ОРЫС-ТҮРІК ТЕКЕТІРЕСІ: КІМ ҰТЫП, КІМ ҰТЫЛАДЫ?.. ОРЫС-ТҮРІК ТЕКЕТІРЕСІ: КІМ ҰТЫП, КІМ ҰТЫЛАДЫ?..
2015 жылдың 24 қарашасында Түр­кияның F-16 жойғыш ұшағын тізгіндеген әскери ұшқыштары түрік-сириялық шекарада Ресей Федерациясына тиесілі Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсірді. Түркия билігі таратқан... ОРЫС-ТҮРІК ТЕКЕТІРЕСІ: КІМ ҰТЫП, КІМ ҰТЫЛАДЫ?..

2015 жылдың 24 қарашасында Түр­кияның F-16 жойғыш ұшағын тізгіндеген әскери ұшқыштары түрік-сириялық шекарада Ресей Федерациясына тиесілі Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсірді. Түркия билігі таратқан мәлімдемеде «Ресейдің әскери ұшағы Түркияның мемлекеттік шекарасын бұзып кіріп, 17 секунд бойы Түркияның әуе кеңістігінде ұшқан, 10 рет ескерту жасалған соң барып ол ұшақты атып түсіруге тура келген-мыс». Осылайша, онсызда жарылуға себеп таппай сыздап тұған халықаралық жағдай одан сайын ушыға түсті.

Негізінде зер салып қарасақ, Ресей мен Түркияның арасындағы дау-жанжалдардың тарихи тамыры тереңнен басталады. Қазіргі Ресей Федерациясы бұрынғы патшалық Ресей империясы мен Советтік Социалистік Республикалар Одағының мұрагері болса, қазіргі Түркия Республикасы бұрынғы Осман империясының мұрагері. Ресей империясы мен Осман империясы 1568-1918 жылдар аралығында 12 рет соғысқаны тарихтан белгілі (ол соғыстарда жеті рет Ресей жеңген, екі рет Түркия жеңген, үш рет тең түскен).

2000 жылдан бері қарай Ресей мен Түркияның арасында түрлі даулар мен түсінбеушіліктер орын алып келді. Мысалы, 1987-1994 жылдары әзірбайжан-армян жанжалы орын алған Таулы Қарабах қақтығысында Ресей христиан дінін ұстанатын армяндарға қаржы-қаражат, қару-жарақ, дәрі-дәрмек, азық-түлік т.б. көмектер берсе, Түркия мұсылман әрі түркі тілдес әзірбайжан халқына көмектесті. Қарабах жанжалы әлі толық шешілген жоқ. Бұл мәселе бойынша да Ресей-Түркия арасындағы қарама-қайшылық бар. 2006 жылы  шілденің 13-ші жұлдызында Түркияның Джейхан портында Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырының ашылу салтанаты болды. Әзір­байжан бұрын мұнайын Ресей арқылы Еуропа мен АҚШ шығарып сататын, яғни, мұнай транзиті жағынан Әзірбайжан Ресейге тәуелді болды. Ал, Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырының іске қосылуы арқылы Әзірбайжан Грузия мен Түркия арқылы Ресейден тәуелсіз мұнай сатуға мүмкіндік алды. Бұл Ресейге ұнамады, се­бебі: біріншіден, мұнай транзиті үшін Әзірбайжанның тө­лейтін пұлынан айырылды, екіншіден орыс­тардың Әзірбайжанға ықпал етуі азай­ды. Бұған ызаланған Ресей өз территориясы арқылы газ транзитіне рұқсат берген Грузияға ақырындап тиісе бас­тады, оның аяғы 2008 жылғы орыс-грузин соғысына ұласты. Ал, Түркияға Ресей ашық тиісе алмады, өйткені, Түркия НАТО мүшесі, Еуро Одаққа кіруге үміткер ел. Сондықтан, бұған дейін Ресей мен Түркия арасындағы дауласу ерегесі ашық емес, астыртын, жабық түрде жүріп келді.

2015 жылы Армения билігі: «…1916 жы­лы Осман Империясы кезінде түрік­тер армяндарды қырып жойып, геноцидке ұшыратты, сондықтан Осман Им­периясының ізбасары Түркия Республикасы армяндардан кешірім сұрап, ақшалай өтемақы айыппұл төлеуі керек» деген мәлімдеме таратты. Армяндардың бұл әрекетін көптеген әлем елдері қолдаған жоқ, Осман империясы мен Түркия бір мемлекет емес, өткен тарихты қазбалау дұрыс емес деген қарсы пікірлер айтылды. Бірақ, Ресей тағы да Арменияны қолдап, «Түркия армяндарды қырып-жойғанын мойындауы керек» деді. Бұл өз кезегінде Түркияға ұнаған жоқ, Ресейге өз өкпесін білдірді. Осылайша, Ресей мен Түркияның арасындағы өкпе-наз жинақтала берді. КСРО ыдырағалы бері ТҮРКСОЙ ұйымы аясында пантүркілік идея аздап жанданды, осыған орай Татарстан, Башқұртстан, Қарашай-Шеркес, Саха, ноғай, қалмақ сияқты Ресейдің құрамындағы автономиялы аймақтар Түркияның ықпалына ұшырап кете ме деген Ресейдің қаупі тағы бар.

Ресей билігі Сирияға әскери әуе күштері арқылы қолдау көрсете бастауы әлемдік саясатты дүр сілкіндірді.  Ислам мемлекеті террористік ұйымы (Ирак Шам ислам мемлекеті – ИГИЛ немесе ISIS) Иракты толықтай, Сирияны жартылай басып алып, әлемге қауіп төндіре бастаған кезде Ресей бастапқыда ИГИЛ террористік ұйымға қарсы күреске араласқан жоқ. Тек, Сириядағы билеуші Башир Асадтың саяси режимі құлауға жақын қалған кезде Ресей өзінің әскери әуе күштерін терроризмге қарсы күреске пайдалана бастады. Себебі, Сирия – Ресейдің Таяу Шығыстағы әскери тірек нүктесі, Сирия жерінде бұрынғы СССР заманынан бері Ресейге тән әскери база бар. Ол – № 720-шы Ресей Әскери теңіз флотының ма­териалдық-техникалық қамтамасыз ету пункті, Сирияның Тартус қаласында орналасқан (қысқаша «720 ПМТО» деп аталады, 720-й пункт материально-тех­нического обеспечения ВМФ России). Жерорта теңізінде, Таяу Шығыста әскери жо­рықтар жасау үшін жасақталған әскери база. Екінші әскери база – Сирияның Латакия қаласында, «Хмеймим» атты аэродромда Ресейдің Әскери әуе күштері орналасқан, оны ресейлік теңіз жаяу әскері күзетіп қорғайды. Егер Башир Асад биліктен айырылса, Ресей Сириядағы әскери базасынан айырылады, одан айырылса Ресейдің Таяу Шығысқа, Парсы Шығанағы мен Араб әлеміне ықпалы азаяды. Сол үшін Ресей Башир Асадты қолдап отырған себебінің негізгісі осы. Жалпы, Сирияда адам түсінуі қиын азаматтық соғыс жүруде, оған бірнеше тараптар қатысуда:

бірінші тарап – Башир Асадты қол­дайтындар, оған сириялық армия, ливандық «Хезболлах» террористік тобы, шиит мұсылмандар, алавиттер (Башир Асадтің өзі де алавит ( العلويون‎‎ — al-‘Alawiyūn) шиит мұсылман), шетелдік жалдамалы сарбаздар; екінші тарап – Башир Асадтқа қарсы күресуші оппозициялық күштер – Ан-Нусра майданы  (Джабха́т ан-Ну́сра немесе ли-А́хли аш-Шам (арабша  جبهة النصرة لأهل الشام‎‎ – «аш-Шам халқына көмек майданы», «Сириядағы Аль-Каида», Ислам майданы; үшінші тарап – сириялық күрдтер, олар Күрд автономиясын жариялап, өз тәуелсіздігін алу үшін соғысуда. Оларға Сириялық түркімендер жақтасады, одақтас; төртінші тарап – ИГИЛ/ДАИШ немесе ISIS, яғни, «Ирак Шам Ислам мемлекеті» халықаралық террористік ұйымы; бесінші тарап – Сирия ұлттық кеңесі және оның әскери оң қанаты Сирияның еркін армиясы Башир Асадқа қарсы соғысады; алтыншы тарап – өз мүдделерін көздеп жүрген түрлі жалдамалылар, олар кім көп ақша төлесе соларға жақтасып соғыса береді т.б. жетінші тарап – Башир Асад билігін қолдап әскери авиациясы арқылы жанжалға қатысушы Ресей. Ресей ИГИЛ-ге де қарсы, Башир Асадты құлатуға тырысып жатқан оппозицияға да қарсы күреседі; сегінші тарап – көршілес жатқан Иран мемлекеті Сирияның ресми билігіне қолдау көрсетуде; тоғызыншы тарап – ИГИЛ-ге қарсы со­ғысып жатқан Ирактың ресми билігі мен армиясы; оныншы тарап – Башир Асадқа да қарсы, ИГИЛ-ге де қарсы НАТО күштері, НАТО Башир Асадқа қарсы оппозицияны қолдайды.

Осылайша, Сирия соғысы үлкен саяси ойынға айналып кетті. Башир Асад билігіне қарсы күштерді Сауд Аравиясы, Катар, Бахрейн, Иордания, Түркия, Ұлыбритания, АҚШ сияқты көптеген елдер қолдайды. Ал, Башир Асад үкіметін Иран, Ресей, Корей Халық Демократиялық Республикасы, Венесуэла қолдайды. Сонымен қатар, Сириядағы Башир Асад режимін күш қолданып құлатуға БРИКС ұйымы – Бразилия, Ресей, Индия, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы да қарсылық білдірді. Сириядағы  жағдайдың ушығып кетуі, Башир Асадқа қарсы соғысушы күштердің көбейіп кетуі және уақыт өткен сайын күшеюі Ресейді қатты алаңдатты. Сөйтіп, негізінде Башир Асад режиміне көмектесу мақсатында әскери-әуе күштерін Сирияға ендірген Ресейдің әлемге айтқан себептері:

1) «ИГИЛ халықаралық террористік ұйымына қарсы күресу»;
2) «ИГИЛ құрамында Ресейдің және бұрынғы советтік одақтың құрамында болған басқа да елдердің азаматтары көп, олар  кейін отандарына оралып, террористік әрекет жасауы мүмкін, сондықтан, ондай қауіп-қатердің алдын алып, Сирия жерінде ИГИЛ-ді жою керек» деп, Ресей өзінің аспаннан бомба тастаушы авиациясын Сирияға кіргізді. Алайда, АҚШ Орталық барлау басқармасы, Сирия оппозициялық күштері және НАТО барлаушылары таратқан мәліметтерге сүйенсек, Ресей негізінен Башир Асадқа қарсы күресіп жатқан күштерді бомбалауда, ИГИЛ-ге бомба аз тасталуда екен. Ресейдің ресми мәлімдемесі бойынша, «Ресейдің бомбалау­шы самолеттері негізінен ИГИЛ басып алған аймақтардағы мұнай кен орындарын, мұнай өңдеу зауыттарын, мұнай құ­бырларын  жарып жоюға бағытталған». Себебі, ИГИЛ-ді жеңу үшін алдымен олар­­дың экономикалық негіздерін, қаржы-қа­ражат тауып отырған шаруашылықтарын жою қажет. Ал, мұнайды сату арқылы ИГИЛ 1,5-3 миллион АҚШ доллары ара­лығында пайда тауып отыр екен (жылына 2 миллиард АҚШ долларынан астам). Ресейдің таратқан мәлімдемесінде «ИГИЛ сатқан арзан мұнайды негізінен Түркия сатып алып, пайда табуда. Түркияның мұнай өңдеу зауыттарын президент Реджеп Тайып Ердоғанның ұлы (баласы) бақылап отыр» деп көрсетілді. Түркия Пре­зиденті Реджеп Тайып Ердоған болса: «Егер де, Ресей осы айтқанын дәлелдесе мен президент лауазымынан бас тартып, отставкаға кетемін» деп мәлімдеме жасады. Осылайша, ИГИЛ мұнайына қатысты тағы да Ресей мен Түркияның арасында дау туындады. Осындай, қым-қуыт кезеңде, 2015 жылы 24 қарашада Сирия мен Түркияның шекарасына жақын маңда бомбалау тапсырмасын орындап жүрген Ресейдің Су-24 әскери бомбалаушы ұшағын Түркияның F-16 әскери шабуылдаушы-жойғыш ұшағы атып құлатты. Ресей мен Түркияның арасында тағы бір жаңа дау-жанжал туындады. Ресей билігі Түркияны «террористердің қолдаушысы, арқадан пышақ салатын сатқын ел» деп айыптады. Орыстардың айтуынша «…түріктер өз территориясы арқылы ИГИЛ қатарына қосылуға ниетті шетел азаматтарын Сирияға еркін өткізуде, террористерге қажет қару-жарақ пен қаржы-қаражат та осы ел арқылы өтуде». Түркия жері арқылы Ирак пен Сирияның босқындары Европаға өтіп, Еуроодақта тұрақсыздық туындатуда деген мәлімдемелер де жасалды. Ал, Түркия билігі болса: «Ресей ұшқыштары біріншіден Түркияның мемлекеттік шекарасын бұзды, екіншіден, Ресей террористерді бомбылап жатқан жоқ, Башир Асадқа қарсы оппозициялық күштерді бомбылау­да. Сирия мен Түркияның шекарасына жақын аймақта ИГИЛ террористері жоқ, ол жерде негізінен Башир Асадқа қарсы сириялық түркімендер қоныстанады. Ресей самолеттері сириялық түркімендерді бомбылау тапсырмасын орындап жүріп, Түркияның шекарасын бұзды, Түркия өзінің шекарасын әрқашан қорғайды» деп мәлімдеді.

Одан әрі қарай Түркия мен Ресейдің арасындағы жағдай қатты шиеленісіп, қиындап кетті. Ресей билігі Түркиядан ке­шірім сұрауды, адам мен техника шығын­дарын өтеп, өтемақы төлеуді қатаң талап етті. Олай болмаған жағдайда Ресей президенті В.Путин Түркияға қарсы экономикалық санкциялар, түрлі шектеулер мен тыйым салуларды қолданатынын кесіп айтты. Ал, Ресей мен Түркияның арасындағы өзара сауда көлемі жыл сайын 35 миллиард АҚШ долларын құрайды. Бұл өзара сауданы шектеулер мен санкциялар арқылы бұзып құлдырату тек қана Түркия мен Ресейге ғана емес, олармен көршілес елдердің бәріне қолайсыз болары сөзсіз. Соған қарамастан, Ресей сөзден іске кірісіп, Түркияның ауыл шаруашылық заттарын Ресейде сатуға тыйым салды, шекарадағы санитарлық-эпидемиялық жә­не ветеринарлық бақылауды күшейтті, Ре­сейден Түркияға қыдыруға, демалуға баратын турист азаматтар мен туристік компанияларға түркиялық курорттарға жолдамалар сатуға тыйым салды. Ресей мен Түркия арасында авиарейстер тоқтады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресей мен Түркия арасындағы визасыз қарым-қатынас тоқтатылды. Жаңа жылдан бастап түркиялық компаниялар, жұмысшылар Ресейде жұмыс істей алмайтын болды. Ресей билігі ашуланып, Түркияға қарсы экономикалық соғысты бастап кетті. Қыстың суығында Ресей Түркияға газын мүлдем сатпай қойса, жағдай одан сайын қиындап кетпек. Жақында ғана Анкарада болған кездесуде қол жеткізген келісім-шарттар орындалмай қалу қаупі артты. Мұның барлығы Түркия билігін қатты ойландырды. Түркия бастапқыда Ресейдің санкцияларына қарсы жауап беруді ойластырды: Қара теңізі мен Жерорта теңіздерін қосатын Босфор бұғазы арқылы Ресей кемелерін өткізбеу, Ресей газы мен мұнайын сатып алмау, Ресей тауарларын Түркияға кіргізбеу т.б. Бірақ, бұлардың зардабы Түркия үшін өте ауыр болатыны анық байқалды. Басқасын айтпағанның өзінде, Түркияның ауыл шаруашылық тауарларын Ресей өзінің шекарасынан өткізбей қойған былтырғы желтоқсанның бір аптасы ішінде Түркия 150 миллион АҚШ долларынан астам зиян шегіп, түрік саудагерлері мен фермерлері орасан зор шығынға батты. Сол үшін, қасарысқаннан ештеме ұтпасын түсінген Түркия қалайда орын алған қиыншылықтан шығудың жолдарын іздестіре бастады. Ең алдымен Түркия НАТО-дағы одақтастарына арқа сүйеп, ақылдасты. Бірақ, олардан нақты көмек бола қоймады, себебі, НАТО мен Ресейдің қарым-қатынасы бұрыннан жаман болатын. Ресеймен Еуро Одақтың да арасы жақсы емес. Қытайдан да Түркия көмек сұрай алмайды, себебі, Қытайдағы ұйғыр сеператист террористерге түріктер қолдау жасап отыр. Әзірбайжандар да Түркия мен Ресейдің арасын жақындатуға ықпал ете алмайды. Әзірбайжандар орыс­тармен арасы жақсы емес және Әзірбайжан Түркияға көмектесуге дайын екенін білдіріп, Ресейдің орнына газды қажетті деңгейде  жеткізіп беретінін мәлімдеді.

Ал, орыс-түрік қарым-қатынасын жақ­сартуға ықпал ететін, ара ағайындық жасаушы ел болуға Қазақстанның нақты мүмкіндігі бар. Қазақстан Ресеймен одақтас, достық қатынастары мықты. Назарбаев пен Путиннің сыйластығы да жақсы. Мұны Түркия жақсы біледі. Қазақстан мен Түркияның да арасы жақсы, байланыстары мықты. Екеуі де түркі тілдес, діні мұсылман, арақатынасы тату туысқан ел. Сондықтан Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның бастама жасап, Қазақстан Президенті Н. Назарбаевқа телефон ұрып, екі президент 2015 жылы 30 қарашада телефон арқылы сөйлесті. Қазақстан басшысы Н. Назарбаев білікті, көпті көріп, көңіліне көп түйген саясаткер ретінде өзінің ақыл-кеңестерін берді. Түрік-орыс қатынастары ұзақ уақыт бойы, оңайлықпен қалыптаспағанын ескертті. Достықты бұзудың арты қиын болатынын айтып, Ресей мен Түркияның арасындағы татулықтың бұзылғанына өзінің қынжылысын білдірді. Н. Назарбаев Түркия-Ресей екі жақты арнайы комиссиясын құрып, болған жағдайды тергеп, тексеріп, кінәлі адамдарды жазалауды, екі ел өзара кешірім жасап, достықты қалпына келтіруі керек деген ойын айтты. Ал, Режеп Тайып Ердоған Н.Назарбаевтың ойымен келіскендей болып, Ресей басшысы В. Путинмен кездесуге дайын екенін айтты. Алайда, Ресей тарапы бұл мәлімдемені ескерусіз қалдырып, өзінің жоспарлаған саясатын жалғастыруда.

2015 жылы 3 желтоқсанда Белград (Сербия) қаласында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу 40 минутқа созылған жабық кездесу өткізді. Кездесу Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлерінің кеңесі аясында өтті. Бірақ, кездесуден кейін екі министр де жақсы нәтижелерге қол жеткізе алмағандарын мә­лімдеді. Бұдан қандай қорытынды жасауға болады? Қазақстанның орыс-түрік қатынастарына ара ағайындық етуге жақсы мүмкіндігі болғанымен, Н. Назарбаевтың Түркия мен Ресей арасындағы достықты қалпына келтіру туралы ұсыныстарына Ресей басшысы В. Путин құлақ аса қоймайтыны анық болды. Путин бастаған Ресей билігі орын алған ыңғайсыз жағдайды өз пайдаларына шешу үшін барлық амалдарды жасауда. Осы дау-жанжалды пайдаланып, Ресей армиясын күшейтіп, Каспий теңізі, Қара теңіз, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс, Араб әлемі аймақтарындағы өзінің ықпалын барынша нығайтуға тырысып жатыр. Тез арада әскери теңіз флотын күшейтуде. Тіптен, орта мөлшерлі кемелерге стратегиялық атом қаруларын орналастыруды ойға алуда.

Қазақстан үшін Ресей мен Түркияның араздасып, жанжалдасқаны өте тиімсіз. Өйткені, ол Ресеймен одақтас, Еура­зия­лық эко­номикалық   одақ,  Шанхай ын­тымақ­тастық ұйымы, Ұжымдық қауіп­сіздік келісімшарты ұйымы т.б. бірге мүше, ең жақын көршісі, басты стратегиялық серіктесі. Ал, Түркия болса Қазақстанмен бауырлас ел, түркі тілдес, мұсылман халық. Қазақ-түрік қатынастары мықты дамыған. Ресей-Түркия қатынасы бұзылса, Қазақстан екі оттың ортасында қалады. Ешқайсына анық басымдық бере алмайды, екеуін де ренжіткісі, екеуімен де қарым-қатынасын бұзғысы келмейді, бұл өте қиын жағдай. Сол үшін Н. Назарбаев Түркия мен Ресейді татуластыру үшін барынша тырысатыны сөзсіз. Тіптен, Астана қаласында, бейтарап аймақта Ресей -Түркия арасындағы бейбіт келіссөзін ұйымдастыруға дайын. Қазір Түркия Н. Назарбаевтың достықты қалпына келтіру туралы ұсыныстарын қабылдағанымен, Ресей болса, мұндай ұсынысты елемей отыр. Егер, Ресей билігі Қазақстанның ұсы­ныстарын тыңдамаса, мақұлдамаса онда Ресей-Түркия бейбіт келіссөздерін жүргізу дағдарысқа ұшырайды. Қазақстанның татуластырушы әрекетінен ешқандай нәтиже шықпайды. Сол үшін Қазақстан алдымен Ресейді достыққа көндіруі керек. Бірақ, Ресей алған бетінен қайтпайтыны анық, Ресей қазір АҚШ-ты да, Еуро Одақты да мойындамайды, олардың экономикалық санкцияларына қарсы жауап беріп жатқан күшті елге айналып отыр. Түркия кешірім сұрап, өтемақы төлемесе, Ресей алған бетінен қайтпайтыны анық, АҚШ-қа бой бермей отырған Ресей билігі Түркиядан қаймығады деп айта алмаймыз.  Сондықтан, Қазақстан бұл жерде Ресей-Түркия қатынасын реттеуге атсалысуы қиын мәселе. Қазақстанның татуластырушы рөлі жүзеге асуы үшін кем дегенде екі мәселе шешілуі тиіс:

1) Түркия Ресейден кешірім сұраса. Айыппұл өтемақысын төлесе. Ал, Түркия Ресейден кешірім сұрамайды, Ресей әскери ұшқыштары мемлекеттік шекараны бұзды, шекараны қорғау үшін болған әрекет деген ұстанымынан танбайды.
2) Ресей ашуын басып, кішірейіп, достыққа қарай бет бұруы тиіс, Қазақстан ұсыныстарын қабылдауы керек. Ал, Ресей өйтіп кішірейе қоятын ел емес, орыстар ешқашан жеңілмейді, кешіруді жеңілу деп есептейді.

Бұл жерде Түркия мен Ресей басшы­ларының беделі мен абыройы таласқа түсіп тұр, кім шегінсе, сол елдің президенті өзінің халқы алдында абыройдан айырылады, ал халықаралық дәрежеде беделі түсіп қалады. Сол үшін екі президент те оңайлықпен алған беттерінен қайтпайды. Сондықтан, бұл екі елді татуластыруға Қазақстан әрқашан ты­рысады, орыс-түрік қатынастарының дұрыс дос болғанына қазақ елі мүдделі. Бірақ, айтылған белгілі себептерге байланыс­ты Қазақстан қанша тырысса да ол әзірге нәтижесіз болмақ. Нәтижелі болуы үшін жоғарыдағы айтылған мәселелер мен даулы проблемалар шешілуі керек. Осы жерде орыс-түрік жанжалында қазақтар қай тарапты қолдайды деген де сауал туындауы орынды. Сұрақ қиын, оған нақты жауап табу оңай емес. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі» дегеннің кері келіп тұр. Түркия – түбі бір түркі тілдес, бауырлас ел болса, Ресей – стратегиялық достық құрып, одақтасып отырған құдай қосқан көршіміз. Қазақстан билігінің алдында асқан дипломатиялық шеберлікпен, өзара тиім­ді қарым-қатынастарға сызат түсірмей тығырықтан жол табудың ауыр міндеті тұр. Дегенмен, бір ақиқат бар: кез келген елдің саясатын айқындаушы – ұлттық мүдделер. Ұлттық мүдделерді қорғап жүзеге асыру мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрбір тәуелсіз мемле­кеттің басты мақсаты. Франсуа-Мари Аруэ Вольтер кезінде «Мемлекеттік мүдде – корольдардың егеменді даналығы» деген екен. Орыс-түрік жанжалының астарында да ұлттық мүдделердің қақтығысы жатыр.

Ұлттық мүдделер – мемлекеттің қор­ғалуын, жеке тұлға, қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қажетті ішкі және сыртқы мұқтаждықтардың жиын­тығынан тұрады. Өз кезегінде ұлттық мүд­делер ішкі және сыртқы болып екіге жіктеле отырып, бір-бірімен тығыз бай­ланысты үш құрамдас бөліктерден құра­лады:
1. Іргелі, яки, түпкілікті мүдделер кез келген елге тән, ол ел халқының тіршілік етуінің шарты. Ішкі іргелі мүдделер тұрақтылық, қоғамдық келісім мен дамуды қамтиды. Ал, сыртқы мүдделер аумақтық тұтастық, тәуелсіздік пен егемендік, конституциялық құрылысты сақтау, саяси-экономикалық даму басым­дықтарынан тұрады. Іргелі мүдделер мемлекеттің өмірлік маңызы бар мүдде­лері деген сөз.
2. Ұлттық құндылықтар – елдің өрке­ниеттік бірегейлігін айқындаушы ұлт­тық идеология мен мәдени дербестік.
3. Ағымдағы мүдделер – елдің алдыға қарай даму бағытын жүзеге асыру барысында атқарылатын күнделікті шаруаларды қамтиды.

Ал, Қазақстанның ұлттық мүдделері қалай қорғалмақ? Біз тәуелсіз ел ретінде осыны үнемі есімізден шығармауымыз керек. Ежелгі гректер саясатты екі жүзді (екі бет-жүзі бар) Янус Құдаймен теңес­тіруі тегін емес, саясаттың басты қасиеттерінің бірі – екіжүзділік, яғни, жария және астыртын саясаттың болуы. Қай заманда болмасын, кез келген мемлекеттің саясаты ресми және құпия бағыттарда жүргізілген, қазір де солай және бұл үрдіс келешекте де өзгермейді. Сондықтан, әрқашан да абай болғанымыз жөн. Түркия бізді бауырлас ел екен деп жарылқайын деп отырған жоқ, Ресей де одақтасымыз болғанымен, өзіне қарай бұра тартып, қолынан келсе қонышынан басқанды жақсы көреді. Қай-қайсы да өзінің есесін жібергісі келмейді, алдымен бас пайдасын ойлайды.  Зер салып қарасақ, қазіргі әлемдегі құндылықтар жүйесі қатты өзгерген, ұлттық, діни, тілдік, мәдени, өркениеттік тұрғыда ұйысу, одақтасу үдерісі дағдарысқа ұшырап отыр. Кейбір ұлттар екіге бө­лініп, өзара жауласуда (Оңтүстік және Солтүстік Кореялар, Оңтүстік және Солтүстік Судан), бір діннің өкілдері бір-бірімен қастасып, өшіге соғысуда (исламда сүнниттер мен шиіттер, христианшылдар католиктер мен протестанттар, терроризм мен экстремизмге ұрынған түрлі діни ағымдар), бір тілдік топтың өкілдері бір-бірімен жанжалдасуда (славян тілдес Ресей мен Украинаның жанжалы) көптеген мемлекеттердің халқы тайпа-тайпа, аймақ-аймақ болып немесе ұлттық және діни белгілерге бө­лініп жанжалдасуда (түрік-күрд жанжалы да осы қатарда). Саясатта шынайы бауырластық жоқ, оның есесіне «бауырлас», «одақтас», «діндес», «тілдес» деген тамаша бетперде боларлық «саяси маскалар» бар. Осының бәрін көріп-біле тұра, «ана елмен тіліміз ұқсас», «мына елмен дініміз ұқсас», енді келесі біреуімен «тарихымыз бір», «анау да, мынау да бізге бауыр, дос, аға» деп жалпақтай беруге болмайды. Ең алдымен біз өзіміздің ұлттық мүдделерімізді айқындап алсақ, басқалардың пиғылы да айқын көріне бастайды. Өз заманында сұңғыла саясаткер ретінде танылған Уинстон  Черчилльдің «Британияның досы да, жауы да жоқ, тек, мәңгілік ұлттық мүдделері ғана бар» деген тұжырымы дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.

Сейілбек Мұсатаев, 
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы

«Ақиқат» журналы

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *