Айдын Айымбетовке І.Жансүгіров атындағы ЖМУ «Құрметті профессоры» атағы берілді (ФОТО) Айдын Айымбетовке І.Жансүгіров атындағы ЖМУ «Құрметті профессоры» атағы берілді (ФОТО)
Ғарышкер, «Халық қаһарманы» Айдын Айымбетов туған қаласы Талдықорғанға ат басын тіреді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. Сапар аясында Айдын Айымбетов Жетісу мемлекеттік университетінің студенттерімен жүздесіп,... Айдын Айымбетовке І.Жансүгіров атындағы ЖМУ «Құрметті профессоры» атағы берілді (ФОТО)

Ғарышкер, «Халық қаһарманы» Айдын Айымбетов туған қаласы Талдықорғанға ат басын тіреді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Сапар аясында Айдын Айымбетов Жетісу мемлекеттік университетінің студенттерімен жүздесіп, М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейі мен Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби музей үйінде болды.

Өңірдегі жалғыз мемлекеттік оқу орнының студенттері екі сағат бойы қазақ ғарышкерімен емін-еркін әңгімелесіп, көкейіндегі сұрақтарын қойды, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.

«Көздеген мақсатыңа жету үшін, ең бастысы, сабақты жақсы оқып, әрдайым ізденіп, аянбай тер төгу қажет. Табысқа жетудің кілті де осында», — деді Айдын Айымбетов.

Кейін салтанатты түрде қонаққа «І.Жансүгіров атындағы ЖМУ құрметті профессоры» жоғары атағы табыс етілді.

«Мұндай дәрежеге ие болып отырғаныма өте қуаныштымын. Кез келген табыстың кепілі – бұл терең білім. Елбасымыз айтқандай, білім – мақсатқа жету жолындағы алғашқы қадам», — деді Айдын Айымбетов.

«Айдын Айымбетов – қазіргі заманның жарқын тұлғасы. Өскелең ұрпақ қазақтың батыр ұлынан үлгі-өнеге алуы тиіс», — деп атап өтті университет ректоры А.Бектұрғанов.

Ғарышкер ағаларымен кездесуді тағатсыздана күткен жетісулық жастар Айымбетовтің әңгімесін ұйып тыңдап, берген ақыл-кеңестеріне құлақ салды.

Дереккөз:BNEWS.KZ

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *