ашулы.
Есік алдында былғары кеудеше мен былғары фуражка киген, жылы жымиған адам тұрды. Ол асқан кішіпейілдікпен:
– Аса құрметті тарих профессоры Сафонов осында тұра ма, білуге бола ма? – деді өте жіңішке дауыспен.
– Менің профессорлығым әлі ешкімге септігін тигізген жоқ. Сонда да маза бермейді. Кішіпейіл болу ешкімге де береке бермесе керек!
– Мекенжай қате жазылмаса, сіз Виталий Витальевич боларсыз. Әйтсе де, сіз кешіріңіз, Виталий Витальевич. – Былғары киімді адам аса сыпайылықпен бас иіп, ұзын пакет алып шығып: – Профессор Сафоновқа, жеке өзіне, жолдас ағарту халық комиссарынан, – деді.
Келген адам жымиды, себебі енді профессордың айғайламайтыны да, дөрекілік жасамайтыны да белгілі. Профессор оған назар салды және де онысы: «Айғайлай аламын, бірақ сені, ақымақты, абыржытпау үшін айғайламаймын. Асқан сыпайылықпен пакетті алып, сыпайылықпен ашамын» деп тұрғандай. Келген адам профессордың ойын түсінді, ол өзара сыпайы болғысы келеді, тіпті қолғабын шешіп, жалаңаш қолымен ілгекті алып, өз кішіпейілділігін білдіргісі келгендей:
– Байқадыңыз ба, далада жиырма бес градус. Бізді машина күтіп тұр, – деді.
Хм, машинамен келген! Профессор Сафонов керек болып, машинамен келгенсің бе? Бір құшақ отын жібере алмаған ба, ал, егер профессор Сафоновтың өлі денесінің үстіне түссеңдер, пакетті кімге берер едіңдер? Профессор пакетті ашулана ашып, өзіне арналған сөздерді емес, қағаз сыртындағы жазуды әдейі оқыды:
– «Қалалардың Бүкілресейлік одағы, өз қатынас қағазына қосымша ретінде, екінші рет ескертеді…»
Былғары кеудешелінің асқан сыпайылығы лезде ғайып болды да, оның ашулы даусы шықты:
– Міне албастылар, саботажшылар, контрреволюционерлер! Мұндайларды төтенше комиссияға жіберу керек, басқа жол жоқ. Маңызды қатынас хатын таза қағазға жазу керек, ал, олар біздің бейшаралығымызды көрсету үшін қалалар одағы бланкінің сыртқы бетіне жазған. Арғы жағын аударыңыз, профессор мырза.
– «Ағарту халық комиссары, 1918 жылғы 16 қараша. Проф. Вит. Сафоновқа. Ағарту халық комиссары азамат Сафоновтан Будда мүсіні туралы мәселессі бойынша бұрынғы граф Строгановтың оңаша үйінде өтетін сарапшылар кеңесіне кешікпей қатысуын сұрайды. Халық комиссары (қолы). Секретарь (қолы)…» Бос сөз, – профессордың даусы қатты шықты, – шындыққа мүлде жанаспайтын қағаз! Маған Будда не керек?! Бүгін екінші рет Будда…
Былғары кеудешелі адам қағазға мұқият қарады.
– Расында шындыққа жанаспайды, – деп келісті ол, – бірақ бұл менің асыққанымнан болды. Қолдары қойылмаған, бәрі бос тұр. Ал, мен қазір қол қоямын, өйткені секретарь менмін. Сия қарындашпен, міне, сосын толығынан дұрыс қағаз болады.
– Ал, Будда… қалай, ол бар ма еді, секретарь мырза?
– Будда? Қағаз болғанда, Будда неге болмайды. Кешіріңіз, мынаны сіздің қаперіңізге салайын деп едім: біздің мына әңгімеміз бос дырду, өйткені бізді тосып тұр…
– Будда?
Былғары кеудешелі профессордың теңдесі жоқ сөз тапқыштығына мәз болды. Расында да, егер Будда күтіп отырса, қайда асығасың. Жоқ, оларды революция заңы күтіп тұр. Профессор енді байқады: халком секретарының фуражкасында сия қарындашпен бес бұрышты жұлдыз бейнеленіпті.
Күн ашық. Айнала қарбалас. Троицк көпірімен иықтарына карабин асынған матростар кетіп барады. Гүрілдеген автомобиль кілт бұрылды… Жалпақ жағалы ұзын тон киген кемпір одан қашып жалт бұрылды. Профессордың басына сан түрлі ойлар келді. Оның бәрін жинап, көңіл көтеру керек, сонда барлық үрей сейілетін болады.

Екінші тарау

Кілемдердің үстіне ескі мата төселіпті. Ол, әрине, кілемдерді кір пималар мен етіктерден сақтамайды, бірақ граф Строгановтар сарайын өте қатты кемсітуді көрсетеді. Кіреберісте сақшы маңғазданып трубкамен темекі тартып отыр, оның етіктері кілеммен оралыпты. Сақшы өткізу қағазын трубкамен және бір саусағымен ептілікпен іліп алады екен. Секретарь, неге мақтана айтқаны белгісіз, сақшы тіпті халком келгенде де орнынан тұрмайтынын айтты.
– Сонда да өткізу қағазын трубкамен ұстай ма?
Секретарь сұрақтың астарын түсінбесе де, профессордың жүрісінде бір жәбір бардай көрініп:
– Енді музей, бұрынғыдай жеке пәтер емес, сондықтан ешқандай кемсітуді таппаймыз, мырза, – деді.
Бұлар неге кемсітуден қатты қорқады? Өздері даурығып сөйлейді. Кір басқан, қар жабысқан терезеден де жалған жарық төгілетін сияқты. Осының бәрі аукционға қатты ұқсайды. Міне, секретарьдың жанына қара шинель киген, бөренедей жұмыр портфель ұстаған адам келді. Ескі пимасы жымырайған, аяғына түскен шарфы еңкіш есіктің пердесін еске түсіреді. Пималы былғары кеудешеліге бірден дүрсе қоя берді:
– Сіз ылғи, Дивель жолдас, іс-әрекетті дұрыс үйлестірмейсіз! Жаңа маған телефон соқты: Будда туралы мәселе ағарту халық комиссарының емес, ұлттар істері комиссариатының ісі дейді. Олай болса, сіз де, ағарту халкомы да маған керек емес. Мұнда ұлттар халкомы немесе оның орынбасары кепіл болуы керек.
– Демек, сіздіңше, Анисимов жолдас, мен профессорды алып келуге Выборг жаққа босқа барғанмын ба? Мен өзімді кемсітуге жол бермеймін, менде әдептілік жоқ емес, бірақ осы қиындыққа қарамастан мынадай арамдық…
– Тоқтатыңыз, Дивель жолдас!
Дивель жолдас көзін алартып:
– Мен онда жиналыс үшін жауапкершілікті сенен аударамын. Мен… бітпейтін бір ведомстволық дұшпандық… Мен! – деді шіңкілдей айғайлап.
Ол профессордың қолын қатты қысып, кешірім сұрады да, бір қателік болғанын, өзі ұлттар комиссариатының сарапшы профессорларды іздейтін курьері еместігін хабарлады. Профессордың үйге қайтуына болады. Қалай үйге?.. Анисимов профессордың жеңіне жармасты. Дивель басқа қолынан ұстады. Профессор үлкен басын кіші етіп жымысқы жымиды. Дауласушылар оның жымиысын түсінсе де, бәрібір жеңін босата алмады. Ақыры Анисимов портфелін лақтыра салып, телефонға жүгіріп келді.
– Алло. Комендатура? Сөйлеп тұрған сарай коменданты Анисимов. Тыңдаңыз! Немене? Иә, иә. Мен, мен!.. Қазір Дивель мен профессор Сафонов барады, міне қалай, енді профессор кіреберісте нұсқау болғанша ұсталсын, ал, Дивель босатылсын, ол керенау қайда кетсе, онда кетсін!
Дивель қайтып оралып, Анисимовке мүлде түсініксіз, жәбірленіп айғайлады. Олар тағы дауласты; комиссариатқа телефон соқты, машина талап етті. Профессор креслоға отырды. Жиһаз, перделер, кілемдер – бәріне жаңа нөмірлер жапсырылыпты. Шынында музей. Көрші бөлме, сірә, кеңсе болар, ол жақтан темекі түтіні білінеді, машинка тарсылы естіледі. Сол бөлмеден қолында жүні алба-жұлба қой терісінен тігілген тымағы бар Дауа-Доржы шықты. Оның пайда болуы профессордың зәрлілігін сәл арттырғаны болмаса, таңданған жоқ.
Дауа-Доржы дауласушыларға:
– Халком орынбасары машинамен шықты. Ол Дивель жолдасқа басқаруға олақтығы үшін және Анисимов жолдасқа әбігершілігі үшін, әлде керісінше ме, ұмытып қалдым, сөгіс беруді жеткізуді сұрады, – деді жай ғана.
Дауа-Доржы беті бүлк етпей өтірік айтып тұр, секретарь мен комендант оған аңырып қарап, үнсіз қалған. Дауа-Доржы креслоның қалқанына отырып, профессордың бетіне тура қарап:
– Мен Будда тарихына тағы тыныштық орнатушы храм туралы әңгімені қосуды ұмытып кетіппін, – деді. – Бұл әңгіме анағұрлым кейінгі уақытқа қатысты болса да, Будда бурханы маңындағы оқиғаларға тікелей қатысы бар. Мынаны айтқан жөн: Тушуту хан аймағы…
– Тушуту хан аймағы жоқ. Ол бір мың он екінші жылы өртеніп кеткен және содан бері қалпына келтірілмеді, – деп, професор өзі де күтпеген жерден өтірік айтып жіберді.
– Менің білуімше, оны осы жылы көктемде қалпына келтірді, – деп Дауа-Доржы да бірден өтірік жауап берді. Сосын сәл үнсіз қалды да: – Бұл қалпына келтірудің де Будда бурханы төңірегіндегі оқиғаларға қатысы бар, – деп нықтап қосып қойды.
Профессор енді ол өзі, Виталий Витальевич Сафонов, революциялық шабыттылықта әсерленуде еместігін, оның парықсыз әрі ауыр ойға берілетін уақыты аз екенін, оның жұмыс істеу керектігін, революционерлер басып алған барлық сарайды аралап шыға алмайтынын, тезірек үйге кетуін айту керектігін түсінеді. Мұны байыпты түрде айту керек, ал Дауа-Доржы оны сөзсіз босатады. Дұрысырағы, бұлтартпас бірдеңені ойдан шығару керек, сосын профессорды босатады. Алайда, осылардың орнына профессор тымағын басыңқырай түсіп:
– Иә, Будда бурханы маңындағы оқиғалар мен үшін анықталған үстіне анықтала түсуде, – деді көп мәнмен баяу ғана.
Дауа-Доржы креслодан әрі кетіп, басын иді. Бетінде өзгеріс байқалмады, көзі жайнап кетті.
– Мен ризамын. Сіз ойға алғанның бәрі тез аяқталады. Әне Цвиладзе, ұлттар халкомының орынбасары келе жатыр. Грузинге лайық ол қызба адам, оның елінде жүзім қандай көп болса, бізде аңыз сондай көп. Қызба болса да, ақылды. Бері жүріңіз, Виталий Витальевич, бері…
Солдат шинелі мен сырма кеудеше киген қара шашты, жалпақ бет адамдар тобыры жайылған мата үстінде үнсіз тұр. Казарманың, ашытқан нан мен қырыққабаттың иісі шығады. Оған қой терісі мен үстіндегі қары еріген жөкенің иісі қосылған. Күн сәулесі аяқ астындағы матаға толық түсе бастады. Бір солдаттың балақ орауышы электр сымымен байланыпты. Тік те кең жауырынды Дауа-Доржы Цвиладзе жолдастың бетіне паңдана қарайды. Ал, тобыр халкомның ұзын бойлы орынбасарынан асыра жоғары қарап қалған. Тобыр бәріне селқос, жайбарақат қарайды. Шаршағандықты сезінген профессор еңсесін тіктеп, жоғары қарады.
Терезенің ортасына дейін жеткен қарағай бұтақтары баяу ырғалады. Көк бұтақтардың жоғары жағынан алтындатқан иықтар жарқырап көрінеді. Биік мәрмәр тұғыр үстінде – малдас құрып отырған, басында биік тәжі бар Будданың алтындатқан құйма мүсіні. Алақаны мен табанында лотос гүлі бар. Самай тұсында – желпуішке ұқсаған әшекей. Профессор тағы есіне түсірді: «Оның киімінің жиектері алтын сыммен көмкерілген, тырнақтары да солай безендірілген». Ой, ақымақтық, ақымақтық! Неге Виталий Витальевич Сафонов, Шығыс тарихының профессоры, Будда мүсіні жанында тұрып, оның киімінің алтын жиектері туралы ойлауы керек? Ол туралы мына ұйқылы-ояу адамдар ойлай берсін, мейлі. Бәлкім, Цвиладзенің көмейден шығатын даусы оларға әрнені еске салатын шығар. Әрбір кезбе өз отанына деген сағынышпен тәкаппарлануы керек… Сафонов кезбе емес, ол қожайын, ол өз үйінде…
Халкомның кеудесін жоғары ұстайтын бұл орынбасары үстіне сұр пиджак, сұр сеңсең бөрік киіпті. Қалтасынан газеттің шеті шығып тұр. Ол тез әрі мысқылды сеніммен сөйлеп кетті.
– Жолдастар, азаматтар, Шығыстың барлық еңбекшілері! Сіздерге Халық Комиссарлары Советі атынан сәлем жолдаймын. Сіздер арқылы, жолдастар, азаматтар, біз өз алдымызда алыстағы Моңғолияның, тіпті Қытайдың да өкілдерін көріп тұрмыз. Менің артымда Будданың мүсіні. Ол моңғолдың лама монастырынан әкелінді. Патша генералы әрі моңғол халқының жендеті Савицкий Тушуту хан аймағында қолға түсірген моңғолдардың қасиетті қазынасы. Мүсін, діни тұмар: монахтар мен ламалар басын айналдырған надан бұқараның бас иетін нәрсесі. Алайда, жолдастар… біз, пролетарьлар, ұлттық принциптерді ғана емес, сонымен бірге шынайы діни сенімдерді құрметтей білеміз. Патша генералы Савицкий граф Строгановқа Будда мүсінін картада ұтылған кезде біз, коммунистер, сіздердің ұлттық талаптарыңызды құрметтей отырып және онда ұлттық бірлестік пен өз тағдырын өзі шешу патриархтық және рулық тұрмыстың күні өткен шеңберін бұзып және жойып жатқанын, онда реакциялық бұғаулар отбасын, руды, тайпалар мен көрші қауымды қиратып жатқанын… тап күресі үшін қажетті тарихи негіз жасалып жатқанын түсініп, онда коммунизм патриархтық анархияға және сыртқы басқа жердің ұлттық езгісіне қарама-қарсы ұлттық бірлестікті ұсынады. Біз қырғыздардың, түрікмендердің, моңғолдардың ұлттық типтерінің қалыптасуын қалаймыз… Әйтсе де, жолдастар, егер біз сіздерге өз ұлттық бет-бейнелеріңізді анықтауға көмектессек, бұл біз шіркеу қызметкерлеріне, ламаларға және монахтарға көмектесіп отыр деген сөз емес. Сондықтан, моңғол жолдастар, Халық Комиссарлары Кіші Советінің моңғол халқы өкілдерінің қолына осында граф Строгановтардың бөлмесінде тұрған, Тушуту хан аймағынан жеткізілген Будда мүсінін беру туралы қаулысы…
Халком орынбасары жұдырығымен ашулы түрде жапон кілемдерін, тибет қаруларын және мүсінді айнала тұрған, ағаш иісі бұрқыраған кішкентай қара пұттарды нұқи көрсетіп, дауыстап айғайлады:
– …большевиктер ламаларды әлі жақтайды деген сөз емес! Жоқ! Будда мүсіні музейдің сирек жәдігері, ұлттық көркем қазына ретінде беріледі. Ұлттар халкомының нұсқауын дәл орындауды қадағалау үшін моңғол шекарасында Моңғолияға жер-жерлерден Совет өкіметінің өкілдері жіберілетін болады… Орталықтан тасымалдауға ілесіп бірге жүру үшін саяси комиссар Анисимов жолдас іссапарға шығады.
– Біз сарапшылар өкілі ретінде Шығыс тарихының профессоры Сафонов жолдасты ұсынамыз, – деді кенеттен Дауа-Доржы айғайлап.
Халком орынбасары моңғолға қарап:
– Өте дұрыс, профессор Сафонов сарапшы ретінде іссапарға шығады, – деді қайталап.
Виталий Витальевич бәрін күтіп еді, бірақ мынаны… ол түсініксіз міңгірледі: менің еңбектерім, ақ түндер. Дауа-Доржы оны осы міңгірлей сасқалақтағанынан ұстады. Ол халком орынбасарына қалтасынан ұшып түскен газетті әперіп жатып:
– Профессор мырза, шамасы, сізге қарсы шықпақшы, – деді баяу ғана.
Сол сәт газетті уысында умаждаған Цвиладзе профессордың жанынан өтіп бара жатып:
– Профессор мырза… революция жүріп жатқанда бұлталақтауға жол жоқ. Ертең түскі он бірде маған, ұлттық халкомға, нұсқаулық және мандат алуға келіңіз, – деді күтпеген кавказдық акцентпен айғайлап. Сосын газетті лақтыра салды да, моңғолдарға қарап: – Халықаралық революция мен Шығыс еңбекшілерін басыбайлы болудан (крепостной) босату жасасын! – деді.
– Ура-а!
Дауа-Доржы бәрінен қатты айғайлады. «Бәрі өтірік айтады, өтірік айтады» деп ойлады профессор. Оның ойын сезгендей, Дауа-Доржы жанына келді. Иә, осындай аса білімді адаммен серік болу қандай тамаша! Жүзінен қуаныш табы сезіліп тұр. Ол профессорды қақпаға дейін шығарып салды. Екеуі де бір минуттей Нева даңғылына қарады. Ымырт қараңғылығынан даңғыл орман ішіндегі жолға ұқсайды. Суық жел қарды үйіріп соғуда.
– Біздің бәрімізге тоқыма фуфайка береді, – деді Дауа-Доржы, – маған уәде берді. Анығын айтсам, менде қазірдің өзінде тоқыма бұйымдарға ордер бар.
– Менің Петроградта тұруым керек, – деп жауап берді профессор, – сіздердің фокустарыңызды… қорғаштағым келмейді.
– Сіз фуфайкадан бас тарта аласыз, Виталий Витильевич. Миллиондаған адам ашығып, сүзекке ұшырап жатқан қазіргі уақытта бізге фуфайканың не керегі бар. Иә, революция бізді игі сезімге үйретті, солай емес пе, бұл – байлыққа ұялу сезімі. Революция неғұрлым ары қарай жалғасса, солғұрлым бұл сезім одан әрі тереңдей түседі, ал, бұл дегенің әлемде өте маңызды. Осы сезімнен Будда пайда болды…
– Сіз мені мазақ етпекшісіз: профессор шалды комиссар ретінде жіберу ғой ниетіңіз. Мен сізге тыйым салатын нәрсені таба аламын. Мен!.. – Виталий Витальевич кілт тоқтап қалды, өйткені осылай нық айтуға болмайды, бұл оның дәрменсіздігін көрсетеді. Дауа-Доржы өзіне-өзі мәз болып күлді. Ол Мойка арқылы Бас штаб аркасына ілби басып бара жатқан профессорға қарап, саусағының ұшын шинеліне ысқылап ұзақ тұрды. Мойка көпірінде бірнеше бала қол шанамен сырғанақ теуіп жүр. Петроград ауылға ұқсайды: терезелерді қар басқан, өзенде суаттар ойылыпты, аспанда селдір түтін бар. Басына солдат тымағын киген, қолында жылқының басы бар бір әйел профессордың жанынан өтіп барады. Дауа-Доржы саусағын қаттырақ ысқылады, өйткені профессор тоқтап, әдетінше, «сатасыз ба?» деп сұрады. Әйел де, әдетінше болу керек, қолына қысыла қарап, «жоқ» деп жауап берді. Иә, адамдар бай болуға ұялады, оларда жылқының басының болуы ұят. Осындайда профессордың іссапарға баруына болмай ма, онда азық-түлік, еселенген паек береді…
Профессор үйде паек туралы ойлады. Бақырашты картопқа толтырып, пешке отын салып, қолжазбаларын жинай бастады. Бөлме іші жылына бастады, енді ол өз қолжазбаларын кімге сақтауға қалдыруды ойластырды. Қолжазбаларды жіңішке арқанмен буып, әрқайсының сыртына қалың қызыл қарындашпен: «Үкімет тапсырмасымен кеткен профессор В.В.Сафоновтың қолжазбалары» деп жазды да, сәл ойланып, «Моңғолия шекарасына іссапарға кеткен. Ұқыптап ұстауды сұраймын» деп түзетті. Қолжазбалар көп. Ол пешке тағы ағаш салды. Үй жылынды. Ағашты аяп, пешке алғашқы қолжазбаларын және керексіз кітаптарын лақтырды. Керексіз және оқылмаған кітаптар осыншама көп болар ма!
Кенет ойы басқаға ауды. Не боп барады және оның Моңғолияға сапарға шығуға келісуіне не себеп болды? Егер ертең Ағарту халкомына барсам, Ұлттар халкомы өкімінің күшін жою қиын емес қой. Оның үстіне Дивель Анисимовпен дауласып қалды. Ал, паек ше?.. Алайда, осында да қамданса, тіпті әрі кеткенде, қызыләскерлерге дәріс оқуға болады және де Петропавл бекінісінің гарнизонында дәріс оқуды бұрын да ұсынған болатын… Қайдағы бір күмәнді ойлары болғанымен, Дауа-Доржы қауіп төндірмеді. Жоқ, барлық жер авантюризмге толы; ол, қарт профессор Сафонов алпысқа таяған жасында бала сияқты, экзотикаға берілген гимназист сияқты Моңғолияға баруға келіседі. Ақымақ та нас моңғол, мүмкін, кейпін өзгерткен лама, оны өзінің, бәлкім, тонау мақсатымен апаратын шығар. Ал бұл болса, қолжазбаларын жинап қойды… Пештің аузынан шыққан қағаздың күлі бөлме ішінде қалықтайды. Ұйқылы-ояу профессор оны қолымен желпіді.

Үшінші тарау

– Басыңызды орамалмен байлап алыңыз, әйтпесе қағаздың күлінен шаш түседі. Сабынның жетімсіздігінен басты жуу да оңай емес, – деді кешкі оннан кейін келген саяси жетекші Анисимов. Ол ысқыра әндетеді, күш-қуаты мол. Анисимов профессорға қағаздарды пешке салуға көмектесті.
– Моңғол сізбен сөйлесті ме?
– Ұзақ сөйлесті, тіпті жан терімді шығарды, профессор мырза.
– Ол сізбен не туралы сөйлесті?
– Мүлде есімде жоқ. Бірақ шынында көп сөйледі.
– Дауа-Доржы көп нәрсені өзі ойдан шығарған деп ойламайсыз ба? Өтірік айтпайды, бірақ білетінін әсірелейді және онысы сізді алаңдатпай ма? Осындай шындыққа жатпайтын өмірдің болуы мүмкін емес қой…
– Шындыққа жатпайтын өмірдің болуы мүмкін, – деді кенеттен қағазды жинап болған Анисимов. – Мен жуырда ғана майданнан оралдым, ал Қызыл Әскер өмірі – нағыз шындыққа жатпайтын өмір.
– Сонда қалай болғаны? Олай болғанда, егер өмірі шындыққа жатпаса, онда оның не үшін соғысатыны да шындыққа сай болмағаны ғой. Сосын осы шындыққа жатпаушылықты жеңіп алып, ол бізді қандай сорлы күйде өмір сүруге мәжбүрлейді? Дауа-Доржы сізбен әскер туралы да сөйлескен-ау деймін.
– Жоқ, әскер туралы айтпады. Қызыл гвардия туралы біз сөйлестік, ал, Қызыл гвардия, әрине, шындыққа сай.
– Қызыл гвардияның өмірі неге шындыққа сай болды? Иә, мен сізді түсінемін. Қызыл гвардияның өмірі әлі механикаланған машина бола қойған жоқ, яғни онда күрес басқа еш жердегі баррикалардағыдай күреске ұқсамады дегіңіз келеді ғой.
– Әбден дұрыс…
Анисимов көңілді жымиды. Оның жүзінде ешқандай алаңдаушылық белгісі байқалмайды, баладай бейғам және содан да кешкі оннан кейін келуі тосын көрінді.
Виталий Витальевич:
– Дивель сіздің шығар кездегі мені тұтқынға алу туралы өкіміңізге шағымданды ма? – деп сұрады оны көңілдендіру үшін.
– Ана, Дивель ме? Айғайлады, кейін тағы айғайлайтын шығар. Кешкіде пешка ойнауға келді. Мені сізге жіберген де сол: бар, ол кісі, сірә, толқып жүрген шығар дейді. Міне, мен келдім: сіз алаңдамаңыз, біз Моңғолияға лезде ұшып барып келеміз.
– Мен алаңдап отырған жоқпын, алайда, мені бір нәрсе таң қалдырады: мен, тарих профессоры, Будда мүсінімен неге Моңғолияға ілесіп баруым керек? Осында бір мағына бар ма?
– Бар.
– Түсіндіріңізші!
Профессор Анисимовтың бетіне таңырқай қарады. Егер осы ақкөңіл адам себебі бар деп қиналмай айтса, демек, бұл себеп өте зор әрі адамзат үшін маңызды болғаны. Анисимов жымиды.
– Мұны сізге менің түсіндіруім керек пе? Сіз менсіз де білесіз, тіпті менен артық білесіз. Сіз баруға менен бұрын келістіңіз ғой.
– Сіздің келгеніңізден бұрын дегіңіз келеді ғой?
– Иә.
– Бұрын.
– Иә, солай. Ал, мен сізді көндіруге бардым. Міне сіз, демек, менсіз де түсіндіңіз және де бүге-шігесіне дейін. Ал, мен болсам келе жатқанда осыны қалай дұрыстап түсіндірсем екен деп ойлаумен болдым. Мен түсіндіргенді ұнатамын… Сіздің профессор болғаныңызға көп болды ма?
– Он екі жыл.
– Партияда болып па едіңіз?
– Жоқ.
Анисимов қуаныштан жайнап кетті.
– Ал, менің партияға өткеніме үшінші жыл. Білдіңіз бе… Сонымен ертең кетеміз. Ертеңнен бастап машақатқа түсеміз, машақатқа…
Айтқаны дәл келді: баяғыда дайын болған мандаттарға қол қойғанша, үш сағат тосуға тура келді. Вагонға наряд алғанша жарты күн кетті. Оның пеші жоқ болып шықты. «Сіздікін ала кетеміз», – деді кенеттен Анисимов Виталий Витальевичке. Ол бұған қуанып қалды. Вокзалдан оралып келе жатқан олар Нева даңғылында жуан шойын доңғалақтары бар үлкен арбаны сүйретіп келе жатқан, бензин исі бұрқыраған, үстіне отын тиелген қара жүк көлігін көрді. Арба үстінде бірнеше солдат арқанмен орап байланған жұқа тақтайдан жасалған жәшікті сүйеп ұстап тұр. Жәшік жаңадан жасалыпты, үстіңгі бетінде қызыл бояумен «Үсті, абайла» деген жазу бар.
– Міне, біздің «жетістігіміз»: Будда мен отынды бірге тасимыз. Тән жылуы мен жан жылуы бірігіп кеткен… Барып көмектессем бе екен… – Анисимов Дауа-Доржыға шікірейіп амандасты. Профессор ашуланып жанынан өтті. Жүк көлігі Знаменка қонақ үйінен әрі өтті.
Сәлден кейін профессор өзінің пешін қолшанамен вокзалға алып келді. Трамвайлар әлі тұр. Рельстерді қар басып, сақиып қатып қалыпты. Шабата мен шинель киген, қолдарында қызыл туы бар солдаттар профессордың алдына түсті. Олар «пеш сатуға бара жатыр, дұрыстап көрер ме еді» деп қояды. Дауа-Доржы оны кіреберісте қарсы алды. Профессорға жақындап келе жатқан ұсқынсыз кемпірді әрі итерген моңғол оны вокзалдың лас еденінде қатар-қатар сұлап жатқан адамдардың арасымен алып жүрді. «Оңға қарай жүріңіз, профессор мырза. Менің бос уақытым болса, сізге көмектесуші едім. Қатты қарға шанаңыз батпаған шығар, шаршаған жоқсыз ба?»
Профессор ауыр дем алды. Кеудесі қысты. Ол Дауа-Доржыны әр көрген сайын қандай да бір кемсіткен жөнсіздікті сезгендей болады. Енді, міне вокзалда, егер кешігетін болса… күтпеген маңызды оқиға болардай көрінді. Тездету керек.
– Пойыз қашан жүреді? Анисимов келді ме?
– Алаңдамаңыз, пойыз жүргенге дейін көп уақыт бар. Анисимов жолдас үлгереді.
– Ал, барлық мандат пен құжаттар сонда.
Дауа-Доржы өте жайбарақат. Ол мандатсыз да, құжатсыз да бәрімен тіл табысады… Ондай кейіппен, сірә, татарлар да Русьяны көктей өткен шығар.
Вагонның қабырғаларына киіз жапсырылыпты. Солдаттар сабанның үстінде ұйықтап жатыр. Бұрышта профессордың темір пеші. Пеш жанындағы шөрке үстіндегі бөтелкеде керосин сіңген ұзын білте. Пешті бір әйел жағып отыр, оның беті профессорға көрінбейді. Дала қараңғыланды, айнала қар. Вагон астында біреу доңғалақтарды балғамен соққыштап өтті. Мөр соғылған, жұқа тақтайдан жасалған жәшік бүкіл вагонның ұзын бойын алып тұр. Одан шайыр иісі бұрқырап шығып тұр. Вагон қабырғасы мен жәшіктің арасына тиелген кірпіштен қар еруде. Будда Гаутама жаңа қайыққа салынып, қызыл бояумен: «Үсті, абайлаңыз» деп жазылыпты.
Дауа-Доржы кішкентай балтамен ағаш жарды.
– Сізді қоспағанда, профессор, бізде наряд он екі кісіге. Сіз және Анисимов жолдас басқа литермен барасыздар. Бірақ он екінші адам еліне барудан бас тартты да, мен оның орнына бір әйелді алдым…
– Неге барудан бас тартты?
– Ол қайтыс болды. Мен бір моңғол әйелді алдым. Мен дұрыс істедім.
– Ол біреудің әйелі ме?
– Білмеймін, мүмкін солай шығар. Әйелдермен біздің дауласуымыз бен драмаларымыз болып қалады да, біз бір-біріміздің мінезімізді жақсы білеміз. Солай емес пе, мен мұны даналықпен жасадым, – деді ол күтпеген жерден.
– Кеше жасағаныңыздай іс даналық болады. Басқадай даналықты білмеймін.
– Сіз менің ойымды дәл табасыз, профессор. Бұл біздің даналығымыз, сіз оны маған айтып берумен менің түсінуімді білемін деп ойлайсыз. Сіздікі дұрыс, бұл даналықтағы ең маңызды нәрсе – түсінік.
Шөрке жарылмады. Дауа-Доржы есікті ашып, секіріп түсті. Буферлер аяздан сықырлады. Составқа паровоз тіркелді. Машинист біреуді балағаттады. Есік алдында портфелін бұлғаңдатып, Анисимов асығыс бірдеңе дейді.
– Сіздің багажыңыз қайда? – деп сұрады профессор.
Анисимов портфелін нұсқады да, сұраққа ақыл айта жауап берді:
– Коммунада қандай багаж болушы еді? Нағыз бойкүйездік… Кеше ғана біз екеуіміз Қызыл Әскер туралы сөйлесіп едік, ал бүгін үшінші класты вагонда митинг өткізуді ойлапты. Аяқ астынан меньшевик пайда болыпты. Мен оларға көрсетемін әлі. Немене… портфелімді тастап кетуім керек пе? Ал, сонда мен басыма не жастанып ұйықтаймын?.. Мен оны жай қалдырмаймын, қоймаймын…
Анисимов осыны айтты да кетіп қалды. Профессор пешке жақындап, қолын жылытып тұрып:
– Мен жалғызбастымын, Дауа-Доржы мырза. Мен өз еңбегімнің арқасында алаңсыз қарттыққа – тамағымның тоқтығы мен тыныштыққа жетем деп сендім… – деді.
– Бізде оған жас әйелді қосады, профессор мырза. Мен сізге бақыт пен жас, он алты жастан әрі емес әйелді уәде етемін. Ол сізді жақсы көретін болады, өйткені бізде әйелдер бәрінен бұрын даналықты ұнатады. Ал, сіз данасыз, мені бірден түсіндіңіз… Сіз осы сапар арқасында өз жастығыңызға қайта ораласыз, сіз әлі ұзақ уақыт адамзат мақтан ететін ұлы әрі ақыл-ой еңбегімен айналысатын боласыз. Жердегі ең мықты адамның өзі сәл нәрсеге дәрменсіздік білдіріп жатса, оны не деуге болады?
– Мен сізді түсінбедім, мені мүлде әсірелеп жібердіңіз…
– Алдымызда, профессор мырза, түсіністік үшін де, тақуалық ой кешу үшін де уақыт жеткілікті… Ойларыңыз өрлей берсін, Виталий Витальевич.
Моңғолдар жатып ұйықтау үшін сабанды реттеді. Әйел бұрышқа қарай кетті. Дауа-Доржы солдаттарға бірдеңелерді айтты да, саусағымен сызып көрсетті. Солдаттар сол сызық бойымен керемет біркелкі жүресінен отырды. «Шығыс халықтарында бізде жоқ геометриялық сезім бар» деп ойлады профессор.
Жалпы еш геометриялық сезім туралы емес, өзге туралы ойлау керек, яғни өзге туралы ойлауды тілеу, өзіңді ойлауға мәжбүрлеу керек…
…Орыс революциясындағы Қызыл Әскердің рөлі, әскерді ұйымдастырудың ерекше принциптері. Анисимов жолдас сөйлеп кетті, ол тоқтауға болмайды деп ойлады, өйткені өзі ойлап тапқан ерекше күшті дәлелдер елеусіз қалып қояды да, меньшевиксымақ аман құтылып кетеді. Ал, Анисимов жолдас сөзін аяқтағанға дейін пойызды он минутқа кідірте тұруға стансы комендантынан сұрау үшін ғана сөзін бөлу қажет еді. Коменданттың өзіне оны білу қайда? Міне ол, аузын ашып, шешенге қарап тұр. Анисимов жолдас қырық минут бойы оңбаған меньшевикті өлтіре сынады. Сол кезде пойыз жүріп кетті…
…Вагон ішінде Будда салынған қарағай жәшіктің жанында моңғолдар дұға оқыды. Дауа-Доржы Будда алдында қолын жайып, құдайға мадақ айтты:
– Бір көрудің өзі шексіз қуанышқа бөлейтін аса жоғары ламаның алдында ерекше құрметпен тізе бүгемін. Оның аяғынан көтерілген шаңның өзі көптеген данышпанның маңдайына біткен әшекей болмақ. Сиынып алақанымды төсеймін. Құдіреті күшті асыл тәжінің алдында гүл шашамын. Шексіз алғыс айтамын…

Төртінші тарау

Профессор есіктің сыртына бормен «Кіруге болмайды. Ағарту халық комиссарының қызметтік бөлмесі» деп жазып қойды. Сонда да солдаттар сығалап: «Жетіп қалуға бола ма?» деп сұрайды. Дауа-Доржы: «Жүк апара жатырмыз. Өтіп кет» дейді оларға.
Моңғолдар вагон ішінде күні бойы шай ішеді. Стансыларда қайнаған суды шелекпен алып, әйел шайнекті бірінен кейін бірін ысытады. Олар шай ішіп отырып мал, дәрілер және дін туралы сөйлеседі. Арасында есінеп отырған Дауа-Доржы шалқасынан жатып алып, инеге жіп өткізгендей солдаттардың әңгімесін профессорға аударып береді. Олар бірдеңелерді саудаласады, сатылатынды жамандайды, мақтайды, қол алысып мәмілеседі, кейде бірі қолын төмен түсіреді де, екіншісі оның жеңінің ішіне қолын тығады. Солай жасырын мәмілелесіп, қайтадан шай ішеді.
Бастапқыда профессор сөздерді, ойларды, кездесулерді жазып жүрді, бірақ кейін қағаздарын жоғалтып алады. Аяғын көрпемен орап, күні бойы пештің алдында отырады. Солдаттар түнде стансыларда отын, тақтай, шпал ұрлайды. Стансыларда пойыздар толып тұрады. Рельстер тарсылдайды. Вагондар солдаттарға, әйелдерге, қапшықтарға толған. Кейде вагонды тұйыққа қояды да, қайтадан тіркегенше, күні бойы тұрады.
Арасында күтпеген жерден жол айырығында вагонға Анисимов жүгіріп кіреді. Киімі кірлеп, күйе шалған. Жәшікті жұдырығымен соғып:
– Осындасың ба? Кетіп барасың ба? Сіздерді әзер тауып алдым. Жарайды – нөмірді есте сақтаймын. Сүзекпен ауырғандар жоқ па? Қазір эпидемиямен күрес жүріп жатыр. Ақ гвардияшылар асқынып тұр. Мен қазір… – дейді асығыс айғайлап.
Тағы жүгіре жөнелді. Портфелі жұқарған, нанның түсіндей шашы бұрқырап, мұрнына дейін түскен. Ол тұсынан өтіп бара жатқан поездың паровозына қарғып мініп, көрінбей кетті. Жұмыссыз бос отыру, қайта-қайта шай ішу, күтпеген сапар, бір жерде отыра алмау, даладағы аяз бен жел профессордың ызасын келтірді. Ұйықтауға жатты да, Дауа-Доржыға қарап:
– Біздің атымыздан Моңғолияның еңбекші халқының өкілдері бара жатпағанын саяси жетекшіге ескертуге мәжбүр боламын, – деді.
Дауа-Доржы сабанды сылдыратты.
– Виталий Витальевич Моңғолияның еңбекші халқын біле ме екен? Халком орынбасарының өзі сізге бізде халықтың елу пайызы лама екенін айтты ғой.
– Сіздің Будда мүсініне қандай қатысыңыз бар екенін саяси жетекші білмейді… менің білуімше, сіз – діндар, монастырь бастығы болғанда, жалпы, саяси жетекшінің көзқарасында, күдікті адамсыз. Иә, солай!
– Аса қасиетті де құдіретті Будда өзінің кезекті қайта өрлеуінде менің күнәлі басымды қалағанына мен айыптымын ба…
– Сіз бұл туралы халком орынбасарына айтпа-дыңыз ғой.
– …Бірақ ол бұған сенбейді. Бұған жалғыз сіз ғана сенесіз.
– Мен сізге сенемін бе?
– Онда діни сенімге немесе өзгелердің намысына күлудің не керегі бар? Өзгелер туралы айтуға болады ғой, мысалы, итальяндар мен француздардың мундирі туралы. Айтпақшы, мен тауыс құйрығымен байланысты айтылатын мундирлер туралы анекдот білемін… Алдымен мен сізге германиялық майданға қалай тап болғаным туралы бірнеше сөзбен айтамын, ал, сосын…
Профессор жөтелді, сосын неге екені, санының дірілдегенін сезіп:
– Егер менде жауыздық ниет көп болса, саяси жетекшіге сіздің офицерлік атағыңыз туралы айтар едім… мүмкін… – деді күмілжіп.
Профессор Сафонов сабанға үйелеп қалып, сабан аузы-мұрнына кіріп кетті. Дауа-Доржы оның қабырғасынан нұқып жіберді де, жанына түкіріп:
– Жауыздығыңның аздығы – сенің бағың, біліп қой!.. Мен саған офицерлік атақты көрсетемін. Саған, немене, нан аз ба, әлде ет керек пе, жексұрын? Малғұн! Ыйй!.. – деді міңгірлеп.
Әйел майшамды жақты. Дауа-Доржы атып тұрды. Профессор аузындағы сабанды түкіріп тастап, үрейлене кешірім сұрап міңгірледі. Дауа-Доржы шинелінің түймелерін тез-тез салып, бұрышқа қарап:
– Егер сізге нан аз болып жатса, қосымша бере аламыз. Егер сізге әйел керек болса, мен оған сізбен жат деймін, ол орысша түсінбейді ғой, – деді.
– Менен әрі кетші! – деді профессор ақырын.
Дауа-Доржы едендегі қақпақты ашып, төмендегі доңғалақтарға қарады. Солдат тұлыппен бүркене түсіп:
– Жап, онсыз да суық! – деді айғайлап.
Әйел майшамды сөндірді: керосин аз, үнемдеу керек.
– Әлде сізді мазмұны жеңіл анекдоттар қызықтыра ма? – деді қараңғыда отырған Дауа-Доржы. – Онда мен сізге ұлы князь Сергей Михайловичтің өмірінен тамаша анекдот айтып берейін. Ұлы князьдың дәретханасы, сіз білетіндей, оның кабинетін жиі алмастырады. Онда негізінен классиктерден құралған кітапхана, жеңіл музыка аспаптары мен Палестинаның көріністері болды…
Профессор сабанға етбетінен жатты. Пештің жылуы басылған. Солдаттар қорылдап ұйықтап жатыр.
– Сіз қалай ұялмайсыз!
– Мен де, профессор, екі зиялы адамның әңгімелесудің ортақ тақырыбын қалай таба алмағанын ойлаудамын… Мен қалай да біздің далалық шындықты мүлде қозғамай, сіздің орыс мәдениеті туралы айтуға тырысамын. Мен мүлде басқаны ойладым ғой… сіз Сібірде тамаша орын тебе алатын болсаңыз да… онда нан және күнкөріс үшін қажеттің бәрі де бар. Мен сіздің Моңғолияда тұруыңызды талап етпеймін.
Профессор Дауа-Доржының аяғын қисайтып жүретінін ызамен еске түсірді. Бәлкім, далалық сезінуді өзіне ғанибет санайтын болар. Ол орыстар туралы кемсіте сөйледі. Профессор тағы ызаланып, жүрегі сыздап: «Ол революциядан кейін осындай болды. Революциядан кейін Ресей турасында осылай сөйлейді» деп ойлады. Ойына көз жеткізу үшін:
– Сіз қайда оқыдыңыз? – деп сұрады, қараңғыда отырған қалпы.
– Омбының кадетінде… Іске асқан Будданы да оқыту керек деп санаған. Солай бола тұрса да, өзім соны тіледім, ешкімді кінәлай алмаймын. Соғыста жара алмадым, оның үстіне мен еріктімін…
– Өз отрядтарың болды ма?
– Иә, Кавказ майданында.
– Будданы неге апара жатырсыздар?
Ол күлді.
– Тушуту хан аймағында этнографиялық музей ашамын… Сіз меңгерушісі боласыз, профессор. Біз Будда үшін большевиктерге бес жүз бас төлеуге шартқа қол қойдық қой… Халком орынбасары босқа айтты деп ойлайсыз ба? Біз оларға бес жүз бас мүйізді ірі қара малды шекарада табыс етеміз… Олар бес жүз бас алады… Осы жолы оқымаған варварларға музей қымбатқа түседі… әне орыстар графтардан сарайларын тартып алып, оларды музейге айналдырды, ал керексіз мүлікті Шығыстың ұлттық саясатына жаратуда… Әрі арзан, әрі игілікті…
Профессор таңертең қайнаған су алуға бара жатқанда, артында келе жатқан моңғол солдатты байқап қалды. Моңғол оның қолына қарап күледі. Еріні салпиған ұзын екен, арғы жағынан өзендегі тізілген қаздай тістері көрінеді.
Профессор неге еріп келе жатқанын сұрайды. Моңғол ымдап қолындағы сақинаны сұрайды. Профессор су алмастан қайта оралады. Дауа-Доржы иықтарын қозғай отырып профессорды тыңдады. Сосын сақинаны көрсетуді сұрап, осындай аштықта профессор сақинаны неге ауыстырмағанына таң қалды. Егер бір жаққа қыдыруды, мысалы, Чека, ойына алса, моңғол профессорды өлтіреді деп түсіндірді ол.
Сол күні моңғол солдат вагоннан қашып кетті. Вологда стансысында митинг болып, моңғол қалып қойды. Дауа-Доржы алдымен профессордың саусағына, пальтосына қарады. Сосын теріс айналып кетті.
– Ол орысша көп білетін, профессор. Онысы сізге зиянын тигізбесе жарар еді. Білім… Солдат, әрине, қайта оралмайды. Не ол қорықты, не бірдеңе туралы жеткізеді… большевиктер ол үшін ештеңе бермесе де…
Майшам түні бойы жанып тұрды: тұтқындауды тосады немесе профессордың қашып кетуінен қорқады.
Есіктің жанындағы бөренеде сақшы отыр. Профессордың іші пысты, оған осы жолы нанды көбірек берді, басында жегісі келмесе де, кейін жеп қойды. Сақшының шинелі майшамның жарығын жауып, вагон іші бұрынғысынша қараңғы. Әйтсе де профессордың ұйқысы келмеді.
Профессор Сафонов өз кабинеті туралы, Петербург түбіндегі саяжайы туралы ойлады. Алты жыл бірге өмір сүрген, қайтыс болған әйелін есіне түсірді. Әйелінің қазасынан кейін үйлену туралы ойламады. Сенбі сайын оған бір қыз келіп тұрды. Кейде, көп жұмыс істеген кезде аптасына екі рет келіп тұруды тапсырды. Бүгін сенбі. Бұрын қыз туралы, кейін әйелі туралы ойлады ма, есіне түсіріп байқады.
Әуелі аяғы, сосын бар денесі жылынды. Сақшыға қарап еді, ол темекі тұқылын пешке лақтырып, қалғып отыр. Бір-бірінде жұмыстары жоқ. Басына дейін бүркеніп алып еді, тынысы тарылды, денесі терледі.
Ол пешке ағаш салмақшы еді, бірақ еңбектеп келе жатқанын өзі де сезбей қалды. Орта жолда тоқтап, сақшыға қарады. Қалғып кетіпті. Будда жақ бұрышқа қарады. Терлеген қабағын алақанымен сүртті. Еріні терледі. Еденге жабыса түсіп, түкіріп жіберді.
Будда жәшігінің жанында әйел ұйықтап жатыр. Ағаш салған жоқ, сары тұлыпқа еңбектеп келіп, томпақ денеге қолын тигізді. Әйел басын көтерді, шамасы, оны танымаған сияқты. Сол кезде ол әйел жамылған тұлыптың астына кіріп кетті.
…Таңертең шай үстінде Дауа-Доржы оған өз жылқысы туралы айтты. Әйел таныды ма, әлде танымады ма деп ойлады профессор. Ол әйелге ұрлана қарады, кенеттен әйелдің ыстық лепті назарын сезді. Оның беті дуылдап, ысып кетті.
– Оның аты кім? – деп сұрады.
Дауа-Доржы кесеге шай құйды.
– Кімнің?
– Ана әйелдің?
– Білмеймін.
Дауа-Доржы солдаттардан сұрады. Сосын терең күрсініп, шайдан ұрттап:
– Цин-Джун-Чан… өте ұзын ат, профессор. Бірақ орыстарда одан да ұзын ат болады. Сіздің әйеліңіздің аты кім болып еді, Виталий Витальевич? – деді.

Бесінші тарау

Виталий Витальевич түнде болғанды ұмытқандай сыңай байқатады: жымияды, қалжыңдайды. Жымиғанда қырау шалған мұрты бетін жыбырлатады. Біреудің мұрты бетін жыбырлатқандай болады. Діндар Дауа-Доржы пышақпен шырпыны жонуда, моңғол Шурха оның артынан мойнын созып қарайды. Шырпыдан әуелі қанжар, сосын балық пайда болды, ақыры құсқа ұқсады да, пешке түсті. Шурха шиқылдап күледі, басы томар сияқты, қобыраған шашы шүберек қиқымына ұқсайды.
Виталий Витальевич шырпыдан бір нышанды көргендей және оған жіппен крестті бекітеді. Оның қолында пышақ жоқ, демек, ол мүлде қарусыз. Ол крестті пешке лақтырды, діндар осы кезде де бұрылмайды. Моңғол Шурха профессорды үнемі қадағалайды. «Хат жазып, лақтырып кете ме» деп күдіктене ме екен.
Стансыларда плакаттар өте көп. Барлық жерде сол бір қызылшырайлы генерал жұмысшылар мен шаруаларға ызғарлы сес көрсетуде. Плакаттардың жанында ылғи бір дауласқан адамдар. Вокзал буфеттерінде солдаттар мына пойызды өткізу керек пе, әлде тоқтатайық па деп дауысқа салуда.
Ешкім де оның хатын алмайды. Оның шақыруы кімге керек? Адамдар үндеулерді, плакаттарды, листовкаларды, брошюраларды және сұрқай газеттердегі майдан туралы мәліметтерді оқиды.
Пойыз жиі тоқтайды. Күндіз-түні жанып тұратын қолшамдары бар кондукторлар үстеріне қара тұлып киген; вагондар көрдей қараңғы. Пойыздарға күзет қойылған, түнде бандиттермен атыс болады. Егер жасылдар пойызды тоқтатса, коммунистерді сол жаққа, партияда жоқ жолаушыларды оң жаққа қояды да, сол жақтағыларды тура осы жерде үйіндінің жанында атып кетеді.
Виталий Витальевич «мені қай жаққа қояр екен?» деп ойлады.
– Кезінде білесіз, – дейді Дауа-Доржы.
Вяткадан өткесін тұман басталды. Шурха профессордан бір елі қалмай көлеңкесіндей ілесіп жүр. Кейде жол бойындағы қарағайлар шошынған алып құстай жалп етіп қалып жатыр. Еденнің дірілінен жүрек айниды…
…Бірде, түнде, көпір жанындағы өзеннен тендерге жабылып су тасыды. Алыстағы бұлақтар жақтан сыбдыр естіліп, пойызға оқ ата бастады.
– Беріліңдер, әйтпесе бәріңді өлтіреміз… – деді біреу айғайлап.
Барлығы қолдарындағы шелектерін лақтыра салып, вагонға қарай еңбектеді. Бір әйел, шамасы, оқ тиген болу керек, баланы айғайлап шақырды. Суды қабылдап алып, тендерге құйып тұрған машинист шелекті лақтыра салып, саймандар салынған жәшік жатқан бұрыштан тендерге пулемет алып шықты. Қолдарына винтовка алған солдаттар доңғалақтардың арасына жата-жата қалып, жолаушыларды шақырды.
Профессор көпке дейін ұйықтай алмады. Таңертең ол мұңды да жүдеу жүздерге ұзақ қарады. Сәт сайынғы қауіптен олардың жүздері оңған шүберектей.
– Аргонавттар! – дейді Дауа-Доржы профессордың сөзіне орайластырып. Сосын ол Калган қаласының жанында «Түйе табаны» аталып кеткен құздың жанындағы қазба жұмыстары туралы қасақана әңгімеледі. Шыңғыс ханның туысы Хасар туралы аңызды айта келіп, тұманды еске түсіріп:
– Бұл жер арқылы Шыңғыс ханның Русьқа өтпегені анық… – деді. – Егер өтсе, мұндай тұман болмаған болар еді. Күдікті жердің бәрін ол адамның қанымен тазартты… Түркістанды еске түсіріңіз, профессор.
Арасында вагонға былғары кеудешенің үстінен тұлып киген адамдар кіреді. Олар мандаттарды тексереді. Қағазға шұқшиып қарамайды, кім екенін, қайда баратынын иісінен сезетіндей, бастан асыра қарайды. Онысы ұшып бара жатқан жыл құсына ұқсайды. Өңдері желден күреңітіп, танаулары тарбиып кеткен.
Профессор моңғол Чжидің танауы да сондай екенін байқады. Дауа-Доржы стансы комендантынан кезекті составқа тіркеуді өтінді. Профессор бір саптыаяқ жылы су сұрады. Чжи саптыаяқты беріп жатып, оның сынған тұтқасымен лас еденде бесжұлдыз сызып, түкіріп жіберді де, саусағын өзінің кеудесіне қадады.
Моңғол тілін үйреніп алмағаны үшін өкінді. Содан ба екен, судың дәмі өзгеше болып көрінді…
Сол түні жасылдар пойызды тағы атқылады. Комендант пойыздағы барлық солдатты мобилизациялады. Вагонды әйел, Шурха және профессор Сафонов күзетті.
Чжи және тағы үшеуі қайта оралмады.
Профессор:
– Оларды өлтіріп тастады ма? – деп сұрады.
Дауа-Доржы жәшікке револьверін қадап тұрып:
– Кетті! Қызыләскермен!.. Өз қолыммен атып тастар едім, егер… Онда не бар, миым жетпейді, – деді.
Виталий Витальевич Чжидің еденге салған жұлдызының мәнін енді ұқты.
Сол стансыда (әлде моңғолдар орысша түсіне ме, әлде бірдеңе сезді ме?) вагонды зеңбіректер қуып жетті. Машиналардың шошайған сұрқай жаппаларын қырау басқан. Қарайған броневиктер, аэроплан қанаттары. (Иә, қашып кеткен моңғолдар соғысты сезген!).
Түні бойы жандарынан қатты тарсылдатып жүк платформалары өтті. Адамдар мінген вагондар үнсіз жол береді. Машиналар вагондарға плакаттар мен газет қиындысын лақтырады. Ондағы: «Соғыс!.. Жолдастар!» деген сөздер көзге оттай басылады.
Машиналардың артынан былғары кеудеше киген адамдар еріп келеді. Профессорға олар жамылғысы ғана жоқ машинаның бөлшектері сияқты көрінді. Тығыз сап құрғандықтан, кеуделері мен бастары ғана көрінеді.
Тұман қарағайдан әрі асты. Бір нәрсені ойлаған профессор вагонға кірді. Кешікпей онда жүгіріп Дауа-Доржы кірді, артында терлеген Анисимов. Қолында портфелі жоқ, бірақ былғары кеудеше портфельді еске түсіреді. Ол профессордың қолын қысып, оған бастан-аяқ қарап:
– Келе жатырсыңдар ма? Жата беріңдер, жата беріңдер!.. – деді профессордың қолын тағы қысып. – Мен тағы біраз соғысамын. Біздің Питер отрядына, коммунистер отрядына жазылдым. Генералдар шабуылға шықты, жаппай мобилизация… Иә, қаптаған жексұрындар!.. – сәл бөгелді де, сөзін әрі жалғады. – Мен сізге, Сафонов жолдас, толық сенемін… Сіз профессорсыз ғой, маған бір көргеннен ұнадыңыз. Өзіміз сияқты, жап-жай ғана қағазбен пеш жағып отырсыз. Мен оған басыңды байлап ал деп қоямын… Біз екеуіміз онда әлемдік революция туралы айта бастадық… түні бойы. Кеттік біздің вагонға, шай беремін, пешка ойнаймыз. Онда менімен бірге Дивель бар.
Ол жан-жағына қарады, жәшікті ұстады: «Отырсың ба?».
Дауа-Доржы профессордың иығынан сипады.
– Біз өте жайсыз жерде отырсақ та, профессор сізбен бара қояр ма екен, Анисимов жолдас. Дегенмен, соған қарамастан, оқыған еуропалықтар сияқты… анығы, бұл жалғыз профессорға қатысты… біз бүкіл күндізгі бос уақытымызды моңғолтану саласындағы кейбір ғылыми ізденістерге арнаудамыз… Мен қарапайым өкіл болсам да…
Анисимов кеудешесін түзеп, делдиген мұрнын уқалап, асығыс шығуға беттеді.
– Бір сөзбен айтқанда, уақыт жоқ!.. Солай ғой. Әр нәрсенің өз тарихы бар… Менің жай айтқаным ғой!..
Ол секіріп кетті. Стансыда қоңырау соғылды. Поезд жүріп кетті.
Пойыз қарағай ішіне келіп тоқтады. Мүмкін, жақын маңда жасылдар бар шығар. Желмен ырғалған қарағайдың суылы естіледі. Солдаттар белуардан келетін қарды кешіп, бұтақ жинауда. Вагон ішінен ағаш шайырының иісі шығады. Әйел Цин-Джун-Чан ұйықтап жатыр. Пойыз тоқтардың алдында оның жанында діндардың өзі болды. Діндар дегенің Будданың нағыз тірі бейнесі деуге болады.
Профессор Сафонов олардың жақындасқанын естіді. Бірақ осы жолғы оның даусының ашулы шығуы мүлде оған байланысты емес:
– Не істесем де, еркім өзімде емес пе. Егер Анисимовке барғым келсе, мен бара алмаймын ба? Сосын сіздің ылғи өтірік айтатыныңыз менің ызамды келтіреді. Мен сізге сенбеймін!..
– Құрметті Виталий Витальевич! Ең алдымен, қымтанып отырыңыз: солдаттар бір кіріп, бір шығады, суық тиіп қалмасын. Өз еркім өзімде емес деуге бола ма екен… Иә, оу әмірші Сакия –Муни! Бәрі сіздің мүддеңіз үшін жасалуда. Менің әрбір қадамым – жасалған қамқорлық. Егер сіз оны қабыл алмасаңыз – менің кінәм емес. Мен саяхатқа үйренгенмін. Қайдағы бір қауіпке ұшыраудың сізге қажеті қанша? Сізге басқыншы большевиктерге барып, олардың тамағын ішу керек пе? Мен бәрін де ойлаймын ғой… Сізге мұнда тамақ та, жылу да, қызықты әңгіме және жас әрі тамаша әйел де бар… Менің кінәм емес, егер…
Профессор төбеге қарады.
– Театрдың нашар декламациясы…
– Виталий Витальевич, моңғолша едәуір жақсы шығады… тіпті ән дерсің… Бізде мынадай мәтел бар: жолсерікке ешқашан ашуланба.
Профессор саусағымен пешті тықылдатты. Моңғолдар шай ішуге қам жасауда, бірақ су отын бықсып жанбайды.
– Дауа-Доржы, сіз мәдениеттіліктен әбден бұзылғансыз және де Шығыс сізге жараспайды…
– Наразылық қырағылықты жетілдіреді.
– Арзан нақылға құмарлық… Сіздің даналыққа құмарлығыңыз… Ха… Сіз , Дауа-Доржы, менсіз, жалғыз да кете аласыз ғой…
– Жалғыз мені ұры дейді. Анисимов қайтып оралмады. Ол бізбен не істейді?.. Оған бүлдіру тапсырылған, ал, біз болсақ, жасаймыз және нығайтамыз, мұны қалай түсінсең де, өз еркіңде.
– Маған бұлай деу қиын болса да, айтайын, Дауа-Доржы, сіздер мені әбден қажыттыңыздар…
Профессор отырды. Вагонның теңселуінен болар, еріні дірілдейді. Ол діндарды кінәлап, ренжіді. Дауа-Доржы аяғын айқастырып, шалқасынан жатыр. Ол қайратты шашын сипалап қойып, сөзді өте мұқият тыңдайды. Моңғолдар ұйықтап жатыр. Түтін иісі білінді.
Профессор сөзін аяқтап, Дауа-Доржы сияқты шалқасынан жатты. Олар ұзақ үнсіз жатты. Діндар пешке отын салуға тұрды.
– Егер менің адамдарым … Білесіз бе, олар маған не дейді? Моңғолияға барып, большевиктер жасау керек… Олар менің табынымды әзірше маған қалдырады, себебі мен оларға осыннан шығуға көмектесемін. Олар орысша нашар біледі, бірақ елеулі табысқа жетуде… сіздің моңғолшаңыз сияқты, профессор… алайда, өзге діндарлар мен ламалардың табынын олар Ресейде оны бөлгендей бөліп алуды шешті. Егер менің кісілерім маған сенбесе, мен сізді қалай сендіре аламын, профессор!
Оның ерні шала жанған отындай күлгін тартыпты. Гимнастеркасының түймелері салынбапты, етсіз арық денесі көрінеді. Профессордың кешірім сұрағысы келді, бірақ үндемеді.
– Мен Тушуту хан аймағына жалғыз, адамдарсыз және Будда бурханынсыз бара алмаймын… мен ендігі онда болар едім. Ал, мына қарағай жәшігінсіз бара алмаймын… Мен немістермен соғысып жүргенде, олар менің табыным мен киіз үйімді тартып алды.
– Кімдер?
– Анда… біреулер… Олар Буддаға береді. Жанымызда жатқандар да оған сенбейді. Қызыл жұлдызы бар большевик болғанда табын мен киіз үйді анағұрлым көп алуға болады дейді.
– Сонда үш мың бас сіздікі емес пе?
– Олар менікі, алайда, оның сүтін туыстарым емес, бөтен біреулер ішуде.
– Сіз большевиктерге қандай бес жүз басты төлейсіз?
– Будданың келгені туралы, менімен бірге сіз барасыз және тағы… Будда шекарада деп хабарлайсыз.
Ол кенеттен аузын аңқайта ашып:
– Олар табынды қайтарып береді, әйтпесе!.. Әйтпесе!.. – деп қатты айғайлады.
Әйел шошып атып тұрды. Діндар қолын бұлғап еді, ол қайтадан орнына отырды.
– Айғайлағанда апиыны бар трубканы ауыстыруға дағдыланған, сондықтан атып тұрды… Профессор, сіздердің тілдеріңізде Будданың: «Маған табынды қайтармаған руда сенің ешқашан да жолың болмайды!» деген қарғысын қалай атауға болады?
– Бірінші рет естіп отырмын.
– Жазып алыңыз, жоқ, одан да есте сақтаңыз. Сізді қанша сыйласам да, қарындаш тауып бере алмаймын. Менде ақша жоқ, мен оны Петербургта ұстап қойдым… бірақ, сізді экспедицияның қаржылық істері қызықтыра қояр ма екен?
– Менде де ақша жоқ.
Дауа-Доржы саусағымен от жақты нұсқап:
– Стансылар қалаштар сатады… – деді қиялданып.
– Мен де сүзбе, тіпті қаз етін көрдім… Олар етті тек қана тұзға ауыстырады.
– Иә… бізде тұз аз…
Тыныштанған профессор ұйықтап кетті. Ол кейін өзін әдейі тыныштандырды ма деп ойлады. Ықшам денелі қара кісіге аяныш сезімімен қарады. Дауа-Доржы жыртылған оң жақ етігін тігіп отыр. Үлбіреген былғары сетінеп, біз Будданың көзіндей жылтырайды.
Солдаттардың даусы көмейден шығады. Виталий Витальевичке олардың айғайлап сөйлеуі және тіпті осынша шайды көп ішетіні түсінікті болған сияқты. Ол шайды қайдан алып жатқанын білмей-ақ қойды, қазір Россияда шай мүлде жоқ. Ол жұқа қантты суға батырып, Дауа-Доржыға Еуропа мәдениетінің күйреуі, Еуропа жуырда алып мылқау музейге айналатыны туралы ұзақ түсіндірді.
Дауа-Доржы өз ойымен отыр. Арасында, профессор тоқтап қалғанда, саусақтарымен тибеттіктер қодасты қалай ұстайтынын көрсетеді. Дауа-Доржы Тибетте болғанда, далай-ламаға музыкасы бар сағат сыйлады, бұл ертеде, бала кезінде болған. Солдаттар оның саусақтарына қарап, мақұлдай дыбыс шығарады.
Профессор Сафонов енді оның ниетін білгісі келді. Дәретхана іргесіне жапсырылған, «Жай адамдарға кіруге болмайды» деген жазуы бар үлкен плакаттың жанында тұрып:
– Мен сізбен әңгімелесейін деп едім, – деді діндарға.
Ол аяғына жабысқан қарды қаққыштап, станция қоңырауына жақындады. Артында моңғол Шурха оны аңдып келеді.
Стансылар біріне-бірі ұқсас. Тек кейбіреуінде ғана дыбысты вагонның буферіне соққылаумен береді: демек, стансыны жасылдар басып алған, олар, неге екені белгісіз, барлық қоңырауды алып кетеді. Алайда, Будда Вяткадан өтіп кетті.
Профессор қоңыраулар, стансылар және өлгендерді енді табытсыз жерлейтіні туралы ойлады. Көрпені нанға ауыстыру үшін ауылға барғанда кемпір:
– Әне, аналардан сұраңдар, олар сендерге береді, – деді ашулы жүзбен, қолымен нұсқап.
Үш үлкен ағаш қойма іші төбесіне дейін өлген адамдар денесімен толтырылыпты. Өлгендерді неге қоймаға қойған? Жылу тірілерге керек. Алайда, ешкім не нан, не отын бермейді.
«Сібірге барасың ба, әлде Түркістан немесе Моңғолияға барасың ба, бәрі бір емес пе? Ешқайсына жете алмайсың. Дауа-Доржы табындар және мың Буддаға табыну туралы армандай берсін. «Буржуйканы» қайдағы бір тұрғын менің кітаптарыммен жағады, ал, сосын Нева мен Садовая көшелерінің қиылысындағы ғимаратты манускриптті (манускрипт – көне заманғы қолжазба. – Ауд.) және Остромир Інжілін жағып жылытатын уақыт келеді әлі». Мәнсіз саяхаттан және Дауа-Доржының қулығынан қажыған профессор Сафонов осылай ойлады. Оның ойынша, профессор болып жатқан оқиғаларға қалай бағынса, Дауа-Доржы солай бағынуы керек еді. Әйтпесе бұны не деуге болады? Буддаға нағыз табынушыдан гөрі орыс профессоры үлкен буддашы болғаны ма? Айырмашылық тек қана кімнің Совет өкіметін анағұрлым негіздеп балағаттайтынында ма? Мынадай бәлекетті көріп пе едіңдер! Қазір көптеген профессорлар балағаттайды. Ал, онда байқасаң, балағаттайды-балағаттайды да, артынша кафедраға шығып, дәріс оқиды. Кафедрада, әрине, жақсы, мына қарғыс атқыр вагон емес қой! Шынында, ол баруға неге келісті? Кейін басына келген саяхатқа құмарту ма, іші пысты ма, тамақ табу ма, әлде моңғолдарға жақсылық жасау ниеті ме? Ол қандай ниет? Мүсінге байланысты ма? Мүсін дегенің – бар болғаны металл және де өз бетімен ешқандай жақсылық әкелмейді. «Ал, сен қандай жақсылық әкеле жатырсың, профессор? Саяси жетекшінің жақсылығы үлкен болмаса да, бәрібір жақсылық аты бар. Ал, сенде ше?»
Көріп отырғанымыздай, профессор Сафонов шын көңілімен ойланды және барынша абдырап та қалған сияқты.
Стансының қоңыраулары Ресейдегі жерлеу рәсіміндегідей суық түрде шылдырады. Профессор Сафонов вагонда Будданың қайта тірілген бейнесі – діндар Дауа-Доржымен қатар отыр. Діндар қатқан тарнаны кеміріп, мақұлдай бас шұлғып, тыңдап отыр.
– Осы ұйымдаспаған, бұлыңғыр да түнек іске қарсы бір дұрыс нәрсе шығатын шығар? Шынымен қантөгіс болмақ па? Шынымен аналардағыдай кісі өлтіру бола ма? Генералдар коммунистерді атып-асып, тонамақшы ма?.. Коммунистер көтеріліске шығып, генералдарды қырып-жоятын болады, сөйтіп қоңыраулар соғуы азайған үстіне азайып, вагондардың буферлерін қар басып қалады… Дауа-Доржы, бізге жүрек не үшін берілген?
Су отын бықсып жанбады. Әйел жәшікке жабысып, бозарған көзін тарс жұмып алған. Профессор оған көрпе берді, діндар теріс айналып кетті. Шурхадан басқа моңғолдың бәрі вагоннан қашып кетті.
Дауа-Доржы мен профессор Сафонов есіктің жанында тұр. Қараңғы түн. Сірескен қалың қар мен қарағайлы орманның арғы жағындағы төбелер жақтан жылт-жылт еткен ұшқын көрініп қалады.
– Қасқырлар, профессор!
Виталий Витальевич отын дайындап алу туралы ойлады. Бірақ барлық қоршаулар жанында сақшылар бар. Олар есіктерді мықтап жауып ұстайды. Шаруаларға солдаттың биттеп, кірлеген киімі керек емес. Мал қорада ғана жылынуға рұқсат береді, бірақ оның өзінде аңду керек: себебі, олар сүтті ішіп кетуі немесе тірі малдың өзінің аяғын кесіп әкетуі мүмкін. Сондықтан қораға жіберуі де сирек болады.
Дауа-Доржы жүзі кетілген, сабы сылқылдап бос жатқан балтаны алып, жәшіктің қызыл бояумен «Абайла» деп жазылған үстіңгі жағынан бастап шапты.
Жөке жаңқасы астынан игі ниетпен жымиып тұрған адамның сарғыш бет әлпеті көрінді.
Профессор етігін шешіп алып, шұлғауын сығып:
– Мен бір шешімге келдім, Дауа-Доржы, – деді. – Біз көзсіз жабайы қараңғылыққа еуропалық мұқалмас жігерден және табандылықтан қуат алған жігерлі алға басу ісін қарсы қоямыз. Мен әзірше білмеймін… бірақ Будданы аман алып шықсақ… апаттан, аштықтан… Алға жүруіміздің себебі не екені маған әлі беймәлім, дегенмен, ол үшін қажетті нәрсе менде бар. Олар – өркениет деп соғатын жүрек және ерікті ой… Мен сендермен біргемін…
Дауа-Доржы әйелге саусағымен ымдады: вагон жылынды, енді көрпені профессорға қайтарып бер. Сосын шайнекті пештің қатты қызған жағына жылжытып:
– Мен де солай ойлап едім, Виталий Витальевич, – деді.
Ол профессордың аса тұманды, түсіну өте қиын сөздері туралы не ойлады екен. Профессор, шынын айтқанда, оны білуге тырысқан жоқ. Ол ойдан қажыды, өз ісіне разы емес. Тарих профессоры, Шығысқа жетік оны іс жүзінде надан моңғол алға жетелеп келеді! Тіпті буддатану саласында профессор Дауа-Доржыдан анағұлым көп біледі. Еһ, шіркін, тағдыр талайы-ай! Қандай таңқаларлық, түсінбестік, ал, сонымен бірге өте қажет адам!
Олар бір апта бойы Будда қапталған тақтайды жақты. Ақыры ол аяғына дейін жалаңаштанып қалды…

Алтыншы тарау

Осы тарауда баяндалатын оқиғалар былай басталуы керек еді: қараңғыда, аязда және желде вагон алға жылжып келеді. Діндар балтаны ашулана сермеп, жәшікті шабуда. Кетілген балта, иісі бұрқырап, жалбыраған жаңқалар. Тапал бойлы, иығы салбыраған, ақ сақалды адам пешке жаңқа лақтырады. Әйел мен Шурха үрейлі: олар жалаңаш қалған Будданың алтындатқан денесінен қорқады.
Діндардың соңғы солдаты кетейін деп жатыр. Ол – Шурха, оны ұмытпау керек. Ол киімдерін жинастырып жатқанда, діндар теріс айналды.
– Енді сізді күзететін адам жоқ, профессор.
– Мен өзімді өзім қорғаймын.
– Соңғы уақытта маған жиі төмен қарауға немесе жүзімді бұрып әкетуге тура келеді, профессор. Өзіңізді өзіңіз қорғай аласыз ба? Оларды қызыл жұлдыз өзіне тартады және тағы не тартатынын білмеймін… Әлде қан төгуге құмарлық па?
Будда отыр, астындағы тақтайларды алғаннан кейін оны осылай отырғызып қойды. Оның самай тұсында желпуішке ұқсаған әшекейі бар. Бәлкім, содан болар, Дауа-Доржы оның қолын сипалай береді.
– Шурха бізден кетуді ұйғарса, шынында да, ауыр болғаны ғой, профессор… мұнда аштық пен аяздан басқа қандай да бір рухтар бар сияқты. Ол менен гөрі сенімдірек еді…
– Дауа-Доржы, сіздің айтайын дегеніңіз…
– Мен не айтушы едім! Онда ешқандай мал жоқ… Қалай да ол бәрінен де …менен де сенімді болды…
Дауа-Доржы Будданың қолын сипалады. Будданың денесі діндардың денесінен гөрі ақшыл екен.
Онда, тарау олай емес, міне, былай басталады.
Виталий Витальевич кенеттен шынтағы қара терге малынғандай, бейне бір сүйегі жалаңаштанып, оған жаңа сауылған сүттей жылы су құйылып кеткендей сезінді. Тамырлары ма, әлде басқа жері ме, оқыс қатты сырқырай шаншып, асқазаны бұрап, денесі дірілдеп қоя берді. Будданың арғы жағында тұрған Дауа-Доржы қазір әйелмен бірге нан мен май жеп жатқанына кәміл сенімді. Тамақты оған бұлардан кеткені үшін өтеу ретінде Шурха әкеліп берген. Дауа-Доржы қомағай, тамақты шала шайнап жұта береді. Ал, Виталий Витальевич көктемнен бері тамақты асықпай шайнауға дағдыланды. (Тісті қаттырақ қысу керек, сонда тамақтың дәмі таңдай мен езуде ұзақ сақталады.)
Оның есесіне Дауа-Доржы Моңғолияда Виталий Витальевичке тамақты мол беруге, қойдың еті, жаңа сауылған сүт пен үлпілдеген нан мол болады деп уәде береді. Виталий Витальевич Будданы асығыс айналып өтті. Сары металл жып-жылы екен. Дауа-Доржы тағы да қулыққа барып, бәрін жасырып үлгерді. Бірақ профессор ештеңе сезбегендей сыңай танытып:
– Сіз бүгін тамақ іздеуді ойламайсыз ба, Дауа-Доржы? – деді.
– Иә, иә… міне барамын.
Ол тамаққа тойып алған, қайда асығады. Бірақ профессордың көңіліне бола асыққан болды. Профессор орамалды қолына алып еді, одан қара бидай нанының иісі білінді. Ол әйелге сестене қарап:
– Өтірікшілер, өтірікшілер!.. Шалды алдайсыңдар… Аш жүрген шалды!.. – деді.
Әйел қулана ыржиып, алақанымен ернін сипалады. Еріні аш кісінің ерніне ұқсамайды. Ал, Дауа-Доржы болса, тамақтың жоқтығына шағымданады.
Демек, Виталий Витальевичке өзін-өзі сақтауы керек. Ол шинелінің өңірін тартқыштап (пальтосын шинельге баяғыда ауыстырып жіберген), Будданың, темір пештің және дымқыл сабан үйіндісінің арасында қысылып қалды. Әйел бурханның аяқ жағында отыр, көзін жұмып алған, беті толған айдай дөңгелек.
Бұрын тамақ ішкісі келгенде, сатып алатын. Ол кезде нені сатып алуға болатыны туралы Дауа-Доржыға талай рет айтқан да болатын.
Сонда да Дауа-Доржы оны алдайды. Әбден ашығып, суықтан жаурап, жалаңаш әрі жалғыз қалған ол қатты өкінді, көзінен жас шықты. Буддаға жақындап келді. Қазір басынан кешіп жатқан қиын тағдыр туралы ойлағанына көп уақыт өткендей болды. Бірінші рет Будданы көргенде, граф Строгановтардың жеке үйінде ойына келген еді. Жоқ, әлде Дауа-Доржы ыдыстарды жуып, аңызды айтып бергенде ойына келген болар. «Дауа-Доржы ақымақ және тамақтың жоқтығынан өз адамдарын бетімен жіберді. Өзінің қарны тоқ, мүсінді ойламайды». Будданың алтындатқан сымы құйма мыстың ішіне өткізіліп тұйықталғандықтан, оны тартып алу қиын. Ол есікті түндегідей мықтап бекітіп, жанармай иісі бұрқыраған шырақты тұтатты. Діндардың пышағымен сымның ұшын шығарып, өзіне қарай тартты. Сымның арғы жағындағы оны бекіткен кішкентай мыс шегелерді босатып шығарып еді, ұсақ ұнтақталған алтын төгілді.
Алақаны терлеп, сым суси бергендіктен, қолын орамалмен орап алды. Әйелді ойына алмады, ол бұрышқа тығылып, жылап отыр. Пышақпен әйелге сес көрсетті. Орамал оралған қолымен ерінін басты да, қайтадан Буддаға қарай кетті. Орамал астындағы оның еріні сым сияқты ұстатпайды. Әйелдің дыбысы шықпады, өзі өмірінде бұйрықты түсінуді үйреніпті.
Алтын сым орап түйілгенде, жұдырықтай кішірек болып шықты. Балтамен қоршау тақтайының шетін ашып, ішіне сымды тықпалап, қайтадан шегесін орнына қақты. Пышақпен еденге түскен алтын ұшқындарын қырып жинап алып, шалбарының қалтасына салды.
Әйел болған оқиға туралы Дауа-Доржыға айтады, сосын діндар сымды сатып, Виталий Витальевичтен алған тамағын жасырмайтын болады.
Сым батып кеткен саусақтары ашып ауырды. Ол несіне бейнеттенді? Дауа-Доржы да соны істеуші еді, оның үстіне ол жас әрі бәріне епті. Бос әуре болған екен.
Алайда, Виталий Витальевич шаршаса да, бір іс тындырғандай іштей риза болды. Оның үстіне, пұтқа табынушының түсінігі бойынша, ол ардақты нәрсені қорлады, Дауа-Доржы мұндайға бара қояр ма екен…
…Дауа-Доржы кеш оралды. Пойыз жол айырығында тұр. Ауыл алыста. Ол жарты тоқаш пен қоршаудан жұлып алған тақтай әкелді. Жартысын жолда жеп қойған болу керек. Қалған жартысын үшке бөледі. Әйел үнсіз шай құйды.
– Шай ішесіз бе? – деп сұрады Дауа-Доржы.
Профессор кінәлі адамдай алақанымен тізесін сипады.
– Қатты қарным ашып тұр.
– Өзіңіз біліңіз.
Діндардың гимнастеркасынан түйме үзіліп түсті. Ол шырпы тұтатып, түймесін іздеді. Шайырлы шырпы лаулап жанды. Еріген шайыр жеңіне тамып түсіп, ол бойын оқыс тіктеп, айғайлап жіберді. Шырпының сәулесі Буддаға шағылысып, жүздеген шырақ жанып тұрғандай көрінді.
Пешке жерден алып шырпы лақтырды да, қолында жанып тұрған шырпының ұшқындарын сытырлатып, мүсінге жетіп келді. Саусақтарымен Будданың бетінен ұстады. Сосын тымағын басына жапсыра салып, қолында ұшқындаған шырпымен вагоннан секіріп түсті.
Виталий Витальевич Дауа-Доржының асығыс кетуі тегін емес деп ойлады. Ол киімдерін киіп, жауап беруге және тұтқындалуға дайындалды. Көбіне түйткілді нәрсе ойдағыдай реттеліп кетпейді. Егер Дауа-Доржы оны ұры деп жеткізуді қажет деп тапса, онда оның офицерлік атағын айтпай қалуға тұра ма? Атса, екеуімізді де атсын.
Виталий Витальевич күтпеген жерден әйел Цин-Джун-Чанға риза болды – ол сым туралы жақ ашпады, бірақ жауап алған кезде оны айтып қояды. Ол риза болғандықтан, әйелдің қолын қысып қойды. Әйел жымиды. Өңіне осы жолы анықтап қарап еді: жіңішке қасы дөңгеленген, жап-жас екен. Ол жұп-жұмсақ саусақтарын профессордың маңдайына тигізіп:
– Ляр-ин!.. – деді.
«Бұл жақсы көргенде айтылатын сөз шығар» деп ойлады профессор.
Ол қардың жиі де қатты сықырлағанын алаңдап күтті. Адамдар біреулерді ұстап әкетуге келгенде тез жетіп келетін. Иығы қатты сырқырап, қолы мұздады.
Едәуір уақыт өткен соң, Дауа-Доржы үш еркекті ертіп келді. Олардың ішіндегі жирен сақалды, қой терісінен тігілген бешпет киген біреуі мүсінді саусағымен нұқып:
– Осы ма? – деп сұрады жанындағыдан.
Жанындағы уыздай жас жігіт:
– Жұмысы көп, аға… – деді қарлыққан дауыспен.
Олар Будданы айнала жүріп, саусақтарымен тықылдатып, мысты мақтады. Дауа-Доржы Будданың беті мен киімін сипалап жүрді де, кенеттен ыршып түсті. Еріні домаланып, профессордың құлағына түкірігін шашырата арқасынан итеріп:
– Жексұрындар, барлық сымды түк қалдырмай сыпырып әкетіпті… неге менен кеткені енді белгілі болды!.. – деді ашуланып.
– Кім?
– Кім еді… солдаттар!.. Олар мені вагоннан ылғи шығарып салып, өздері жәшікті бұзып, сымды жұлып әкеткен… Ал, сіздер, сіздер, не қарағансыздар…
– Мен! Мен бе?
– Сіз! Сіз!.. сіз еріп жүрсіз ғой, сіз де жауап бересіз, мұнда үш жүз сом алтынмен!.. Бәсе, жәшік неге тез бұзылды деп ойлап едім… Бәлем, қолға түссін олар…
Ол қолын сермеп, шаруаларға қарап:
– Немене, алып кірісесіңдер ме? – деді айғайлап.
Жирен сақал тымағын шешті. Төбесінің қасқасы да күрең, мұрны секпілді екен. Профессор оған қарап жымиды. Мұжық та жымия түсіп, қолын ұсынды.
– Сау-сәләматсыз ба? Жолға шыққалы көп болды ма?
Дауа-Доржы:
– Немене, алатын болдыңдар ма? – деді асыға кимелеп.
Мұжықтар бір-біріне сұраулы жүзбен сақтана қарады.
– Былай қарасаң, алтын шықпайтын сияқты. Митьша, сен қалай ойлайсың? – деді жирен сақал ақырын ғана.
Үстіне спорттық тоқыма шлем мен көнетоз қысқа тон киген Митьша жалтарма жауап берді:
– Оны құдай біледі… бастысы – орыс бұйымы емес… Мұндай естімеген нәрсем. Қытайлардың мүсіні ме, немене?
Жирен сақал қолғаптарын тез киіп, өз шешімін айтты:
– Нәтижесіне қарай төлейміз, біз де ашкөз емеспіз… қанша қырып алсақ, сонша аласыңдар… мынадай алтынмен тағы пәлеге қалып жүрсек… қазір заман қиын, тырп еткізбей жан алқымнан алуы да мүмкін!
Пешке сүйеніп тұрған Дауа-Доржы:
– Қырып алыңдар… тезірек. Вагонды кешікпей тіркейді, тоқтата тұрыңдар. Мен айтқандай болады, – деді.
Мұжықтар құрал-сайман алып келуге кетті. Ішіндегі ең кішісі ғана қалды. Ол етігімен сабанды аударыстырып, вагон ішінде әрі-бері жүрді, барлық бұрыш, қалтарысты қарады.
Профессор дұрыс ұйықтай алмады, аунақшыды, өткенге ыңғайсызданды. Мұжықтар отын әкелді, түтін мен кепкен киімдердің иісі қосылып, тыныс алу ауырлады. Дауа-Доржы ұйқылы-ояу:
– Бүрге ұйықтатпайтын болды… – деді міңгірлеп.
Виталий Витальевич түн ортасында сабанның сыбдырынан оянды. Өзін иіс тигендей сезінді, аузы құрғап қалыпты. Жартылай қар жапқан терезеден сабан үстіне сәуле түсіп тұр. Сабан үстімен біреу еңбектеп келеді. Бұл Дауа-Доржы әйелге бара жатыр. Профессор басын бүркенді. Бірақ діндар әйелден тез қайтты. Дауа-Доржы профессордың бүкіл денесін саусақтарымен сипалап, сым іздеді. Жастық пен сабан арасын да тексерді.
– Будданы талапайға салғандар – орыстар. Мен оны елге адал апара жатырмын. Орыстар сымдарын сыпырып, жалатқан алтынын қырып алды. Ал, мұндай қорлаудан құдайдың киесі артады… – деді таңертең Дауа-Доржы.
Мұжықтар үш күн бойы Будданың жалатқан алтынын қырды. Ол Будданың беті мен жақтарында қалың екен. Міне, оның қызыл, сұсты, мыс пішіні ашық қалды. Еріні мен көзі қарауытып тұр. Ұнтақ алтын мүсіннің айналасына жайылған жүн шәліге шашырап түсті.
– Қырып аламыз, – дейді жирен сақал.
Дененің кей жерлерінде бөртпе дақтары сияқты жалатқан алтын қалдықтары қалыпты. Будданың саусақтарынан алтынды мүлде қырып ала алмады.
Мұжықтар Будданың алтыны үшін бір қап қатып қалған нан, бір шелек картоп пен отын берді. Олар ұнтақ түскен шәлі мен газетті ұқыптап орап алды. Діндар оларға жыртылған кесінді киізді де сатып жіберді. Отынды қалап, өзіне кереует жасады. Әйелге пешке отын салып тұруды тапсырды.
– Бұрын менің ойыма келмепті… әйтпесе сымды сатып, жолда бейнет көрмеуші едік. Енді суық тиіп, қалтырап отырмын. Сымдарды ұрлап кеткенін көрмеймісің. – Ол шинелімен қымтанды. Сосын қатты күліп: – Мен түнде сіздің әйелге бара жатқаныңызды көрдім, Виталий Витальевич. Сізге қарсыласпасын деп айтайын ба оған? – деді.
– Қалжыңдарыңыз маған ұнап тұрған жоқ, Дауа-Доржы.
– Онда мен басқа бір мағыналы моңғол аңызын айта аламын. Енді жазуыңызға рұқсат беремін, өйткені мен сізге сенемін. Нені көксейтініңізді өте жақсы түсіндірдіңіз… Мысалы, әдепсіз әрі әйелқұмар өмірімен бірге Муниула тарихы…
– Біз қашан жетеміз?
– Жақсы үнемдесек, бізге азығымыз бір жарым айға жетеді. Ол кезде біз Сібірде боламыз, онда менің жаңа жетістігімді құрметтеушілер көп, ішер асымыз мол болатынына сенемін.
Профессор қолын артына ұстап, сәл бүкірейіп, вагон ішінде әрі-бері жүрді. Сым туралы жақ ашпауды шешті, онсыз да жанжал мен жазғыру қажытты. Тушуту хан аймағы туралы сұрастырды. Діндар арасында қосып жіберіп мәнерлеп әңгіме айтуға құмар. Ол өз руының тарихын әңгімелейді, онда адамдар мен жерлердің аттары, ондағы соғыстар көп аталады. Профессор бұлдыр түсінсе де, ынтамен тыңдайды.
Таңертең Дауа-Доржының сырқаты күшейді. Шайды көп ішіп, саусақтарымен самайын қысып, ұзақ жатты.
Профессор пойыз стансыға тоқтағанда, қызыл армия лазаретінен доктор алып келді. Ол діндардың басын ұстап, кеудесін ашып көріп, қай жері ауыратынын сұрады.
– Бізде дәрі жоқ, Омбыда кейде лазаретке қабылдайды… қай жерде болсын орын жоқ… Мына кісіде сүзек. Кофе, таза киім және компресс, – деді доктор.
Сосын Буддаға таңырқай қарап, тырнағымен тықылдата соғып, «мыс» деді де, кетіп қалды.
Діндар кенеттен жыламсырап револьверін сұрай бастады. Өзін өзі атып тастаймын деп қорқытты. Ол профессорды жалқаусың деп кінәлап, дәрі табылмаса, өзінің бірден, жанын қинамай өлуі керек деп санады. Моңғол тілінде әйелді боқтады, анау болса аяғына жығылып, жылады.
– Револьверді сатыңдар да, дәрі мен кофе әкеліңдер!
Профессор шығып кетті.
Арада бір күн өткен соң Дауа-Доржы сандырақтай-тын болды. Тартқан компресті жұлмалай шешіп, кофені төгіп-шашты. Профессорға мұның бәрін әдейі істеп жатыр ма деген де ой келді. Діндар біресе тұрады, біресе шинельді қаусырынып, төсекке отырады.
– Будданың рухы бір саған ауысуда, киенің қайта оралуы мына сенсің, Дауа-Доржы, – дейді ол енжарлықпен бір сөзін қайта-қайта қайталап. – Менің жан қалтамнан қағаздарымды әперші… аймаққа жазып жіберейін…
Моңғолша бірдеңелер жазылған қағазды тықпалай ұсынып:
– Бәрі мені тастап кетті. Ажал алдында жалғыз қалдым. Мен өлген адаммын… мен Будданың соңғы рухымын, – дейді шағымданып.
Профессор ыстық су дайындап, компресс қойды. Дауа-Доржы жабырқаңқы, сұлық жатып қалды. Тақыл-тақыл аузына су құйып отыру керек болды. Тез арып-жүдегені сондай – шашы үрпиіп, мұрнының ішінен жүн ербиіп шығып тұрды. Жастық сілекей мен терден дымқылданса да, Виталий Витальевич оның басын бұруға арланбады.
Діндар дірілдеген арық қолын көтеріп, қырылдаған дауыспен моңғол халқының атынан халкомның орынбасарын құттықтайды. Сосын қанаушы Қытай империалистері туралы айтып, бірден Тушуту хан аймағына кең тараған Будда мүсіні туралы аңызды сөзбе-сөз (профессордың есінде қалғанынша) баяндап кетеді. Ол «Қоян жылы…» деп басталады да, Виталий Витальевичтің көз алдына шексіз қарлы даладағы иттей үлкен қызғылт қоян елестейді.
«Біз жөнсіз ісіміз үшін жаза тартудамыз-ау, шамасы» деп ойлады профессор. Ол қысқартып «Цин» деп атайтын осындағы әйел ыстық суға салып, діндардың іш киімдерін жуып жатыр. Басқа ауыстыратын киім онда жоқ. Тозған шығар деп қарап еді, судың бетіндегі кірдің арасынан кішкентай қалқыған түйіршіктерді көрді. Анықтап қарап еді – бит екен.
Кешкіде Виталий Витальевичтің аяғы сырқырады. Қарны аш емес, пеш лаулап жанып жатыр. Сонда да қалтырап, денесі жылынбай қойды.
Бірде таңертең Цин құрғақ отын іздеп кетті. Діндардың сандырағы күшейіп, орнынан қайта-қайта атып тұрады. Вагон ішіндегі түтіннен көзі ашып, беймаза болды.
Едәуір уақыттан кейін қолында жаңқалары бар Цин қайтып оралды. Виталий Витальевич есік жанынан ұзын бойлы, қоңқақ мұрынды, үстіне ит терісінен жүнін сыртына қарата тігілген ішік киген адамды көрді. Тымағында қызыл лентасы бар екен.
Профессор мойнын созып:
– Сізге не керек? – деді.
– Жай, ештеңе емес, – деді ол ішігінің түймесін ағытып.
Профессор есіктің тұтқасын сартылдатып:
– Өтіңіз, мұнда ауырған адам бар… Өтіңіз деймін. Мұнда үкіметтің мүлкі бар! – деді дауыстап.
Ішікті теңселе басып әрі кетіп:
– Жә, айғайламашы… үкіметтікі болса қайтейін! – деді гүжілдеп.
Виталий Витальевич Цинға жұдырығымен сес көрсетті. Анау болса әкелген жаңқаларын қолымен салмақтап, құрғақтығын байқауда. Ештеңе ұқпады.
Таң елең-алаңда есік сықырлады. Цин ілгекті ашып, басын сәл иіп, төменге, қараңғыға қарады. Біреудің жүнді қолы оны өзіне қарай тартты. Әйел артына қарамастан кетіп қалды.
Профессор діндардың алға созған қолынан ызалана бас салды. Анау болса, түрегеп отырды, төбеге тінте қарайды, жүзінен масайраған қуаныш байқалады. Профессор оған қолын тигізіп еді, анау селк ете түсті.
– Тік тұр-р! – Дауа-Доржы айғайлап жіберді. – Жақсы, жарайсыңдар-р!
Виталий Витальевич оның иығынан жұлқылады, жанында әрі-бері жүрді, одан даусын асырып:
– Тыңдаңыз, ол кетіп қалды, кетіп қалды!.. Қайт деп айғайлау керек! Мен ол сөзді моңғолша білмеймін ғой… – деді. – Тыңдаңыз, оның болғаны бізге жақсы. Кім сіздің киіміңізді жуады!.. Мен қай жағына жетемін! Тыңдаңыз, Дауа-Доржы.
– Тыныштал! Қай жексұрын анда бүлік шығарып жатқан? Қозғалма орныңнан! Тік-к тұ-ұр!
Профессор есікті шалқайтып ашып:
– Тыңдаңыздар, сіздер-р!.. – деп айғайлады жіңішке, үзік-үзік дауыспен, қараңғылыққа қарап.
Вагон баспалдағына Циннің қолынан түсіп қалған жаңқа сыбдырлады. Басқа ешқандай дыбыс естілмеді.

Жетінші тарау

…Ағаш, темір-терсек пен адамдарды тиеген пойыздар бірнеше күн бойы дүркіреп өтті. Қарлы далада саяқ жортқан қасқыр ұлиды.
Дауа-Доржы оңала бастады. Енді қолын сәл қозғай алады. Өне бойын тер басқан, әлсіздік бар.
Пеш жанында, әдеттегідей, шинель киіп, қайыс белбеу таққан, еңкіш шал отыр.
– Профессор!
Шал теңселе басып кереуетке жақындады. Дауа-Доржы оны саусағымен өзіне шақырып, ентігіп:
– Өлмей, аман қалдым ғой, – деді ентіге сыбырлап. Оның кірпігі мен еріні сәл дірілдеді, бұл жымиғаны еді.
Профессор не істерін білмеді. Толқытуға болмайды. Көзінің қиығымен қарап, терең күрсінді.
– Ал… енді тамақ ішу керек.
– Беріңіз.
Дауа-Доржы тамақ ішті. Профессор оған суға езілген нан берді, су ішкізді.
– Тағы беріңіз.
– Циннің жоғалып кеткеніне үш апта болды және ол туралы ештеңе естімедім, – деді оның көңілін аулау үшін.
– Тағы беріңіз.
– Сіз сандырақтап жаттыңыз, меніңше, оны тез қайтару үшін бір сөзді қатты айғайлап айту жеткілікті еді. Оны грузин бе, әлде черкес пе, біреу алып кетті.
– Тағы беріңіз!
Келесі күні Дауа-Доржы жұдырығын қысып, қолын еркін қозғай алатын болды.
– Тағы бер, шал!
– Сізге көп жеуге болмайды, Дауа-Доржы, сіздің ішектеріңіз тарылған…
– Тағы жегім келіп тұр. Ет жегім келеді!
Енді профессор станцияның жанындағы поселкеде өзінің неке сақинасын сатты. Ол сүт пен ет алып келсе, діндар еденде жатыр: ол еңбектемекші болған екен.
– Әкел!
Ол тамақты төгіп-шашып қомағайланып ішті.
– Омбы таяу, Дауа Доржы. Мұндағы таныстарыңыз қайда?
Діндар тамақ ішіп, ұйықтап қалды. Вагон жол тұйығында, сорттау стансысында тұр. Составтар арасында иттер жемтік іздеп жортып жүр. Виталий Витальевич вагондарды аралап, отындық ағаш жинады.
– Қиыр Шығыста және Маньчжурияда ақ гвардияшылардың көтерілісі жүріп жатыр, жолдас, – деді оған комендатурада. – Қайдағы бір Буддамен байланысты экспедицияны біздің жөнелтуге уақытымыз жоқ… ал егер сіздерде анда – Буддаларыңызда эсерлер үндеуі болса, сіздерде ондай мүмкіндік бола қояр ма екен?
– Қараңыздар.
– Менде, жолдас, күн сайын жетпіс состав – оның бәрін қашан қарап шығамын…
Сонда да профессор Сафонов Будданың үстіндегі жаппасын ашып, барлық жерін шүберекпен сүртіп шықты. Биік тәжінің ұшы сыныпты, орны күреңітіп тұр. Әлде оны Цин алып кетті ме екен.
Профессор өзінің мандаттарын қарады: толып жатқан мөрлер, анықтамалар мен қарарлар.
– Дауа-Доржы, егер біз Семей арқылы жүретін болсақ, дұрыс істеген болармыз? Иркутск жанында көтеріліс. Және пойыздарды Семейге өткізеді… Ал, ана жақтан өту қиын.
– Маған бәрібір! – Дауа-Доржы сәл үнсіз қалды да, – аймақта қойлар бар… құйрық майы он бес фунт. Аузың майланады, – деді.
–Дауа Доржы, егер мені тыңдамасаң, ол қойларды көре алмауың мүмкін.
Діндар қабағын тыржитты.
– Көремін, оған қулығым жетеді… Маған жейтін бірдеңе беріңізші, маған бәрібір.
Профессор қолын артына ұстап, вагон ішінде әрі-бері жүрді. Будданың маңайында ағаштар шашылып жатыр. Малдас құрған тізесінің үстіндегі қолының жанында қабықтар тасталыпты.
– Бұл, сөзсіз, өте дұрыс болар еді, алайда, шешуші қадам жасаудан бұрын мен сіздің толық айығуыңызды тосамын, Дауа-Доржы. Оған дейін дәл маршрутты белгілеп, нақты сметасын жасар едім, егер ақша болса.
– Маған бәрібір!
– Тамақ алыңыз.
Ол діндардың бетіндегі дөңгелек ісікті көрді. Ауырған уақытта оған қандай да бір билік жүргізе бастаған сияқты көрінді.
– Енді жеуге болмайды, тиіспеңіз! – деді оқыс. Дауа-Доржы қорғаншақтап кесені әрі итерді.
– Менің жегім келеді!
– Жеуге болмайды!
– Аздап!
– Болмайды!
– Жақсы, – деді діндар көніп.
Профессор вагон ішінде баяу адымдай жүріп, киіміне жабысқан тамызық – жаңқаларды қаққыштады.
– Дауа-Доржы, біздің сапарымыздың осы жерге дейінгі, тіпті соңғы стансысының өзі де менің анада сізге айтқан ойымның дұрыс болмағанын көрсетті… Онымен қоймай, ол анық байқалған үстіне байқалуда. Сіздің мүсінді – өз рулық қасиетті қазынаңызды ерлікке бергісіз құлшыныспен алып жүруіңіз, ең алдымен, қандарыңыздың намысы, Шығысқа оны мағынасыз жеткізу ғана болып қалмақ. Кешіріңіз, сіздің бәтуасыз ойыңыз ұлы міндетті санасыз түрде орындап шықты: Сыкун-Тудың даналық өлеңдерін менің мұқият оқып шығуыма түрткі болды…
– Су!
Профессор үстіне қонған шаңды шайып жіберіп саптыаяқты әперді.
– Алпыс тонналық снарядтармен, қалаларды қиратушы танкілермен мастанған сіз… ондай танкілер әлі жоқ, олар кейін болады, әлде сіз олар бар деп ойлайсыз ба? Сандырақтаған кезде сіз оларды көрдіңіз… отыз қабатты үйлермен және радиомен мастанған сіз Еуропа шақырған жаққа сенделдіңіз. Алайда, Еуропа өз бетпердесін сыпырғанда, сіздердің алдарыңызда ғасырлар рухы күшіне ене бастады, әзірше Ресейге ғана – өз қасқырларын қоя берді. Сіз іске асқан Будда екеніңізді еске түсіріп, өзіңіз азап шеге жүріп, түнек пен оттан алып өттіңіз…
– Тұруға көмектесіңіз!
Дауа-Доржы өсіп кеткен кір тырнақтарымен ерніндегі кеуіп қалған теріні сыдырып, ентіге дем алды. Жүдегеннен мойны сорайып, көзі кіртиіп кеткен.
– Сіздің тұруыңызға не үшін көмектесу керек? Өз кабинетіңізде отырып мал табынының қайда кеткенін бақылау үшін бе? Әлде махаббатта қызғануды білмейтін бейкүнә әйел ме, әлде Будда мүсініндегі тәңіріңіз бе?.. Сізге керегі осылар ма, әлде басқа тағы бірдеңелер ме, Дауа-Доржы?.. Басқа, анағұрлым құнды нәрсені мен әкеле жатырмын. Мен тар да, тайғақ жолды кешіп келемін… Жердің билеушілерінің бірімін деген бостекі ой, мүмкін, ең бастысы болар, бірақ одан арылу бәрінен де қиын шығар. Менің рухымды бекіту қапас пен даңғазадағы ең ұлы жеңіс болар, сірә…
– Қарным ашты!..
Діндардың қомағайлана тамақ ішуі мен көзіндегі жасты көрген профессор оның қуана келіскенін сезді. Асығыс, міңгірлеп тамақ сұрағаннан басқа әлі ештеңе айтпайды.
Профессор өзінің қойын дәптеріне жазба түсірді. «Қар жауып тұр. Дауа-Доржының отырғысы келгенмен, отыра алмайды. Шығыс мәдениеті Сібірге қаншалықты ықпал еткенін ойлау керек. Көтерілістер мен оның арасындағы байланыс. Мұнда надандықпен күрес анағұрлым ұзаққа созылады». Одан төмендеу: «Адамның өмірі көбіне оның балалық шағының жалғасы болады» деп жазды.
Дауа-Доржы орнынан тұрды. Қабырғадан ұстап, тәлтіректеп есікке қарай жүрді. Омбы қар вагон доңғалақтарын басып қалыпты.
– Қалада біздің кісілер бар, – деді діндар. – Олар тамақ береді.
Профессор киіне бастады.
– Сіз маған олардың мекенжайын айтасыз ба?..
Діндар күтпеген жерден жымиды. Профессор енді байқады: бет сүйегі шодырайып, құлағы қалқиып, көзі бақырайып кетіпті. Бет терісі күреңітіп, қалыңдай түскендей.
– Менің есімде… иә… жоқ… мүлде ұмытып қалыппын…
Ол одан әрі жымиды. Салалы саусақтарымен ауызын көлегейлеп:
– Ұмыттым… ұмыттым… бұл ауру емес… қайта менің жаңа түрге енуім… иә… Маған тамақ әкеліп беріңізші, – деді.
Профессор қаланы аралап кетті. Географиялық қоғамның бөлімшесінде болды. Мұрағатқа кіріп еді, солдаттар қатарынан сұлап ұйықтап жатыр. Кітапханаға кіреберіс сатыда пима, самоед ішігін киген адам тұр. Оның кеудесінде мұрағаттың белгісі бар.
– Сізге кім керек?
Профессордың қоғам председателімен сөйлескісі келді. Басқарма бастығы мен председатель юнкерлік көтеріліске қатысқаны үшін тұтқындалыпты. Ішікті адам шағымын айта жөнелді:
– Препарат банкасындағы спиртті ішіп қойды, қолтырауынмен пеш жақты, тасбақаны балалар шана қылып сырғанақ тебуде.
Профессорға моңғолдар туралы кім айтады екен? Ішік киген моңғолдар туралы қайдан білсін. Сөреде ондай кітап жоқ. Бұл ұрлап кетпесін деп кітапхананы күзетуде.
– Атқару комитетіне өтініш беріңіз.
Аткомдағы әйел қырғыз секциясына жіберді. Онда жас мұсылман «Коммунистік манифестті» қырғыз тіліне аударып жатыр. Профессордың сұрағына жауап бергеннің орнына ол: «Жолдас, сіз жазу машинкасын білесіз бе? Тез арада орыс алфавитін қырғыз-араб алфавитіне ауыстыру керек» деп қарсы сұрақ қойды. Қалада моңғолдар жоқ, олар қайда жоғалып кеткені белгісіз. Дегенмен, егер бұл моңғол тілін білсе, оған аудармашылық жұмысты ұсынатын түрі бар.
Вагон Омбыдан асты. Виталий Витальевичтің сүйемелдеуімен Дауа-Доржы вагоннан шықты.
– Мен Новониколаевскіде бізді Семейге оңтүстік жолымен жіберуді сұраймын.
– Маған бәрібір.
Дауа-Доржының етігін өзі киюге шамасы жеткені енді ғана еді, ол тегешті қолына алып, шығуға беттеді.
– Қайда барасыз?
– Вагондарды аралап, солдаттардан ботқа сұраймын…
– Мен барайын. Қайталап қаласыз, Дауа-Доржы.
– Мен айықтым… қайталап қалмас… Олар сізге ботқа бермейді… сіз шалсыз және қытайға ұқсайсыз…
– Дауа-Доржы, менің міндеттерім бар ғой.
– Сіз неге мені ашықтырып азаптайсыз? Сіз ұрланып тамақ ішіп жүрсіз…
Профессор алтын сым туралы ойлауды ыңғайсызданды. Ол сол шегемен жабылған қалпы бұрышта жата берсін, вагонмен бірге кетсін. Өзі үшін оны пайдаланбады және кейін де пайдаланбайды – ол ұры емес. Осындай ойдағы ол өзін алаңсыз сезінді. Будданың өне бойын шаң басыпты, тек қабақ тұсына ғана шаң аз тұрыпты. Арқасына жұқа жасылтым шаң қоныпты, профессор оны вагонның доңғалағынан шүберекпен алған маймен сүртті.
Бірде коммунистерді Қиыр Шығыс майданына апара жатқан бөлімде былғары күртешелілердің ішінен Анисимов жолдасты көріп қалған профессор комендатураға жүгіріп барды. Ондағы ойы Анисимов анықтама алуға келсе, ұстап алу еді. Бірақ Анисимов келмеді.
Дауа-Доржы тамақ алып келіп, қомағайлана, асығыс жеді. Күреңіткен қою ботқаның иісі жайылып кетті.
Діндар профессормен сөйлеспейді десе де болады және жол туралы сұрамайды. Енді жүрісі ширап, денесін тік ұстайтын болды. Новониколаевскіде ол күні бойы жоғалып кетті.
Тарату пунктінде профессор Сафоновтың өтінішіне ойламаған жерден: «Қанағаттандырылсын, сұраған маршрутымен жіберілсін» деп комиссар белгі соғып берді.
Ымырт үйірілді. Профессор вагонды іздеп составтар арасында көп жүрді. Есіктегі жазу өшіріліп қалыпты. Қолшамның жарығымен болмашы ғана көрінеді. «Қайтадан жазу керек» деп ойлады ол.
Дауа-Доржы төсегінің үстінде отыр. Ол ешкі терісінен тігілген жаңа шолақ тонды желбегей жамылыпты, гимнастеркасының жағасын түзетті.
– Сізге сыйлаған ба? – деп сұрады профессор.
– Алдым ғой!
– Міне қара… қаңғыбастарға шолақ тонды қайда беріп жатыр, – деді әлі де өз ойынан айыға алмай.
Діндар түсініксіз қимыл жасады да, бүйірін таянды. Түсі өзгеріп, көзі бозарып кетіпті.
– Полкта, полкта, полкта… сен жексұрын, қалшы өзің менен! – деді даусын көтеріп. – Сенімен осында өлуім керек пе! Маған мында… мында… мен…
Ол қолын оқыс көтермекші болды. Профессор қатты үрейленіп қалды.
– Әрине, өзіңіз білесіз, – деді профессор. – Мен мүлде басқаша ойлап едім, Дауа-Доржы… мен біз тіл табысамыз деп ойлаймын… Мен, бірдеңе ғып ақша таба аламын. Рұқсат алынды. Мұндай жағдайда білесіз бе?..
– Жеткізуге бармақсыз ба – жеткізіңіз! Мен анкетада өзім жаздым, офицермін деп…
Профессор оның ісіп кеткен бетіне қарады. Дауа-Доржы өзінің қайта түрленіп өзгергені туралы айғайлайды: енді ол Будда емес, діндар емес, ауырмапты – өліпті, ол мына қасындағы алтын теңбілдінің рухын өзіне қалдырыпты.
– Қалжыңдағанды қойыңызшы, Дауа Доржы… – дейді ақырын профессор. – Сіз офицерсіз, сізді орыс дерліксіз. Большевиктерге қызмет етуге сіздің баруыңыз керек пе?.. Сіздің міндетіңіз, егер сіз адал адам болсаңыз… Мен сізге сенбеймін.
Дауа Доржы қалтасынан профессордың қолорамалына оралған қағаздарды алып шығып, кереуеттің үстіне лақтырып жіберді. Сосын есікке беттеді. Аяғы сәл қалтырады. Есікті теуіп ашты. Дауа Доржы, діндар әрі лама кетті.
Ол жаңа түрге ену туралы міңгірлеп барады. Ол оған сене ме, әлде жоқ па, белгісіз. Әлде вагон жанында солдаттар айтқан: «Темір жол тундрада адасты, енді ол мың жыл жүреді» дегенге сене ме? Әлде сүзектен кейін аяғын асқазан билей ме екен?
–Қажыттың сен, кәрі албасты, енді өзің апар!.. – деді вагонның астына кіріп бара жатып.

Сегізінші тарау

…Профессор Сафонов – еуропалық. Ол ештеңе ойламау үшін денең мен ақылың қозғалыста болу керек деп біледі. Қозғалыстың мәнін байыптамаған Еуропа үнемі қозғалыстан қапасқа келіп тіреледі. Шығыс болса мызғымайды және де оның символы лотос бейнелі Будда болуы тегін емес.
Виталий Витальевич қимылдай жүріп, вагондағы өзінің әдеттегі жұмыстарын істеді. Түнде қараңғылықтан және жалғыз қалып елегізуден түсініксіз дыбыстар шығарып, түрлі қимылдар жасады. Енді оған не қалды: ол еуропалық, ол өз міндетін орындауы керек, оның үстіне мәдениетті еуропалыққа өзінің жан толқуын жеңуі үшін бір күн, тіпті бірнеше сағат жеткілікті. Оған Будданы моңғол шекарасына жеткізу және оны моңғол халқының өкілдеріне тапсыру жүктелген. Петроградта оның пәтері, кітаптары, нәрселері және бүкіл өмірінің еңбектері – қолжазбалары бар. Ол тапсырманы орындап, қайта оралады. Моңғол ламалары оның істеген қызметі үшін алғыс ретінде өз елінде қонақ етеді деп неге ойламасқа? Сонда революция біткенше қала тұрып, дем алып, күш жинай алмай ма? Қалай болғанда да, ол діттеген жеріне жетуге міндетті. Ол Будданы тиісті жерге жеткізеді.
Профессор Сафонов тақтайды қопарып алып, алтын сым кесегін қалтасына салды. Нан бар жерде алтынның керегі бар. Профессор жақын тұрған ауылға барып, мұжықтарға сіріңкенің қорабындай сымға нан мен май берулерін сұрайды. Үстінде сұр бәйке көйлегі бар дембелше мұжық құрт ұстап тұрғандай сақтықпен сымды қолына алды. Сымды алақанына салып салмақтап, тіске салып басып, табаға соғып, ақыры қайтарып береді. Сосын қайтадан алып, сипалап қарап, тіске салып – тағы қайтарып береді.
– Алтын болса, алтын шығар. Өзіңде болсын, мүмкін, өлген адамдардікі ме? Неше түрлі адамдар келеді қазір осында, – деп қалаш береді.
Басқа үйлерде картоп немесе тағы бірдеңе береді, бірақ алтынды өзіне қайтарып береді.
Түнде есіктің жанына жатады. Есікті қақса, саңылауды қолымен жабады, онысы – вагонның бос екенін білдірмеу. Пойыз жүріп кеткенше, сырттағылар есікті тарсылдатып, қарлыққан дауыстарымен боқтайды. Профессор Сафонов көктемді осылай қарсы алды.
Семейдің тұсында күні-түні жел еседі де тұрады. Ертіс бойын жағалай өскен терек құм басып қалудан сақтап тұр. Профессор Сафонов Семей стансысындағы комендатурада. Тужуркасында қызыл банты бар комендант қағазға бірдеңелерді жазып жатыр. Профессордың барлық қағаздары мен мандаттарын асқан мұқияттылықпен заңдар жинағын оқығандай қарайды. Мұның үстіне профессор үстіндегі костюмінің тозғанына ыңғайсызданды.
– Отырыңыз, жолдас, – комендант барлық құжатты тағы қарайтындай жиыстырып қойды. Сосын қолын қусырып:
– Демек, келгенсіз, – деді.
– Жолдас комендант, менің сізге өтінішім бар.
Комендант ашулана басын шайқады, көзі ақшиып кеткен.
– Қандай өтініш? – ол күдіктене сұрады.
–Маған алып жүру тапсырылған Будданың мүсінін вагоннан түсіріп тастады. Ол ешқандай қараусыз аулада жатыр. Оны бүлдіріп тастай ма деп қорқамын, өйткені мүсіннің археологиялық немесе діни ғана емес, сонымен бірге жоғары көркемдік және қоғамдық құндылығы бар. Халком советі маған…
Комендант қолын керді, сосын кеудесін сипалады.
– Соны-мен, түсірген екен, жақсы онда. Немене, бір жыл бойы вагонда жату керек пе?.. Қазір Питерде бәрі қымбат қой. Нан қаншадан?
– Комендант жолдас, мен сізден өтініп сұраймын…
Сонда барып комендант ақырын орнынан тұрды да, орындығын баяу қозғап, көрші бөлмеге қарап:
– Сергей Николаевич… А? – деді даусын созып.
Көрші бөлмеден де «и-иә-ә» деген дауыс созылып естілді.
– Келсейші бері.
Ақыры көрші бөлмеден аса ұзын қара мұртты тапал кісі келді. Даусы да мұртына сай өте жуан екен. Олар мандаттарды бірге оқыды. Кенеттен Сергей Николаевич қатты қарқылдап күлді.
– Бу-у-уд-да-ны! Құдайды… Сайтан алғыр!.. Перун біз-ге!.. Ха-ха-ха!
Комендант оның аузына ұзақ қарап тұрды да, ол да қосылып қарқылдап күлді. Мұны естіген бойжеткен қыздар, олардың артынан ұйқылы-ояу солдаттар жетіп келіп, бәрі қарқылдап күлді. Бүкіл дәліз күлкіден дірілдеп тұрды.
Бірақ осы кезде комендант револьверін қолына алып, тобырға айғай салды:
– Тараңдар!.. Жұмыс істеуге бөгет жасамаңдар!..
Ол мұртына тамған көз жасын сүртіп, Сергей Николаевичтен:
– Ал, қолдар дұрыс қойылған ба? – деп сұрады мазасызданып.
– Дұрыс сияқты.
– Ал, дұрыстығын анықтауға бола ма?
– Олардың дұрыстығын қалай анықтайсың?
– Салыстырып тексеру керек.
– Бізде расталған петроградтық қолдар жоқ.
Сосын комендант шыңыраудан су тартқандай шайқатылып:
– Ал, расталған питердің қолы жоқ екен, онда жалған… егер дұрыс қолдар болғанда… – деді.
Профессордың қанша зығырданы қайнағанмен, сабыр сақтады.
– Жолдас комендант, мен мынаны ескертейін деп едім. Мен осы қойылған қолдармен Петроградтан келдім.
– Бұл Петроградтан… ал мында бізде жергілікті өкімет. Семейден осылай шықсаң, ешқайда бара алмайсың. Егер дұрыс қол қойылғанда…
Сергей Николаевич терең күрсініп:
– Қолдары дұрыс, демек, меніңше, дұрыс іс, – деді.
Комендант орындыққа отырды да, қолын тағы қусырды. Сілекейін шашыратып, баптанып:
– Телеграф орталығында расталған қолдарды сұрап алуға бола ма? – деді.
Ол қолын жазып, ойлана сөйледі:
– Керемет. Олар бізге Будданы неге жіберген?.. Ал, біз мұнда кез келген қоңыраудан он жаңа Будда құйып шығарар едік. Керемет екен!
– Керемет! – деді Сергей Николаевич жуан даусымен.
– Қараймыз ба, немене, Сергей Николаевич?
– Қарайық!
Үшеуі тауар ауласына кетті. Олардың артынан қол қойғызатын қағазы бар бойжеткен жүгіріп барады. Комендант билеген адамдай бурханға аяғын тигізді. Сергей Николаевич шеті сынған тәжінен сипалады. «Ақаулы екен» деді. Комендант тағы қолын қусырды.
– Саусақтары алтын екен…
– Алтын жалатқан.
– Иә, иә, мен де соны ойлап тұрмын. Петроградтан алтын саусақтарды қалай шығарған.
– Зияны жоқ қой. Жата берсін.
Профессор мандаттарын қалтасына салды.
– Мен оны алып кетемін!
– Ал, әкетіңіз. Сізге, шынында, бізден не керек?
– Күзет қою керек!
– Күзет?
Комендант Сергей Николаевичке қарады.
– Күзет қоюға болады, – деді анау.
Комендант шұғыл басын иіп:
– Болады. Бұған Савоськаны қою керек. Ол ұйқыны жақсы көреді, ұйықтай берсін… – деді.
Савоська аяғы қысқа болғандықтан, жыбырлап жүреді. Кірпігі ұзын. Ол шинелін мүсіннің жанына төсеп, өзі оның үстіне жатады. Сосын темекі шегеді, Будданың бүйірін саусақтарымен соғады.
– Мыс, – дейді ол таңырқай әрі құрметпен қарап. Сосын профессордан:
– Ал, сіз, ағатай, ертегі білесіз бе? – деп сұрайды. Сосын Виталий Витальевич жауап бергенше ұйықтап кетеді.
Профессор Сафоновтың мұнда шаң жұтуына тура келді. Шаң самайды тоңдырғандай әсер етеді екен. Қар болса еріп жатыр, бірақ мындағылардың бәрі тымақтарын бастарына киіп алыпты. Әлде самайларын қорғай ма екен?
Вокзал сыртында профессордың шинелі қоршауға ілініп қалды. Ол ілінген шегеден шығармақшы болды. Бірақ ол шеге емес, адамның саусағы екен. Ал саусақтың арғы жағында бешпет киген батпақтай қап-қара адам тұр. Бешпет профессордың қалтасына бас салып, оны лақтырған бақырдай айналдырып:
– Ақшаңды сақта… алаяқ… сен сатуға не әкелдің? – дейді кіжініп.
Профессордың қимылдауы қиын, оның үстіне ана адам оның белбеуінен тастай ұстаған.
– Көрсетіп жіберіңізші, мұнда Совет қай жақта?
– Совит? Мұнда Совет дегендер көп… Советтің үйлері көп. Менің үйім де Советтікі. Тағы Совет түрмеге отырғызады, Білімжан болса онда бесінші ай отыр… Совет сауда жасамайды, бәрін тегін береді…
– Маған Советтің атқару комитеті керек.
– Ана жақта адамдар көп, қорықпа, жүр апарайын.
Татар теңселе жүріп келеді, жолда қандай тауарларды өткізетінін сұрайды. Ол кіреберісте тосып қалды. Профессор жұмыстарын бітірген соң, оның үйіне шай ішуге, ұйықтауға барады. Татар оның соңынан:
– Советтен көбірек сұра… ол бәрін береді. Ой-пырмай, елдің жағдайы ауыр ғой, – дейді.
Атком секретары мандаттарды көз жүгіртіп оқып шықты да:
– Сіздің Иркутскіге қарай жүруіңіз керек еді, – деді. Сосын үстел басында томардай ғана болып бүрісіп қалды.
– Біз армияның жүрісіне бөгет жасамайық дедік. Мен Шолақ-Перек көлі арқылы Семейден Лепсіге барамын. Сосын сол жақтан пикеттер арқылы Сергиопольге, одан әрі стансылар арқылы шекараға жетемін…
– Алайда, бұл тұтас бір экспедиция болады ғой… Оның үстіне Будда, оның не керегі бар? Ал сіздің жолдастарыңыз қайда?
– Олар армияға қосылып кетті.
– Тіпті жақсы! Сіз жалғызсыз?
Олар председательдің кабинетіне кірді. Секретарь мандатты саусағымен нұқып:
– Будда келді! Ат сұрайды! – деді күліп.
Председатель ашулы көзін бадырайтты. Ол маңайындағыларды көбіне еркін жібереді де, кейін ақырып жөнге шақырады.
– Мейлі, қайда барса, онда барсын!.. Мында бізге үгітшілерді түйелермен тасуға тура келеді, ал бұған ат керек. Оны маған жібер, маған… мен сыбағасын беремін!..
Секретарь тағы да бір уыс болып қалды.
– Егер, қажет болса, мен сіздің мәселеңізді Совет пленумының мәжілісіне енгізейін… мандаттарыңызды тастап кетіңіз, сосын аптаның ортасында келіңіз. Асханаға карточкаңыз бар ма? Іссапарға жіберілген ретінде губпродкомға Никитин жолдасқа барыңыз.
Профессор мандаттарды қайтарып алды.
– Онда маған ерікті ретінде рұқсат беріңіз.
– Тілеуің болсын, жолдас, жалғыз-ақ ескертемін…
Секретарь рұқсат қағаз жазды: «Семей губерниясының шегіне дейін Будда мүсінімен еріп жүруші ретінде профессор Сафоновқа» .
Татар Хизрет-Нағым-бей оны кіреберісте тосып алды.
– Алдың ба?
Профессордың губпродкомда карточка алуы керек. Сонда оны Хизрет-Нағым-бей тамақтандырады да, одан өте арзан алады. Бір айдан кейін құрбан айт. Мұсылман емес қой ол. Солай, қай татар христиан болушы еді. Ал, моңғолдар туралы ол естіген жоқ, олар қырғыздармен бірге далаға көшіп кеткен. Онымен бірге шинель киген кісі келе жатыр ма? Келе ме? Өте жақсы. Солай.
Профессор татардың артынан үнсіз еріп келеді. Оның бүкір арқасына май жолақтарын жапсырып қойғандай. Профессордың жобалағанындай, қаланың көшелерін құм басқан. Оның қарлы даладағы қарағай мен тиіндерді көргеніне бір апта ғана болып еді. Жолыққан адамдардың түсін түсінде көргендей тез ұмытты. Татар қайта-қайта бұрылып, артына қарағыштай береді және де әр қараған сайын оның беті құбылып өзгеретін сияқты. Келе жатқан жаңа мәдениет қарсаңында ұйқыдан басқа бітірері жоқтар өзгеше мәдениетті адамдардың тентіреп жүруі деп ойлай ма екен. Бәрі ұйықтап жүргендей. Суға тастаған тастай ойыңды тез ұға қоймайды. Профессордың бойында сергектік, өз ісіне риза болғандық сезімі пайда болды. Ол татардың бетіне қанағаттанғандықпен қарайды, ал анау болса басын изеп: «Жақсы» дейді.
Кенеттен профессордың татардан ештеңе жасырмай, жағымды бір нәрселер айтқысы келді. Ол татар үйінің ауыз бөлмесіне төселген киізге сүйсіне аяқ басты. Жұқпалы аурудан қорқып, төр үйге кіргізбесе де, рақаттанып қалды. Бөренеден салынған қабырғаны сипалап, «Мықты үй» деді және татардың кірпіш үйін қалай тәркілегені туралы әңгімесін қызыға тыңдады.
Алғашқыдай емес, Хизрет-Нағым-бей сөздерді дұрыс айта бастады. Сәл боянған, Цинға ұқсайтын әйел шөптен дайындалған шай әкелді. Профессор оған сәлемдесіп тағзым етті. Есіктерге таза шымылдық тұтылыпты.
Профессор қалтасынан шаруаларға сатуға ұсынған алтын сым кесегін алып шықты. Ол мында басқаша жағдай, сымның бағасын біледі деп ойлады. Татар сымды алақанына салып, салмақтап көрді.
– Көп пе? – деп сұрады Нағым-бей.
Профессор сымды беріп жатып, тамақ сатып алуды ойлады.
– Көп.
Татар орнынан тұрып, бойын түзеді. Кір бешпеттің астында таза мақпал шалбары мен жібек көйлегі бар екен. Нағым-бей профессорды төр үйге кіргізді. Татарлар жинала бастады. Нағым-бей лезде жоқ болып кетті. Ол сымның шынында алтын ба, жоқ па, соны білуге кетті деп ойлады профессор. «Бәрі тамаша» деп ойлады профессор.
Татарлар оны қоршап алды: орыс зергер сымның қытай алтынынан жасалғанын айтыпты. Бұл дегенің ең қымбат әрі көне алтын. Олар профессордың олақ жамылған шинеліне, құрбақаның түсіндей шашына және алмалы-салмалы алтын тістеріне қарайды Сосын бұл ұры емес деп шешті. Хизрет-Нағым-бей:
– Қанша сұрайсың? – деп сұрады.
Профессорға керегі – мықты арба, төрт түйе, екі түйе айдаушы және қажетінше тамақ. Ол Шолақ-Перек (Шолаққайран) көлін жанамалай Сергиопольге және одан әрі тракт арқылы стансылармен жүріп, Будда мүсінін Шәуешекке дейін апарады. Ода мандаттар мен рұқсат қағаздар бар. Профессор Будда мүсіні не екенін түсіндірді.
– Бурхан… бурхан… – тақыр бастар шұлғыды.
Олардың бурханды өз көзімен көргісі келді. Профессор Сафонов оларды тауар ауласына алып жүрді. Савоська басын Будданың бүйіріне тіреп, ұйықтап жатыр. Оның жанында темекі тұқылдарын жел үйіруде.
–Төрт түйе апара алмайды, – дейді татарлар.
Олар жорта қиналып, мүсінді жанына жатқызуға тырысады. – Шәуешекке дейін сегіз жүз шақырым, далада көктемнің келуімен жол бұзылуда, түйемен жүру қиын, сондықтан кемі сегіз түйе керек.
Олар қайтып оралып, шай ішті және сым үшін Будданы Сергиопольге дейін жеткізуге келісті.
– Басқа біреулерді табамын, – дейді профессор.
Татарлар бірімен-бірі дауласты: қазір соғыс жүріп жатыр, Сергиопольдің арғы жағында ақтар, түйелерді айдап кетеді, адамдарды өлтіреді, сым үшін түк те сатып ала алмайсың. Ақыры олар төрт түйе беруге және Сергиопольдің арғы жағындағы Ақшолақ станциясына дейін жеткізуге келісті.
Профессор аула ішінде ұзақ жүрді. Өсімдіктен жасалған қоршау көктепті. Құрғақ құм желмен сусиды. Түйелер шуылдап дем алады. Тынымсыз ескен желден жусан иісі білінеді.
– Мынаны ұрлап кетсе не істеуші едің? – дейді профессор Савоськаға әзілдеп.
Савоськаның шағын денесі одан сайын бүрісті.
– Әкетеді деймісіз… Кімге керек! Бізде әне отын да шіріп жатыр… Құдайды апара жатырсыз ба, ағатай?
– Апарамын.
– Осыларға сиына ма?
– Сиынады.
– Ғажап екен!
Құм басқан қала. Сұрқай үйлер. Үлкенді-кішілі көп адам Будданы шығарып салуда. Ол арба үстінде, киізбен жабылып, арқанмен байланған. Мыс бет-бейне мелшиген үнсіз, ұйқыдағы адамдай.
Будда қаладан шығып барады. Арба құм үстінде дыбыссыз жылжып, түйелер жуан сандарын кең адымдайды. Түйе айдаушылар үнсіз, көңілсіз еріп келеді.
Хизрет-Нағым-бей терезеден көз салып, Моңғолияға кесек мысты апара жатқан күлкілі адам туралы ойлайды. Ол осында қал деп үгіттеді. Алтын тісі бар осы адамға берген төрт түйесін және де арбасын ойлады. Сосын атын ерттеді…
Денесінің әр жерінде буылтық-буылтық жүні салбыраған түйелер бірқалыпты ілбиді. Профессор қараңғы ініне жып беріп кіріп кеткен сарышұнақты көргенде, Дауа Доржыны есіне түсірді. «Ақымақты жол қорқытты, тамақ қызықтырды, інге кіріп, жоқ болды. Енді бір жерде кеңседе отырған шығар…» деп ойлады профессор.
Будда арба үстінде теңселіп келеді. Жерде қылтиып жаңа шыққан шөп бар. Профессор уыстап жұлып еді, жусан иісі білінді.
– Соп-соп! – түйе айдаушылар айғайлайды. Оларға қосылып профессор да дыбыс шығарып қояды.
Үшінші күні таңертең сексеуіл өскен төбелердің арғы жағынан салт аттылар шығып, керуенге шауып келді. Біреуі құрықтың ұшына қара шүберек байлап алыпты. Олар тізгіндерін біресе тартып, біресе босатып, айғайлайды. Түйе айдаушылар желкелерін алақандарымен жауып, етпетінен жата қалды. Түйелер тоқтамай алға жүріп барады. Осы кезде салт аттының біреуі:
– Шөк! – деп ақырды.
Түйелер шөкті.
Профессор Сафонов жайбарақат, қолын шинелінің қалтасына салды. Ол салт аттылардың жанына келгенше «Күзет талап ету керек еді» деп ойлады. Ол өзін кінәлі санап, жүрісін баяулатты. Құрық ұстаған салт атты басып кетердей жанына келді. Аттың аяғы профессордың бүйіріне тиді, дымқыл былғары иісі білінді. Қоңқақ мұрынды бұл қырғыздың беті орысқа ұқсайды екен. Ол ат үстінен сәл еңкейіп, тізгінін ердің қасына лақтырып жіберіп:
– Қайда барасың? – деп сұрады.
Профессор өзінің белгісіз кінәсін тағы бір сезініп, асыға-аптыға:
– Сергиопольға… сіздер қайда бара жатырсыздар, азаматтар? – деді сасқалақтап.
Алайда, осы кезде қырғыз оны басынан қатты бір затпен соғып жіберді. Профессор бір қолымен ерге жармасып, екінші қолымен желкесін қорғай берді. Айнала тұманданып, қарауытып кетті. Қырғыз енді қиқулап иықтан ұрды.
Профессор құлады.
Енді салт аттылар қиқулап арбаны айнала шауып, аттарына қамшы басып, Буддаға жақын келді. Түйе айдаушылар орнынан тұрды. Бәрі бір нәрсе күткендей төбе жаққа қарады. Ол жақтан тағы бір салт атты шауып келеді. Ол бір қолымен басында бұлғақтаған солдат фуражкасын бастыра ұстапты. Бұл Хизрет-Нағым-бей еді. Ол бұларды төбенің арғы жағында күтті. Қырғыздар асығулы, арқанды кесіп, Будданы құмға құлатты. «Мына жерге» дейді Нағым-бей. Аналар балтамен Будданың кеудесінен соқты. Будданың кеудесіне ламалар әдетте құнды заттарын тығады. Бірақ Будданың кеудесі бос болып шықты. Сосын қырғыздардың біреуі алтын жалатқан саусақты шауып алып, шалбарының қалтасына сүңгітіп жіберді. Хизрет-Нағым-бей жерде жатқан адамның жанына келді. Нағым-бей оны аяды, бірақ ол үшін түйелер одан да қымбат. Таяқпен ұрған адамның алтын тісті алғысы келді.
– Кет әрі!.. Тісімен бірге өле берсін! – деді оған қатты зекіп Хизрет-Нағым-бей. Қырғыздар түйелердің басын кері бұрды.
Кейін, кешкіде, өлер алдында профессор Сафонов қолымен жер тіреп, иығын көтерді. Қолының астындағы қою су оны өзіне тарта берді, тарта берді…
Бірақ ол су емес – топырақ болатын. Топырақ.
…Будданың опырыла сынған кеудесі күрең мысқа толған. Биік иегі тілім-тілім. Алтын саусақтары қайда кетіп бара жатқаны белгісіз. Көзі көшпелі құмға емес, жоғары қарап жатыр. Алайда, «Будда енді қайда барады?» деп кімнен сұрай алады?
Өйткені Будданың үстінде тастай үнсіз жалғыз аспан ғана. Жалғыз аспан…

Орыс тілінен аударған – Серік САТЫБАЛДИН

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жолаушы

Жолаушы

Қыркүйек 30, 2015 0 259

ОРДА

ОРДА

Қыркүйек 30, 2015 0 290

САБАҚТАСТЫҚ САРЫНЫ

САБАҚТАСТЫҚ САРЫНЫ

Қыркүйек 30, 2015 0 317