БАЛБАЛ ТАСТАР БАЛБАЛ ТАСТАР

БАЛБАЛ ТАСТАР

26.04.2015 0 475

Тіл мәдениеттің жалпы сипатын танытады. Тіл әрбір этникалық қоғамдастықта этностың мәдени ерекшелігін танытатын фактор ретінде, мәдениеттің тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетуін қамтамасыз етеді. Халықтың, яғни... БАЛБАЛ ТАСТАР

Тіл мәдениеттің жалпы сипатын танытады. Тіл әрбір этникалық қоғамдастықта этностың мәдени ерекшелігін танытатын фактор ретінде, мәдениеттің тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетуін қамтамасыз етеді. Халықтың, яғни этностың болмысы мен дүниетанымы оның тілінде ғана сақталады. Этностың тілі мен мәдениетінің арасындағы тікелей байланыс халықтың рухынан, тілінен көрініс табады. Кез келген халықтың өзіне тән тарихы, мәдениеті болады. Халқымыздың дүниетанымын, өткен өмірінің тарихын, өзіндік болмыс-тіршілігінің, рухани-мәдениетінің салт-дәстүрінің, ырым-жоралғыларының құпия сырлары тіл арқылы беріліп, сол арқылы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалып отырады. Тіл арқылы халықтың ертедегі рухани байлығын жан-жақты қарастыру, байымдау болып табылады.
Түркі халқының рухани құндылықтарының бірі – елін, жерін қорғаған батырларын қастерлеу. Ертеде түркі халқы батырлары мен көсемдерінің, бабалары мен абыздардың бейнесін, мүсінін жасап, тас мүсіндердерге олардың кім екенін, өмірбаянын, тарихын қашап жазып кеткен. Халықтың рухани мәдениетіне тән ерекшеліктердің бірі – олардың этникалық ортасында әр кезеңдердегі наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптардан жинақталған баблбалдарға табынудың қолданылуы еді. Тас мүсіндерге, балбал тастарға табыну мәнісі тотемдік нанымнан туындаған, дүниеден озған бабалар есімдерімен байланысты жалқы есімдердің пайда болуы мен қолдануын негіздейді.
Тас мүсіндердерге тақта тастар, қой тас, сынтас, үлкен ескерткіштер мен және басқа да мәдени-рухани мұралар жатады. Осындай құндылықтарды өркениет тұғырына көтеруге көптеген ғалымдар: В.Томсен, В.В.Радлов, Н.Х.Оркун, С.Е.Малов, Т.Текин, Ғ.Айдаров, С.Г.Кляшторный, В.А.Лившиц, А.Н.Кононов, В.Д.Кормушин, Г.Клосон, В.Атлай, А.Фон Гавен, А.М.Щербак, А.Аманжолов, Қ.Сартқожаұлы көп уақыт зерттеу жұмыстарын жасап, экспедициялар ұйымдастырды.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, бұл тастар VІІ-VІІІ ғасырда түркі хандарының басына қойылған ескерткіштер. Моңғолияның Орхон, Сэлэнгі, Тоғула (Тула) аймақтарында Орду-балық, Бай-балық, Қатын-балық, Тоғула-балық, Мағы-қорған сияқты бес қала, 100-ден астам киелі орындар бар.
Тас мүсіндердің бақатас, қойтас, бөрітас, жолбарыстас, сынтас, текшетас, мүсінтас, тұғыртас, т.б. формасында болуы және тас бетінде әр алуан байырғы тайпалар таңбасы қашалған бейнелердің өзіндік символдық белгілерін «М.Жолдасбеков, Қ.Сартқожаұлы Орхон ескерткіштерінің толық Атласы» [1] атты кітабынан тотем саналатын бөрі, айдаһар, жолбарыс, таутеке, қой, өгіз, ұлу, құс, ай, күн, Ұмай-ана бейнелерін кездестіреміз. Мысалы:
1. Таутеке (серке) таңбасы – көне түріктердің қаған тұқымының символы. Елтеріс Құтлұғ қаған, Күлтегін, Білге қаған және Онгин ескерткіштерінің ұстынының жоғарғы жағында қаған символы – «таутеке(серке)» таңбасы қашалған.
2. Бөрі таңбасы да – көне түріктердің қаған тұқымының символы. Бөрінің бейнесі Бұғыты, Күлтегін, Білге қаған ұстындарының бас жағына сақтардың (скифтердің) хайуанат стилінің үрдісімен кескінделінген. Бұл ескерткіштердегі бөрі бейнесі тас бетіне түсірілген де, басын – қасқырдың басына, денесін – айдаһарға, аяғын – жолбарысқа, шудасын – арыстанға ұқсатып мифтік кейіпте бейнеленген.
3. Қос қанатты құстың рәмізі – бейбітшіліктің белгісі. Елтеріс Құтлұғ қағанның мүсінтасы кешеннің қақ төрінде. Мүсінтастың басын 2002 жылы экспедиция кезінде Қ.Сартқожаұлы тапқан. Бас мүсіннің басында маңдай қайырмасымен екі құлағы тұтас жасалған тымақ. Тымақтың маңдай қайырмасының үстінде қос қанатты құстың рәміз белгісі салынған.
4. Ту және тутұғыр – байырғы түрік қағанатының символы. Күлтегін кешенінде тутұғырлар арнайы жасалған.
5. Айшық таңба – әлемнің төрт бұрышын мегзеген символ. Айшық таңба салынған текшетас ақсұр граниттен жасалған төрт бұрыш. Текшетас – Қаған тағының киесі. Бұл тақ киесіне «әлемнің төрт бұрышына ие» деген мағынада айшық таңбасы қашалған. Текшетастың сызба суреті Гурван-Мандал тауының жартасына сызылған.
6. Үш бұрыш тұмар таңбасы – балбалдың мой-нына салынған символ. Жал қақпасынан басталған сегізінші балбалдың мойнына ◄ үш бұрыш формалы «тұмар» таңба салынған. Сондықтан болар, тұмар тағу ертеден келе жатқан, ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі әдет. Ол көбінесе адамға әсіресе жас балаға және малға көздің сұғынан, тілдің уынан сақтасын деп тағылады. Демек, көз тию, тіл тию дегендерден сақтайтын символ.
Қазақ даласындағы тастан, күйдірілген кірпіштерден жасалған дындардың түпкі негізі тас мүсіндерге, балбал тастарға сыйынып, табынудан шыққан. Ә.Марғұланның: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күмбезі жайлы зерттеулерінде, тас дындар үйсін, қаңлы, ғұн, сақтар кезінде тұрғызылған белгі» [2, 15 б.], – деген және «Көне түркілер тастан дөңгелек үй жасаған. Оның жоғарғы екі бүйірінен тесік қалдырған, ол ошақтан көтерілген түтіннің сыртқа шығуына ықпал еткен, қыпшақтар мен оғыздар оны «үй тас» деп атаған [1, 23 б.] – деген пікірлері ойымызды дәлелдей түседі. Тас дындардың «Әулие тас» атануы да сол. Археологиялық қазба жұмыстар кезінде мәйіттердің қасынан табылған тастан жасалған бұйымдар, гранит тастан жасалған мұралардың сынықтары оның тотемдік мағынасын көрсетеді.
Қой тасқа сиыну да тотемдік нанымның бір белгісі. Елтеріс Құтлұғ қаған кешенінде 8 қойтас мүсіні бар. Соның бірінде астындағы тұғыртасымен қоса тұтастай шауып жасаған құрбандыққа шалынған көк қошқар бейнесі мүсіндеген.
Бөрі тасқа, сынтасқа сиыну да тотемдік нанымның бір белгісі. Сынтас яғни сын сөзі – көне түркі сөзі. Ғалым Р.Сыздықова: «Сынтас дегенді екі түрлі мағынада: бірі – «адамның мүсінін, көбінесе кеудесін бейнелейтін тас», екіншісі – «моланың басына қойылатын тас» деп түсіндіреді. Бұл күндері де сынтастар моланың басына қойылып келеді.
Балбал тастарда кездесетін Ұмай-ана бейнесі – от басы мен бала-шағаны қорғаушы символ. Мұндай бейнелер Күлтегін, Көшө-Цайдам кешеніндегі тас мүсіндерде, балбал тастарда кездеседі. Күлтегін кешеніндегі тас бетіндегі суреттерде басында сәукелесі бар, төбесінен жалын атқан екі қабат Ұмай-ана бейнесі салынған. Ұмай-ана екі қолын кеуде тұсына қойып Тәңірге тағзым етіп тұрғандай. Ұмай-ана бейнесінің оң жағында үш тілді хан тәжінің суреті сызылған. Жанына хан тәжін қатар қойып сызуы хандар мен қағандардың Ұмай-ана құрсағынан шыққанын суреттейді. Демек, көне түріктер Ұмайды көктен түскен, қолында балаларды қорғауға арналған алтын садағы бар өте сұлу әрі қайырымды, жымия күлген жас әйел бейнесінде елестеткен. Баланың ата-анасы өз ұрпағы ұзақ сапарға шығарда, жаумен шайқасқа аттанғанда әуелі Ұмай ананың қамқорлығына тапсырады, қауіп-қатерден, тосын ажалдан қорғап жүруді тілейді.
«Балбал тасқа» арналған өлең шумағы да кездеседі. Балбал тастағы жазудан, көне дәуір күмбірін, көне түріктердің тарихын көруге болады:
Сағынышпен, іздеймін,
Көне дәуір күмбірін!
Ұмай –Ана, Тәңірім,
Балбал тасым – тамырым!
Қайырмасы:
Балбал тас!
Балбал тас!
Балбалдан
Қалған тас!
Басып тұрмын, қазір мен
Көне дәуір сүрлеуін!
Көне жазу оқуға,
Балбал тасты үрледім!
Қайырмасы:
Балбал тасым, тұрған бұл
Көне Түрік, Оғызым!
Көтеріп тұр, балбал тас,
Көзе толы қымызын!
Қайырмасы:
Балбал таста – шындық тұр!
Балбал тасым – мүлгіп тұр!
Көз алдынан ғасырлар
Тізбектеле, сырғып тұр! [3, 4 б.]
Сонымен, түркі халықтарының тас мүсіндерге, балбал тастарға сиынып, табыну мәнісі тотемдік нанымнан туындаған. Қазақ даласындағы тастан, күйдірілген кірпіштерден жасалған дындардың түпкі негізі осыдан шыққан.
Ертеде Түрік қаған ұрпақтарына арналған киелі орындардың ұстынын тасбақа бейнесіндегі тұғыртасқа отырғызу дәстүрі қалыптасқан. Мәселен, Бұғыты, Қарағол, Елтеріс Құтлұғ қаған, Білге қаған және Күлтегін ескерткіштері тасбақа бейнесіндегі бақатастың үстіне орналасқан. Күлтегін ұстынын орнатқан бақатастың ұзындығы – 240 см, жалпақтығы – 133 см, биіктігі – 57 см. Ескерткіштердің бақатастың үстінде орналасуында үлкен мән-мағына жатыр. Көне түріктер пайымында бақатас – мәңгіліктің символы. Тасбақаның басын ішіне қарай бүгіп, кіргізіп алуы, даналықтың символы. Біздің ойымызша, бақатас ұстынды төрт бағытта крест түрінде тегіс ұстайтын бейне. Крест – күннің белгісі. Крест әлемдік мәдениетте көп тараған. Бақатастың өзі дөңгелек шеңбер тәрізді, ол да – күннің жердегі символы. Көшпелілердің киіз үй шаңырағы да – Күннің символы. Көк күмбезіндегі Күннің кішірейтілген жердегі бейнесі – шаңырақ. Шаңырақ – киіз үйдің күмбезді төбесін құрайтын ең жоғарғы бөлшегі. Сол шаңыраққа айнала тізілістіре қадалған уықтар – күннен шашыраған нұрлы сәулені көз алдыңа елестетеді.
Тасбақаға қатысты «Төрт төңірек» тіркесінің пайда болуы ғаламдық тасбақа туралы әңгімеде суреттелген. Моңғол, бурят, евенкілерде ғаламдық тасбақаны атқан мерген жайында сюжет былайша баяндалған: «Ертеде бір тасбақа батыстан шығысқа қарай бет алыпты. Оны көрген бір батыр атып жібереді. Батырдың оғы тасбақаның денесін тесіп өтіп, тоқтайды. Тасбақа төңкеріліп түсіп, жантәсілім болады. Садақ оғының ағаш жағы тасбақаның сол жақ денесінде қалады, содан жер бетінде орман, тоғай өсіпті. Оң жақ бүйірінен садақ оғының темір жебесі қылтиып шығып тұр екен, ол темір жақ атанады. Тасбақа өлгенде көп сұйық ағады, оны терістік су жақ деп санайды, аузынан жалындап от шыққан екен, оны күншығыс ыстық жақ дейді. Тасбақа төрт алақанына топырақ уыстанған екен, содан жер пайда болыпты. «Төрт төңірек» деген ұғым содан пайда болыпты» [4, 47-48 бб.]. Сондай-ақ, тасбақа көне заманнан мәңгіліктің символы. Киелі жануар деп есептелген, оны өлтіруге тыйым салған. Көне түркілерде тасбақаны қатты құрметтеген. Қазіргі күні де тасбақаға үлкен құрметпен қарайды. Тасбақа – мәңгіліктің символы.
Балбал тастарға, сынтастарға, қойтастарға, мүсінтастарға табыну, сиыну, бабаларымыздың аруағына сиынудан тараған. Оларда аруақтардың рухы бар, қолдап, қорғап жүреді деп түсінген. Кейбір адамдар сол жерде өзінің қолы жетпей жүрген көкейтесті арманын өтеуді тілейді, баласы жоқтар бала сұрайды. Ал науқас адамдардың сынтастарды айналу сыры бойларындағы ауруларынан айығуға аруақтардан көмек сұрау, сол арқылы өздеріне мейрімдерін ояту. Басқа қиындық түскенде, жан қиналғанда: «Аруақ қолдай гөр, қолтығымнан жебей гөр!» деген фраза айтылатыны сондықтан. Ата-баба күмбезіне күн сайын кешке қарай шырақ жағып қоятын болған. Шырақты қырық күнге дейін өлген кісінің үйіне де тізілтіп жағатын. Кеш түсіп шырақ жағар алдында есіктің алдына ақ киіз төсеп, оған үй-іші тегіс жиналады, тостағанға қымыз құйып әкеліп, «аруаққа тие берсін» деп ішеді, содан кейін шырақ жағады. Оның ерте заманда болған дәстүрлерін біз Ғұн тұрмысынан, Алтайдағы Күдергі обасын жасаған түріктердің, қыпшақтардың мыңдаған белгілерінен де көреміз. Тастың тотемдік қасиетіне табынудың нәтижесінде Асылтас, Асылзат, Алтын, Күміс, Гауһар, Меруерт, Маржан, Інжу, Ақық деген сияқты асыл тастармен байланысты адам есімдері қойылған.

Әдебиеттер:

1. Жолдасбеков М., Сартқожаұлы Қ. Орхон ескерткіштерінің толық Атласы. – Астана: Күлтегін, 2005. -360 б.
2. Марғұлан Ә. Қозы Көрпеш – Баян сұлу кешені. – Алматы: Өнер, 1994. -276 б.
3. Ерсайын Қайырұлы, Ана тілі. №36, 1995. 5 б.
4. Сампилдэндэв Х. Монгол домог. – Улаанбаатар, 1984.-240 б.

Гүлдархан РЫСБАЕВА,
Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің шетел тілін оқыту
әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *